ЖАС МАМАННЫҢ ЖАҒДАЙЫ МАЗАЛАЙДЫ

0 218

жас маман

Жақында Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин Үкімет атына журналистер қауымына қамқорлық көрсету жөнінде сауал жолдады. Редакциямызға осы тақырыпты қаузаған мақала келіп түсті. Онда автор жоғары оқу орнындағы оқу ақысының қымбаттығын қозғап, жас журналистер алдынан кездесер әлеуметтік қиындықтар жайында пікір білдірді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Соңғы 12 жылда жоғары білім алуға берілетін гранттар саны 182 %-ға ұлғайды» деген болатын. Рас, тегін білім алатын студенттер қатары артты, алайда ақылы бөлімде оқитындардың саны да азаймай тұр.

Елімізде оқу ақысы ең қымбат жоғары оқу орындарының басында 2009 жылы негізі қаланған Назарбаев университеті тұр. Онда білім алғыңыз келсе, жылына 21500 АҚШ долларын төлеуіңіз қажет. Өзім оқитын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің ақылы бөліміндегі студенттер төлейтін бір жылдық оқу ақысы 630 000 теңгені құрайды. Осы қаражатты 4 жылға көбейткен кезде
2 520 000 теңге шығады. Бұл тек оқу ақысы екенін есте сақтаңыз.

Енді осы 2 520 000 теңгені студент банктен несие алып төледі дейік. Төрт жылдан соң студентіміз журналист мамандығын иеленіп, жоғары оқу орнын аяқтайды. Содан кейін жас маман жұмыс іздеу машақатына кіріседі. Осы орайда да ол біраз сынақтарға төзуі тиіс. Тоқтала кететін болсақ, біріншіден, оқуды енді бітірген студентті ешбір жұмыс орны қабылдауға құлық танытпайды, екіншіден, кеше ғана қолына диплом ұстаған студенттен еңбек өтілін талап етеді.

Сәті түсіп, жас маман жұмысқа орналасады дейік. Республикамызда журналистің орташа жалақы мөлшері – 63 163 теңге. Ол банктегі несиені 5 жылға, яғни, 60 айға ресімдеп алған. Менің есептеуім бойынша жас маман еш пайызсыз тек банктен алған ақшасын ғана қайтарады. Сонда әр ай сайын жалақысының 42 000 теңгесін несиеге төлейді. Бұл алған жалақысының 66, 5%-ын құрап отыр. Осылай жұмысын істеп, несиесін төлеп жүрген уақытында «пәтер, тұрғын үй, отбасы» деген сөздер оның жанына маза бермейтін, түн ұйқысын төрт бөлетін қол жетпестей арманға айналады.

Тағы айтылатын бір жәйт – баспана мәселесі. Егер жас журналист елорда тұрғыны болып, ата-анасымен бірге тұрса, одан асқан бақытты жан жоқ шығар. Ал, алыс шалғайдан арман жетегінде елордаға білім іздеп келген жалынды жастың жағдайы тым ауырлау. Несие, пәтерақы, жүріп-тұруы, ішер асы, киер киімі – осының барлығы жас маманның басын ауыртады. Көзді ашып-жұмғанша 5 жыл несиесін төлеп болып, 27 жасқа толған азамат «уф» дейді. Алдағы уақытта күтер жайлар бұрынғыдан әлдеқайда ауыр екенін сезе бас­тайды. Оқуын жалғастырып, магистрант атану да ойында бар. Таразының келесі басында –
отбасын құрып, шаңырақ көтеру. Керегесін керіп, үйлі-жаранды болу үшін де бас­пана қажет. Екі жолдың біреуін таңдау керек. Жас­тарымыздың біразы оқуын жалғастырып, отбасын құру мәселесі жайына қалып жатады. Сонда қазақ халқының саны қалай өседі?

Арна ӘБСЕЙІТОВА,

 Л. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × one =