Жас келсе – іске

0 102

Елестетіп көріңізші, анаңыз – кітапханашы, әкеңіз – имам. Ал сіз елордамыздағы Назарбаев университетіне грант жеңіп аласыз. Жаңа қала, жақсы мүмкіндік, жарқын болашақ. Осы сәтте сізге Семей қаласындағы «Білім-инновация» лицейіне тәрбиеші керек деген хабарлама келеді. Үлкен арман мен мүмкіндікті тастап, Семей қаласына тәрбиеші болып барар ма едіңіз? Дәл осы таңдау біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ержан Жұмаділовтің тағдыр жолында кездесті. Біліктілігі мен еңбекқорлығы, қарапайымдылығы мен адалдығы бір бойында ұштасқан жас екінші жолды таңдады.

«Менің негізім де, әу баста алған білімім де кішкентай ғана ауылымдағы мектептен басталды. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде математикаға деген қызығушылығым ерекше еді. Бірде еркін күрестен жарысқа қатысып, үйге жүлдемен оралғанда анам қолын бір сілтеп: «Ертең қалаға барамыз. Сен бала бұлай жүре берсең, білімге деген отыңды өшірерсің» деді. Осылайша анам мені Талдықорған қаласындағы қазақ-түрік лицейіне жетектеп апарып кіргізді. Кейін мектепті алтын белгімен бітірдім» деп есіне алды балалық шағын.
Еліміздегі ер балаларға арналған бұрынғы қазақ-түрік, қазіргі білім-инновация лицейінде еңбек ететін ұстаздар арасында ер мұғалімдердің үлес салмағы басым. Шамамен 70-75 пайызды құрайды. Жалпы, ер мұғалімдердің білім мен тәрбие беруде маңызы зор. Лицей ер мұғалімдердің аздығы мәселесін шешу бойынша белгілі қадамдар жасап, жұмысқа қабылдарда мұғалімдердің арасынан ер-азаматтарға басымдық береді. Мәселен, жоғары жетістіктерге жеткен өз түлектерін мұғалім болуға баулиды. Ержан Есетұлының педагогикаға деген қызығушылығы мектеп қабырғасында жүрген кезде-ақ басталыпты. «Біз ағайларымыз­дан үлгі алып өстік. Мұғалімдеріміз кез келген мәселемізді шешуге, бос уақытты бізбен бірге өткізуге тырысатын. Сабақтан тыс уақытта тәрбиешілерімізбен бірге кино көріп, футбол ойнап әртүрлі тақырыптарда әңгіме айтатынбыз. Мен ұстаздарыма қызыға қарап, сол кісілер сияқты білімді, үлгілі азамат болуды армандадым. 10 сыныпқа келгенде мамандық таңдау жайлы көп ойланып, мұғалім боламын деп шештім. Бұл таңдауымды ата-анам да қуана қолдады. Мұғалім болу арқылы қаншама тағдырды өзгертетінімді, қаншама жас ұрпаққа бағыт-бағдар көрсететінімді түсіндім» деді Ержан Жұмаділов.
Мұғалімнің бала тәрбиелеудегі ұстанымы да ерекше. Ол алдындағы оқушысын күшпен тәрбие­леу мүмкін емес деп санайды. Ержан Есетұлының айтуынша кез келген адамды тәрбиелеуде ең бірінші өзің үлгі болуың керек. Ұстазы жақсы үлгі көрсетіп жүрсе, шәкірттері де оның ізін басады. Оқушылардың өтірік айтпағанын, еңбекқор болғанын қаласақ, сол шыншылдық пен еңбексүйгіштікті үлкендер өздерінен бастауы керек. Құр сөз құлақ арқылы естіліп, тез ұмыт болады. Ал жүрекке жететін ақпаратты көз арқылы аламыз.
Кейіпкеріміз Назарбаев университетін таңдамаса да, көптеген жастың сол оқу орнына түсуіне жол ашты. «Мұғалім болып жұмыс істеген кезеңде мен халықаралық олимпиадалардың 11 жүлдегерін, республикалық олимпиадалардың 47 жүлдегерін, облыстық олимпиа­далардың 38 жүлдегерін дайындадым. Сонымен қатар, өзім де 8 Халықаралық, 17 Республикалық, 16 облыстық олимпиадалар мен байқауларда жеңімпаз атандым. Физика пәні бойынша ҰБТ-ға дайын­далуға арналған «Шың кітап» оқу құралының, бірнеше ғылыми мақаланың, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Methods of mathematical physics» оқулығының авторымын (Алматы, 2020). Жақында докторлық диссертация қорғауға дайындалып жүрмін» деді мұғалім.
Ержан Жұмаділовпен сұхбаттасқанда сөздің емес, істің адамы екенін бірден байқайсыз. Жас та болса білімі мен адамгершілігі мол, еңбекқор ұстазға шәкірттері де дән риза. «Мұғалімдіктің қызығы мен қиыншылығы қатар жүреді. Осы жолдағы бес жыл ішінде қолымнан келгенше оқушыларға тәрбие мен білім беруге тырыстым. Әрбір шәкіртімнің өмірде өз орнын тауып, Абай атамыз айтқандай, кірпіш болып қалануына бар күшімді салып келемін. Студент болып жүріп мектеп өміріне етене араласқаннан кейін маған мұғалімдік жол қиын көрінбеді. Балаларға тек білім беріп қана қоймай, өз деңгейімді де жан-жақты арттырып отырамын. Жыл сайын оқушыларымның барлығы дерлік мемлекеттік грант иегері атанып келеді. Сынып жетекшілік жұмыс та үлкен жауапкершілікті талап етеді. Яғни мектеп өмірінен тыс уақытта балаларға тәрбие беру, оларға адами құндылықтарды үйрету – ең басты ұстанымдарымның бірі. Қазіргі кезде пандемияға байланысты қашықтан білім бере бастаған алғашқы тоқсанда 10 сынып оқушыларына 1 апталық тегін онлайн курс жасадым. Сөйтіп ол курсқа мыңға жуық оқушы қатысты. Кейін 11 сыныпқа өткізген тегін сабақтарыма 1250 бала тіркелді. Мұғалімдік – мен үшін миссия. Мен ең алғаш осы жолды таңдаған кезде-ақ «Өмірімнің соңына дейін мұғалім боламын» деп өзіме уәде бергенмін. Заманың түлкі болса, тазы болып ал дейді. Қазіргі жағдайдың тез өзгеруіне байланысты онлайн курстар дайын­даудамын. Болашақта еліміз экономикалық, білім-ғылым саласы жағынан әлемнің дамыған елдерімен теңесуі үшін қолымнан келгенше еңбек етемін» деді абзал жан.
Ұстаз талантты болса, шәкірттері де талапты болады. Ержан Жұмаділов «Қазақстан мұғалімі 2020» ұлттық сыйлығының жүлдегері атанып, «Әлем мұғалімі 2021» байқауының дайындығына бел шешіп, білек сыбанып кірісіп кеткен. Сындарлы сәтте ел мұғалімдерінің атағын қорғайтын кейіпкерімізге тек қана жеңіс пен абырой тілейміз.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 − nine =