Жас келсе, іске…

0 101

Пандемия басталғалы індетпен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне әсіресе, бастапқы және шарықтау кезеңіндегі күрделі ахуал оңайға соқпады. Үш жарым ай ішінде түскен ауыр жүк пен жауапкершілік, қауіпті дертпен күнбе-күн бетпе-бет келу оларды қажытып, шаршатып жібергені рас. Оның үстіне кадр тапшылығы тағы бар. Осыған орай елордада медицина университеті мен колледжінің 200-ден астам түлегі пандемия жағдайында жұмыс істеуге оқытылып, қазіргі уақытта олардың бәрі де қызметке алынды. Сондай жас мамандардың бірі, жаңадан ашылған көпбейінді қалалық инфекциялық орталықта процедуралық мейіргер болып қызметін бастаған Жандос Насымбаевпен шағын сұхбат құрған едік.– Бастапқыда сіз жас түлектерді жинақтау, яғни кадр маманы ісімен айналысыпсыз. Осы орайда жастар індетпен күреске қалай бөлінді, олардың білім-білігі туралы айтып берсеңіз..
– Биыл бірінші мамырда осы орталық Қырқыншы стансасы жақтан ашылған кезден бастап қызмет етіп жатырмыз. Біздің бөлімшеде жаңадан келген 3 мейіргер бар, қалғандары – медбикелер. Бұған дейін бір жыл жедел жәрдемде, тағы бір жыл шұғыл қабылдау бөлімінде істегенмін. ЭКСПО көрмесі өткен кезде медициналық волонтер болғанмын. Сондықтан кәсіби тұрғыда және ұйымдастыру жағынан біраз тәжірибем бар. Елордамыздың медицина саласындағы жоғары және арнайы орта кәсіптік оқу орындарының түлектері індетпен күрес жүргізіп жатқан жаңа емдеу орталықтарына бөлінді. Олардың ішінде әлі оқуын аяқтамағандар да бар. Интерндер деген 6-7 курс студенттері. Олар келесі жылдары дәрігер боп шығады. Мен қызмет ететін орталыққа 35-40 жас маман бөлінді. Олардың ішінде 10 шақты маман – колледжді енді бітірген жас түлектер. Әлі оқуын аяқтамағандар өздерінің сертификаты бойынша жұмыс істейді. Мысалы, интерндер сертификаттары болса медбике болып істей алады. Ал оқуын толық аяқтап, сертификатын алғандар дәрігер болып жұмыс істейді. Сол сертификат бойынша айлық төленеді.
– Сертификат кімдерге беріледі?
– Сертификат – практикалық жұмысқа жіберілгендігін растайтын құжат. Ол медициналық колледжді және 5 жыл бакалавриатты бітіргендерге беріледі. Мен мысалы, қазір академияда 2 курсқа өттім. Әлі алда 4 жылым бар. Бірақ мен академияға дейін колледжде оқығанмын. Сол үшін маған сертификат берілді. Әр медицина ұйымында жас мамандарға кеңес беретін аға маман бекітілген. Солардың басшылығымен түрлі процедуралық тапсырмаларды орындаймыз. Дәрі тамыз­ғыш қойып, екпе жасап, науқастардың жағдайын қадағалаймыз.
– Пандемияға байланысты биылғы практика мен соңғы семестрдегі оқыту процесінде біраз өзгерістер болған шығар?
– Иә, 17 наурыздан бастап бүкіл елімізде, барлық оқу орнында білім беру саласы қашықтан оқуға көшті. Біз бұған бір жағынан дайын болған жоқпыз. Бірақ басымызға түскен жағдайға байланысты қиындықты еңсеру үшін іске дереу кірісіп, мәселені түсініп, шешуге тырыстық. Карантин кезінде оқу орындарында дәрігерлер дайындалған кезде де көбіне қашықтан оқу жүргізілді. Бірінші карантин басталмас бұрын ұстаздарымыз шақырып, осылай волонтер немесе медицина маманы болып жұмыс істеуге болатынын айтты. Әркім өз қалауымен келді. Мысалы, мен ақылы бөлімде оқимын. Бұл бір жағы мен үшін жақсы ұсыныс еді. Барлық түлектер коронавирусты емдеу және диагностикалау бойынша хаттамалармен танысты. Іс жүзінде олар қазір ауруханаларда хаттамаға сай емдеу шараларын көріп жүр. Оқу орындарында пандемияға қарсы жалпы қауіпсіздік профилактикасы, өзіңді және өзгелерді қалай қорғау керектігі туралы оқытылды. Біздің жас түлектер тек елорданың ғана емес, сонымен қатар Ақмола облысы көлеміндегі елді мекендердің кадр тапшылығы бар емдеу орындарына бөлінді. Яғни, ол жаққа көбіне грантта оқыған, келісімшарт бойынша 3 жылдай сол жерде жолдамамен тағылымдамадан өтуі керек түлектер жөнелтілуде. Елордада жылына медициналық академияда 700-ге жуық жалпы профильді дәрігерлер дайындап шығарылады.
– Жас келсе, іске деген. Қауіпті дертпен күреске жұмылдырылған жастардың бет алысы қалай?
– Жалпы коронавируспен күресте жас түлектердің үлесі өте зор. Олар көбіне жігерлі, әлі күш-қуаты толық. Оның үстіне қазіргі жастар шетел оқулықтарын көп оқып, сол бағытта жақсы ізденеді. Жас мамандар кез келген іске басқа көзбен қарайды. Біздің бұрынғы дәрігерлердің көбіне кеңес үкіметі шекпенінен шыққандықтан біраз нәрсеге көзқарастары ескілеу. Бірақ олардан тәжірибе жағынан болсын, теориялық тұрғыдан болсын үйренеріміз көп. Бүгінгі талапты да жан-жақты жастар бәріне тез бейімделуде. Жаһандық індетпен күресте олар осы жаңа көзқарас, жаңа білімдерінің көмегімен жанкешті еңбек етіп, ел үмітін ақтайды деп сенемін.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + 7 =