Жас маманға Бағдар бередi

0 110

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы осы саладағы көптеген мәселелердi шешуге жол ашып бердi.
Қазiргi күнi мемлекетiмiз жас мамандарға бар жағдайды жасап, бұрын-соңды тарихта болмаған жұмысқа орналастыру орталықтарын ашып қойды. Кел, тiркел, оқы, бiлiмiңдi сынап көр.
Мен де осы бағдарламаның жемiсiн көрiп жүрген жас мамандардың бiрiмiн.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының арқасында өзiме тұрақты жұмыс таптым.
Бүгiнде «Астана қаласының мүгедек балалар қоғамы» қоғамдық бiрлестiгiне қарасты «Балам-ай» мүмкiндiгi шектеулi балаларды дамыту орталығында әлеуметтiк қызметкер болып жұмыс iстеймiн.
Бұрынғының «Армансыз адам – қанатсыз құс» деген мәтелiн бүгiнгi заман талабына сай «Жұмыссыз адам – қанатсыз құс» деп, қалжыңдап жүргендер бар. Әр қалжыңның астарында бiр шындық бар. Расында, жұмыссыздық дертi соңғы жылдары тым өршiп кеткен-дi. Жоғары оқу орнын бiтiрген көптеген жас мамандар дипломнан қайыр жоқ екенiн ұғынып үлгерсе, жұ-мысқа ендi орналастым деген кей жас мамандар қысқартуға ұшырап жатады.
Осы тұста «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының қабылдануы бiз секiлдi жастарға үлкен көмегiн тигiздi.
Алғашқыда қанатқақты жоба ретiнде басталса, биылдан бастап жұмыспен қамтудың нақты стратегиялық iс-қимыл жоспары ретiнде жүзеге асырылып жатыр.
Жолдау жолдарына көз жүгiртсек, бiрiншi бағыт қазақстандықтарды жұмыспен қамтуға арналған.
Қазiргi кезде Президенттiң аса маңызды тапсырмасының барлық өңiрде кеңiнен қанат жая түскенi байқалады.
Жер-жерден ашылған Жұмыспен қамту орталықтарына келiп, хабарласқан азаматтардың денi «екi қолдарына бiр күрек» тауып жатыр. Арнаулы бiлiмi жоқ азаматтар да тiркелiп, жаңа кәсiп түрлерiн меңгерiп жатқаны өз алдына.
Мен қалаған мамандығым бойынша бiлiм алдым, дипломға қол жеткiздiм. Қазiр мамандығым бойынша тұрақты жұмысым бар.
Шынымды айтсам, бұған дейiн Астанада мұндай орталықтың жұмыс iстейтiнiнен хабарсыз болдым. Осы мекемеде әлеуметтiк қызметкерлерге деген сұраныстың бар екенiн Жұмыспен қамту орталығы арқылы естiп бiлдiм. Жұмыс берушi мен жұмысқа орналастырушы мекемелердiң осылайша өзара жүйелi байланыс орнатуының пайдасын осыдан-ақ көруге болады.
«Балам-ай» орталығы – ерекше мұқтаждықтары бар мүмкiндiгi шектеулi балаларға көрсетiлетiн қоғамдық қызметтердiң сапасын арттыру мен ата-аналарға психологиялық көмек көрсету мақсатында қолға алынған арнайы жоба шеңберiнде ерекше санатқа жататын балалардың өзектi мәселелерiн шешу мақсатында құрылған мекеме. Сондықтан, бiз секiлдi әлеуметтiк қызметкерлер мұндай орталықтарға ауадай қажет.
«Балам-ай» орталығының қызметкерлерi мен ата-аналардың бiрлескен жұмысы нәтижесiнде мүмкiндiгi шектеулi балалар қоғамға бейiмделу мен дамудың, оқу мен шығармашылық тұрғыдан өсудiң мүмкiндiгiне ие болып отыр, сондықтан да аталған орталықтың қазiргi таңдағы қоғамдық маңызы айрықша жоғары.

Жарылқасын РАХМАНОВ,
«Балам-ай» мүмкiндiгi шектеулi балаларды дамыту орталығының әлеуметтiк қызметкерi

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 − 4 =