«ЖАС ОТАН» — ЖАҢА БЕЛЕСТЕ

0 110

Кеше Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы «Жас Отан» жастар қанатының екінші съезі өтті. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.

«Арман! Еңбек! Сенім!» деген ұранмен өткен айтулы форум – тек «Жас Отан» мүшелері үшін ғана емес, күллі қазақстандық жастар үшін маңызды оқиға. Өйткені, съезд елі­міз­дің жастар саясатын дамытуға жа­ңа серпін беретініне өрендер кәміл сеніп отыр.

Алқалы жиынды ашқан Елбасы, «Нұр Отан» ХДП-ның төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жастардың ел саясатын өркендетуге қосып жатқан үлесі жөнінде айта келе, оларға мемлекет айрықша қамқорлық көрсетіп, қандай істе де қолдау білдіріп отыр­ға­нын атап өтті. Елімізде қолға алын­­ған «Болашақ», «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға», «Жастар­дың­ кадрлық резерві» сынды бағдарлама­лар – соның куәсі.

– Соңғы жеті жыл ішінде жас­тар­ сая­­сатындағы жобаларды қаржылан­ды­­­ру 10 есеге өсті. Тек биылдың өзін­­­де жас мамандардың баспаналы бо­лу­ы­­на жә­не олар­ды қолдауға 12 мил­­­лиард теңге жұмсалды. 2020 жыл­­­­ға дейін жас отбасыларға арнап, 1 млн 200 мың шаршы метр тұрғын үй­ салуды тапсырдым. Бұл – құрғақ цифр­­­лар емес. Әр көрсеткіштің ар­тын­да орасан еңбек, сендерге деген мем­­лекет­тің қолдауы, сенімі жатыр, – деді Президент.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рын­­­да елдің басына түскен күрделі ке­­зең­­ді бір шолып өткен Елбасы се­­нім­ мен­ қажырлы еңбектің арқа­сын­­да мемлекетіміз бүгінгідей іргелі елге айналғанын атап өтті.

– Тынымсыз еңбектің арқасында біз­ кім болдық? Адам басына шаққан­да­ғы жалпы ішкі өніміміз 16 есе өсіп, әр адамға шаққанда 12 мың долларға жетті, – деді ол. – Қай кезде қазақ мұны армандап еді?! Алланың берген байлығы бар. Ол бізге қажет. Бірақ, бір күні ол да таусылады. Бар күш-жі­ге­ріміз­ді индустриалдық дамуға салып жатқанымыз да сондықтан. Қазіргі күні индустриалдық кар­та­­сы­ның аясында 10 триллион теңге тұратын 600-ден астам жо­ба жүзеге асырылып жатыр. Бұл – жастар үшін 370 мың жаңа жұ­мыс орны ашылады деген сөз.

Президент жастарды­ қол­дауға ар­нал­ған тағы көп­теген игі істер қол­ға алыну қажеттігін ба­са айтты. Мысалы, елімізде 11 жастар ұйы­мы жұмыс істейді. Олармен Үкімет, әрбір министрлік, әрбір ведомство тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Сонымен бірге «Жас Отан» өкі­лі үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс кеңесінің құрамында болуы керектігін тілге тиек еткен Елбасы Үкіметке Жастар бастамасы қорын құру мәселесімен жұмыс істеуді тапсырды.

«Жас Отан» болашақ саясат­кер­лер үшін үлкен мектеп болып табылады. Сондықтан да, жасотандық депутаттарды би­лік­ органдарына, жергілікті мәслихаттарға, Парламент де­пу­­тат­­ты­ғы­на тарту маңызды бо­ла­ты­нын да Президент атап көр­­сет­ті.

Сондай-ақ, болашақта Астанада заманауи Жастар сарайы бой көтеруі мүмкін. Мұны да Елбасының өзі ұсынды.

Елдің ең басты құндылығы Тәуел­сіздік екендігіне айрықша на­зар аударған Мемлекет басшысы жастарды азат елдің қадірін тү­сін­у­ге, бірлік пен тұтастықты сақ­тауға, білім мен ғылым үйрену­ге бар күш-жігерлерін салуға ша­қыр­ды.

Осы съезде «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы болып сайлан­ған­ Нұрлан Сыдықов көп­ші­лік­ке «Жас  Отан» жас­тар қанатының 2020­ жыл­­ға дейінгі «Жастар – Отан­ға» стратегия­сының мақсат-мін­­­де­ті­мен таныс­тыр­ды.

– Біз ашық аспан астында қанат керген қырандай еркіндік­те өсіп жатқан жас ұрпақ Қазақ­стан­ның қазіргі гүлденуін, әлем алдындағы абыройлы болуын бар­лығын сізбен байланыстыра­мыз, құрметті Елбасы, – деп сөзін бастады жігерлі жас. – Арманның кілті – еңбекте. Жас­тар­ды еңбекке шақырған бағ­дар­ла­ма­лық мақалаңызда ең­­­бек­тен қашпауға, маңдай тер­мен жинаған ырысымызды шашпауға шақырдыңыз. Тәтті нан­ның ащы термен келетінін ұғын­дырдыңыз. Арман мен еңбек ұштаса келе, келешекке де­ген нық сенімді құрайды. Сол се­бепті де съездің басты ұстаны­мы – арман, еңбек, сенім.

Нұрлан Сыдықов таныстыр­ған «Жастар – Отанға» 2020 жылға дейінгі стратегиясының жо­басын еліміздің түкпір-түк­пірін­дегі жастар талқылап­ты. Оны оқыған әр жас ұсыны­сын айтып, пікірін білдірген. Демек, бұл құжат күллі қазақстандық жастар­дың үні іспеттес. Мұнда қолға алынатын шаруалардың 11 бағыты айшықталған. «Жас Отанның» жаңа стратегиясы – ұзақ мерзімді мақсат-міндеттерді жариялау ғана емес, елді дамыту саласындағы жастардың қосар үлесін айқындау.

Жиында сөз сөйлеген Сол­түс­­тік Қазақстан облысынан кел­ген мұғалім Әлия Шарашеева елімізде қолға алынған «Дипломмен – ауылға» бағдарлама­сы ауыл үшін де, жастар үшін де пайда­сы мол жоба болғанын атап өтті. Сонымен бірге, бағдар­лама шеңберінде ауылға ат­тан­ған өзі сияқты жастар сол елдіме­кен­нің гүлденуіне, әлеуметтік са­ла­сының дамуына айтарлықтай үлес қосып жатқанын жеткізді.

Ал, Шығыс Қазақстан облысынан келген жастар бел­сен­дісі Еркебұлан Балтабеков 1991 жы­лы жарты ғасырға жуық уақыт бойы сынақ алаңына айналған Семейде ядролық полигон жабылғанын айта келе, барша адамзат үшін мә­ні мен маңызы зор, еліміздің бо­ла­ша­ғы­ үшін Елбасының жасаған бұл шеші­мі­не күллі семейліктердің атынан алғысын білдірді.

«Жас Отан» жастар қанатының екінші рет өтіп отырған съезін­де жастар өткенді таразылап,­ болашаққа бағдар жасады. Бір-бі­рі­мен үндес, пікірлес жас қазақ­стан­дықтар Елбасының саясатын қолдайтындарын, өздеріне ар­тыл­ған сенімді ақтап, абыроймен­ ең­бек етуге әзір екендіктерін жет­кіз­ді. Ал «Жас Отан» жастар қанаты­ның атқарушы хатшысы болып бе­кі­тіл­ген Нұрлан Сыдықов Прези­дент тапсырған міндеттерді қалтқы­сыз орындап, жаңа стратегия қабылда­ған «Жас Отанды» жаңа белеске кө­те­ру­ге уәде етті.
Алқалы жиында «Жас Отанның» Орталық кеңесі сайланып, бұрын­ғы Жарғыға өзгертулер мен толықты­ру­лар енгізілді.

Сонымен, бұл съезге қатысқан 9­ мың­­нан­ астам адам, еліміздің түк­пір-түк­пірінен келген 1100-ден ас­там делегат және жиынды тікелей эфир арқылы тамашалаған жамағат Қазақ­станда жастар қозғалысы да­муы­­ның жаңа кезеңі басталғанына куә­ болды.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ  

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 − 5 =