ЖАС ДЕПУТАТТАР ІСКЕ КІРІСТІ

0 566

ERA_7076

Алматы ауданы әкімдігінде «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатынан жастар мәслихатына сайланған депутаттарды салтанатты қабылдау рәсімі өтті.

Бұл шараға Алматы ауданының әкімі Бекбол Сағын, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, қалалық мәслихат депутаты Сайфудин Хамхоев, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының Алматы аудандық бөлімшесінің төрағасы Абай Байгенжин қатысты.

Елдің ертеңгі тірегі – бүгінгі жастар. Білімді де саналы жас азаматтарға үлкен сенім артқан Елбасы «Жас Отан» жастар қанатын құруға бастама көтеріп, бұл ұйымды «елдегі жастар қозғалысының басты ядросы» ретінде атап өткен болатын. Олардың алдында тұрған міндеттер де белгіленді. Енді міне, жастар депутат ретінде сайланып, өз өңірінде қордаланған мәселелерді шешуге қолғабыс етпек.

Жастар мәслихатына депутаттар сайлау бастамасы алғаш рет 2007 жылы көтерілген болатын. «Астана қаласының жастар мәслихаты» жобасының басты мақсаты – білімді де белсенді әрі өзіне сенімді  жастардың қоғам мәселелерін шешуіне мүмкіндік беру.

Бұл идеяны алдымен Астана қаласы жүзеге асыра бастады. Жобаға қатысушылар білім мен тәжірибесін әрі қарай шыңдауға мүмкіндік алды. Мысалы, алдыңғы шақырылымдағы депутаттардың көпшілігі бүгінде өз ісінің шеберіне айналып, мемлекеттік органдарда, ұлттық компанияларда жемісті еңбек етіп жатыр. Демек, жоба қазірдің өзінде болашақ ел басқарушыларын даярлауға,  сапалы кардрлық құрамды жасақтауға жол ашады деуге болады.

Ал, биылғы жастар мәслихатының VI шақырылымына кезекті депутаттар сайлау 28 ақпанда өтті. Оған 16 мен 29 жас аралығындағы 358 жастан өтініш келіп түскен. Олардың ішінде елордадағы 13 жоғары және 27 орта арнайы оқу орындарының студенттері бар. Жастардың ішінен суырылып шыққан 34 жас депутаттық мандатқа ие болып, арнайы төсбелгі мен қызметтік куәлікті қолдарына алды. Жас депутаттардың төртеуі – жұмысшы болса, қалғаны студент екен.

Бір жылға сайланған депутаттар жастарды толғандырып жүрген мәселелерді көтеріп, оның шешілуіне атсалыспақ.

Қымбат НҰРҒАЛИ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + 10 =