Жас аналарға көмек

0 57

Әйел өмірінің ең маңызды кезеңдерінің бірі – жүктілік кезі. Тек өзің туралы ғана емес, іштегі балаң жайлы да ойланатын уақыт. Ана мен баланың жаны аман қалған соң, олардың ең аз дегенде бір жылға дейінгі денсаулығы мықты күтім мен бапты қажет етеді. Сапалы күтім үшін материалдық әл-ауқат керек. Осындай ерекше жағдайда мемлекет жас босанған әйел мен жаңа туған нәрестеге қандай медициналық көмек көрсетіп, қандай әлеуметтік төлемдер жүргізеді?

Бәріміз білетіндей, бала туғаннан кейін әйелдерге бала тууына берілетін біржолғы жәрдемақы және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне берілетін жәрдемақы сияқты материалдық қолдау түрлері көрсетіледі. Сонымен қатар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 97-бабына сәйкес әйелдің жүктілік кезеңінде, босану кезінде және босанғаннан кейін ҚР аумағында рұқсат етілген әдістерді қолдана отырып, денсаулығын сақтауға және көмек алуға құқығы бар.

Медициналық қызметтер тегін

Жүкті, босанатын және босанған әйелдерге кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі шегінде медициналық, консультациялық көмек көрсетіледі. ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 9 қаңтардағы №ҚР ДСМ-1/2020 бұйрығымен «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы» ҚР ДСМ 2017 жылғы 29 тамыздағы №666 бұйрығына өзгерістер енгізілді. Осы бұйрыққа сәйкес перзентханада жаңа туған нәрестелер тегін дәрі қобдишаларымен қамтамасыз етіледі, балаларға туберкулезге және В гепатитіне қарсы профилактикалық егулер жүргізіледі, әйелдерге флюорография жасалады.
– Перзентханадан шыққаннан кейін балалар мен босанған әйелдерді учаскелік дәрігер, медициналық патронаждық мейіргер және акушер үйге барып қарайды. Балалар ауырған кезде бұйрыққа сәйкес дәрілік препараттармен қамтамасыз етіледі. Мысалы, тыныс алу органдарының аурулары кезінде ыстықты түсіретін құралдар, пневмония кезінде – бактерияға қарсы препараттар, сондай-ақ әртүрлі аурулармен диспансерлік есепте тұрған ересектерге де, балаларға да тегін беріледі. Босанған әйелдер ерекше бақылауда болады, учаскелік дәрігер және акушер-гинеколог динамикалық бақылау: гинекологиялық тексеру, қан мен несепке талдау жүргізеді, – дейді №9 қалалық емхананың Ана мен баланы қорғау қызметінің басшысы Дана Сәбитқызы. Оның айтуынша, оқыту және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін балалы ана баланы дамыту кабинетіне шақырылады.

Әлеуметтік қолдауға ие

Босануға байланысты төленетiн әлеуметтiк төлем бiржолғы, ал бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем ай сайын төленеді. Қазақстанда біржолғы мемлекеттік жәрдемақы барлық босанған, жұмыс істейтін, сондай-ақ жұмыс істемейтін әйел­дерге мемлекеттік бюджеттен тағайындалады. Баланың тууына арналған біржолғы жәрдемақының мөлшері бекітілген, бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК – және төртінші және одан көп балаға 63 АЕК құрайды. Жыл сайын айлық есептік көрсеткіштің өсіп отыруына байланысты, мемлекеттен балаларға төленетін жәрдемақы да көбейеді. 2020 жылы АЕК 2 778 теңгені құрады.
Бір жасқа дейінгі баланың күтіміне байланысты төленетін жәрдемақының мөлшері отбасындағы балалар санына қарай сараланады. Жұмыс істемейтін әйелдерге бірінші балаға – 5,76 АЕК (2 778 * 5,76 = 16 001,28 тг. әр ай сайын); Екінші балаға – 6,81 АЕК (2 778 * 6,81 = 18 918, 18 тг. әр ай сайын); Үшінші балаға – 7,85 АЕК (2 778 * 7,85 = 21 807, 3 тг. әр ай сайын); Төртінші және одан көп балаға – 8,90 АЕК (2 778 * 8,9 = 24 724, 2 тг. әр ай сайын).
Ал жұмыс істейтін әйелдер босанғанда берілетін әлеуметтік төлемдер басқаша есептеледі. Себебі олар Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар түсіргендіктен қордан әлеуметтік төлем алуға құқығы бар. Олардың жәрдемақысы өз жалақысының 40 пайызы шамасында болады. Мәселен, соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентіне көбейтіп, одан шыққан сомадан 10% зейнетақы жарнасын алып тастайсыз. Айталық, әйел босанғанға дейін екі жыл ішінде 3 000 000 теңге табыс тапты делік. Осы соманы 24 айға бөлеміз: 3 000 000/24= 125 000 теңге. Бұл шыққаны – орташа айлық жалақы. 125 000*0,4 = 50 000. Осы 50 мың теңгенің 10%-ы, яғни 5 мыңы – ай сайынғы зейнетақы жарнасы. Сонда жұмыс істейтін әйел бала күтімі үшін ай сайын 45 000 теңге алып отырады.
ҚР Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, қазір республикада 387 мың ана бала күтімі бойынша жәрдемақы алады. Олардың басым бөлігі – әлеуметтік сақтандыру қорынан.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × three =