«Жас қанат» жеңімпаздары

0 93

Астананың 15 жылдық мерейтойы қарсаңында өзара сынға түскен  «Жас қанат» байқауының 15 үміткері Бейбітшілік және келісім сарайын әуелеген әсем әнге бөледі. Соңғы сынға дейін көрермен көзайымына айналған жас өнерпаздардың жөні тіптен бөлек!

«Жасқанаттықтар» алдымен Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаевамен кездескен еді.

«Бүгінде 22-ші мәрте жастардың бақ сынауына мүмкіндік берген «Жас қанат» байқауы – еліміздің бір брендіне айналған жоба. Оған қатысудың өзі жеңіл-желпі шаруа емес. Байқау көптеген шарттар мен қиындықтардан тұратындықтан, сол үлкен сынақтан сүрінбей өтулеріңізге тілектеспін» деген Аида Ғалымқызы оларға арнайы сыйлықтар табыстады. Ал, үміткерлер әкім орынбасарына жылы шырай танытқаны үшін алғыс білдіріп, музыкалық тарту ретінде Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін шырқап берді.

…Байқаудың алғашқы кезеңінде кенеттен төтенше жағдай орын алып, концертті тамашалап отырған адамдар мен қатысушыларды қауіп­сіз жерге шығаруға тура келді. Үміт­­керлердің бірі өз өнерін көрсе­тіп жатқан сәтте залдағы жарық бір­неше рет өшіп-жанып, одан кейін түтін шыға бастаған-ды. Абырой болғанда, көп ұзамай жарық қай­та қалпына келтіріліп, жағдай тұрақ­талды. Сол кезде сахнаға шыға алмай қалған кейбір өнерпаздар келесі күні концерттің шымылдығын ашуға мүмкіндік алды.

Бас жүлде үшін сайысуға ірікте­ліп алынған 7 үміткердің іші­нен «жүз­ден – жүйрік, мыңнан – тұл­пар» өнер­­паз­дарды таңдаудың оңай соқ­­па­ғаны анық. Бәрі – бірі­нен бірі өт­кен мық­ты. Дауыс ырғақ­тары тамаша. Сахнада өздерін ұстау мәнерле­рін­де де мін жоқ. Бірақ, сайыстың аты – сайыс! Жанкүйерлердің шыдамын сарқып, қазылар алқасын да қинаған соңғы сын аяқталды.

«Қатысушылардың барлығы – әр түрлі жанрдағы жас әншілер. Көбісі жоғары деңгейде өнер көрсетті. Соған қарамастан, біз әділ баға беруге тырыстық…» дейді қазылар алқасының төрайымы Нұржамал Үсенбаева.

Сонымен, уайым, қорқыныш, қобал­жудың барлығы артта қалып, бар­лық сыннан сүрінбей өткен үш «қа­нат­тың» иегерлері анықтал­ды. Атап айтқанда, «Алтын қанатты» ақ­таулық Аида Байгелова, «Кү­міс қа­натты» семейлік Келбет Отынбаева, «Қола қанатты» пет­ро­павлдық Мұхит Ахметов ие­лен­ді. Үш же­ңім­паз­дың да қуаныштарын­да шек жоқ. Алға қойған мақсаттарына жетіп, армандарының орындалғанына разы.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − eight =