Жас отбасылардың жайын айтсақ…

0 105

Шүкір, қазір Қазақстан халқының саны 16 миллион­ 836,7 мың адамды құрады. Оның 9 миллион­ 215,6 мыңы – қалада, қалған 7 миллион 621,1 мыңы ауылда­ тұрады. Жастар жағы да 4,7 миллионға жеткен­ (соңғы онжылдықта 19-29 жасқа дейінгілердің қарасы әжептәуір көбейіпті). Олар барлық халықтың – 30, еңбекке жарамдыларының 60 пайызын құрап отыр. Мамандар «жастардың саны 2015 жылы 4,52 миллион адамға дейін жетеді» деген пайым жасап та үлгеріпті. Ол жағын Құдай біледі. Ал, соңғы бір жыл ішінде дүниеге 257,8 мың бала келгенін ескерсек, алдын ала жасалған түзу ниетті тізімнен үміттенудің де сөкеттігі жоқ шығар. Статистика агенттігі есебінен жаңылмаса, ендігі екі жылда санаққа енген қатарымыздың осы бір жобаға соғар-соқпасын байқап көрерміз. 

…Ажырасушылардың санын арттырып…

Өкінішке қарай, «көбейдік» дегенді көкезулену ретінде қабылдайтындар аз емес. Саналарында онша-мұнша сапа қалып­тас­ты­ра қоймаған сандар ғана тұр. Себебі, бүгінде еліміздегі некесін қидырғандардан қалыспай, ажырасушылар көрсеткіші де 8,8 пайызға арта түскен. Әрбір үшінші жұптың араларына сына қағылып, онысы отбасын құра салысымен ажырасатындар санының артуына әкеп тіреді.

Мысалы, америкалықтар 1999-2011 жыл­­дар аралығында шетелдерден 233 мың­ 934 бала асырап алса, оның 6 мың 421-і – қазақс­тан­дық жаутаңкөздер! Көбі ұл-қыз­да­ры­мыз­дың ұятсыздығы салдары­нан тірі жетімекке айналған. Сөйтіп, жетімін жерінен жырақтату жағынан әлем бойынша 7-ші орында тұр екенбіз. 2012-2013 жылдарды қамтыған ресми дерек жарияланбағанның өзінде!

…Жұмыссыздықтан жүнжіген…

«Екі қолға бір күрек таппай» сандалып жүрген жастардың көбеюі де ажырасуға айқын бір себеп бола алады. Оған Парламент мәжілісінің «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы әлеуметтік кеңес отырысында көзіміз жетті. Жиын барысында ЖОО-ны бітірген түлектерді жұмысқа орналастыру­ мәселесі кеңінен қарастырылған еді. Сонда байқағанымыз, 2011-2012 жылдары жоғары оқу орындарын бітірген 160 мың 934 түлектің тек 40 пайызы ғана жұмыс тауып­ты.­ Демек, жыл сайын жыпырлаған жұрт білім алғанымен, оқу бітірген түлектердің өз саласы тұрмақ, өзге жұмысқа орналасуы да оңай соғып тұрған жоқ.

«Жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халық санының 5,2 пайызын құрайды» дейді Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов. Оның қолын­да­ғы «көзірге» қарасақ, бүгінде жұмыс­пен­ қамту органдарында 61,5 мың адам тіркеуде тұр. «Сайда саны, құмда ізі жоқ» бөлігін былай қоя тұрғанда, тіркелгендердің дені жастар екенін мойындамасқа амалы қайсы?!. Ондай адамдардың ішінде шаңырағын шай­қалт­пауға лайықтылары сирек. Ұлдар ұстам­сыз­дық танытып, қыздар қағынан жеріп жүре беретін болған.

…Қыз-жігіттерге кеңес беріледі

Міне, осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Әділет министрлігінің қолдауымен Отбасылық тәрбиелеу инсти­ту­ты Көкшетау, Қарағанды, Шымкент және Екібастұз қалаларынан жастарға кеңес беретін отбасы мектептерін ашқан болатын. Көп ұзамай, елордамыздың өзінде де­ «Біргеміз» Жас жұбайлар мектебі» атты кезекті бір ұйым жұмысын бастап кетті. Ашылу салтанаты жергілікті Әділет басқар­ма­сы­ның АХАТ бөлімінде өткізілген ол жоба­ның іске асуы жас жұбайлар тарапынан бірден қолдау тапты. Ең алдымен отбасы мәде­ние­­тінің берік діңгегін қалыптастыруға тырысқан мұндай мектептер ендігі ретте еліміз­дің барлық өңірінен ашылмақ.

«Еліміздегі жас отбасылардың ажырасуы болмасын деген ниетпен әр ауданнан осындай төрт мектеп ашқымыз келеді. Қалалық АХАЖ бізге жас жұбайлардың тізімін беріп,­ тиісінше көмектесіп тұрады», – дейді «Бір­ге­міз» жас жұбайлар мектебінің директоры Айнұр Өмірова. Иә, қазіргі некеге тұрушы жас жігіттер мен қыздарды отбасын құрмас бұрын тұрмыстық тәртіпке әбден тәрбиелеп алған дұрыс. Тәрбиесі жақсы болса да, тәжіри­бе­сі болымсыз жас жұбайларға да отба­сы­лық өмірдің қыр-сырын таныстырып­ отырған маңызды. Еліміздегі қауіпті әлеуметтік-демо­гра­фиялық үдерістер – азаматтық неке санының өсуі, ажырасушылар қаптап, соның салдарынан толық емес отбасыларында тәрбиеленетін балалардың көбеюі десек, ол мәселелерді тиімді шешудің бір жолы – жастардың психологиялық мәдениеті деңгейін арттырып, тұрақты отбасылардың мәртебесін нығайту және функционалдық сауатын ашу бойынша жүйелі іс-шараларды ұйым­дастыру болса керек. Бұл тұрғыда Отбасылық тәрбиелеу институтының директоры Любовь Набитовскаяның да айтары бар. Ол: «Біз өз жаттығуымыз арқылы некеге тұруға ниет білдіргендерді отбасылық өмірдің ыстығы мен суығына тәрбиелейміз. Әйелі мен отағасының бірін-бірі түсіне білуі, қандай жағдайда да кешірімді болуы керек. Сонда ғана ортақ пікір қалыптасып, отбасының ажырамауына сеп болады» деген пікірде.

P.S. Сонымен, қазіргі жас отба­сы­­лардың жайын айтсақ, ажы­ра­су­шы­лардың санын арт­тырып, жұ­мыс­сыз­дықтан жүн­­жіген қыз­-жігіт­терімізге керекті кеңес бері­ле­­тін­­діктен, олар уақыт­ша­ қиындыққа мойымаулары шарт деп білеміз.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − eighteen =