©2020 Астана Ақшамы
ЖАС МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР ЖАРЫСТЫ
Кеше ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылуының 15 жылдығына арналған «Үздік жас мемлекеттік қызметші» қалалық кәсіби шеберлік байқауы өтті. Қабілетті де дарынды жас мемлекеттік қызметшілерді анықтау, кәсіби дамыту, қоғамдағы орнын көтеру мақсатында өткізілген байқауға барлығы 25 мемлекеттік қызметші қатысты.
Байқау барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары Маржан Жиенбаева мұндай сайыстардың жастарды ынталандыратынын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Мұнан әрі сайыс өз жалғасын тапты. Қатысушылар таныстыру, өз өнерін көрсету, дебат, сұрақ-жауап аталымдары бойынша бақ сынады. Сан қырлы өнерлерімен тәнті еткен үміткерлер арасынан жеңімпазды анықтау әділқазыларға оңайға түспеді. Атап айтар болсақ, бір үміткер биімен тамсандырса, екінші бірі ән салды, үшіншісі мәнерлеп өлең оқыды.
Байқау қорытындысында барлық қатысушылар ұйымдастырушылардың алғыс хаттарымен марапатталды. Ал үшінші орынды Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының студенттер және мектеп жастарымен жұмыс бөлімінің бас маманы Алтын Күмпейісова иеленді. Екінші орынға Астана қаласы Білім басқармасының білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің жетекші маманы Әсемгүл Үсенова ие болды. Бірінші орынды Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің жетекші маманы Ғалихан Қоқанбеков еншіледі.
Еркежан СӘТІМБЕК