ЖАС ДАРЫНДАР ЖИНАЛДЫ «ЖАС ҚАНАТҚА»

0 100

Кеше Бейбітшілік пен келісім сарайында «Жас қанат-2017» жас орындаушылардың республикалық байқауының шымылдығы түрілді. Биыл 26-мәрте ұйымдастырылған айтулы музыкалық шараға еліміздің әр аймағынан бас қалаға жиналған 14 үміткер қатысуда. Бас жүлде – «Алтын қанат» иегері ертең анықталады. Астана әкімдігінің қолдауымен өтіп келе жатқан биылғы байқауды қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ашып берді.

3456

– «Жас қанаттан» өнер жолына алғашқы қадамдарын басқан бірталай өнерпаздар осы күндері бүкіл ел танитын, халық мақтан тұтатын белді әншілерге, өнер қайраткерлеріне айналды. Бүгінгі қатысушылардың барлығы да жеңіске лайық деп ойлаймын. Сіздер Астананың ең үлкен сахналарының бірінен өнер көгіне қанат қаққалы отырсыз­дар. Бұл – Елбасының еліміздегі жас дарындарды қолдауы өте зор екендігінің айғағы. Тек қана бойларыңыздағы дарындарыңызды жарқыратып көре алсаңыздар болды. Сіздерге ақ жол тілеймін! – деді Ермек Аманшаев.
Жылдағы дәстүрге сай Астанаға ертерек келген жас талапкерлер елорданы аралап, «Думан» ойын-сауық орталығын қызықтады. «Жас қанат» аллея­сына ағаш отырғызды.

Байқаудың ең жас қатысушысы алматылық 15 жасар Томирис Жанғазиноваға жеребе тарту рәсімі кезінде қазақ киелі санайтын «7» саны түсті. Яғни, ол сахнаға жетінші болып көтерілді. «Менің ойымша, сандарда тұрған ештеңе жоқ. Ең бастысы, талантымызды жарқыратып көрсете алсақ болды. Бұл жерде әнді орындау шеберлігіміз бен халыққа жеткізе алуымыз үлкен маңыз атқарады. Алайда «7» – менің ең сүйікті саным. Сол санды суырып алғанда шын қуандым» дейді ол.
Қатысушылардың ең үлкені – Ақтау қаласының атынан қатысып отырған 30 жастағы Мануэль. Алғашқы күні сахнада бірінші болып шымкенттік Дина Қанайбекова өнер көрсетті. Ал сол күнгі кезеңді қарағандылық Жансая Нұрмағанбетова түйіндеді. Сондай-ақ, қатысушылардың арасында Талдықорған, Өскемен, Петропавл, Тараз, Павлодар қалаларының өкілдері бар. Астаналықтар жас әнші Джулия Төлеуханға жанкүйер бола алады.
Байқау тарихына шолу жасасақ, ол бастау алғалы қазіргі бірталай танымал эстрада әншілерінің таланттарын ашып, үлкен сахнаға жолдама берді. Осы жолы да Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев, Нұрлан Абдуллин, Бақыт Шадаева, Маржан Арапбаева сынды оның әр жылдары лауреаты атанған әншілерге байқауға қазылық ету кезегі бұйырды.

090
Сондай-ақ, қазылар алқасының құрамына «Жас қанат» байқауының негізін қалаушы әрі продюсері Мұрат Ерғалиев, «Астана Опера» театрының дирижері Абзал Мұхитдинов, профессор Раиса Мұсақожаева, «Астана Опера» театрының бас хормейстері Ержан Дәуітов, «Kazakh TV» телеарнасының бас продюсері Айкүміс Сексенбаева кірді.
Осыдан бес жыл бұрын байқаудың бас жүлдесін Димаш Құдайберген иеленді. Қытайда өткен «I am a Singer» байқауына қатысып, төрткүл дүниені аузына қаратқан Димаш «Азияның үздік әншісі» де атанды. Әншінің әлемге танылуына «Жас қанаттың» да өзіндік әсер-ықпалы болды деп ойлаймыз. Кім біледі, байқаудың биылғы қатысушыларын да алда сондай биік күтіп тұрған шығар?!

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × five =