ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛҒА ЖЕТПЕЙ ЖЫҒЫЛДЫҚ

0 91

201404011036382109689-p5

Үлкен теннистен Дэвис кубогы жолында өнер көрсетіп жатқан Қазақстан құрама командасы Женевада жергілікті теннисшілермен кортқа шығып, бес бөлімнен тұратын кездесуде 2:3 есебімен есе жіберіп алды.

Әп дегеннен Андрей Голубев әлемнің үшінші мықтысы саналатын Станислас Вавринканы қапы қалдырып, жаһан жұртшылығының таңдайын қақтырған. Осы жөнінде шетелдік бірнеше ақпарат құралдары жарыса жазып, жер-жерде қазақ спортының қазіргі жай-күйі туралы көлдей мақалалар жариялана бастады. Әлемдік рейтингте 711 ұпаймен 64 орындағы Андрей үшін де, күллі Қазақстан үшін де бұл үлкен жеңіс еді.

Төрт сетке созылған кездесудің алғашқысында Голубев 7:5 есебімен басым түссе, екіншісінде де Станислас 2:6 есебімен ұтылып, біздің жігіт суырылып алға шыққан. Алайда үшінші сет (3:6) Вавринканың пайдасына шешілді. Осыдан кейін қолда тұрған жеңістен айырылып қалу қаупінің туғандығын сезген Андрей Голубев төртінші сетте (7:5) ширақ қимылдап, жалпы есепте Қазақстан құрамасын 1:0 есебімен алға шығарды.

Кейін әлемдік рейтингтің төртінші сатысындағы Роджер Федерер мен Михаил Кукушкин арасындағы тартыс алғашқысының пайдасына шешіліп, Швейцариямен арадағы жалпы есеп теңескен болатын.

Ол ойында теннис тарихындағы аңыз ойыншылардың бірі болып үлгерген Федерер қазақстандық теннисшіден айтарлықтай қарсылық көрмей, оп-оңай жеңіске жетті. Үш сетке созылған кездесуде (6:4, 6:4, 6:2) қарсыластың мықтылығын мойындауға тура келді.

Алдын ала тартылған жеребе бойынша жұптасып өнер көрсетуде Қазақстан сапынан Александр Недовесов пен Андрей Голубев швейцариялық қос мықты Станислас Вавринка мен Роджер Федерерге қарсылас атанған болатын. Осы кездесуде де ешкім күтпеген нәтиже тіркеліп, Қазақстан құрамасы олимпиада чемпиондарын сан соқтырып кетті.

Бірінші сетте біздің пайдамызға 6:4 есебі тіркелсе, екіншісінде ойын тай-брэйкке дейін созылып, жергілікті теннисшілер қазақстандық жұпқа тағы да қарсылық таныта алмады (7:5). Үшінші сетте ғана жанкүйерлердің қолдауынан қанаттанған Федерер-Вавринка жұбы 6:4 есебімен сәл де болса таразы басын теңселте алды. Бірақ, Голубев пен Недовесов төртінші сетті өз пайдаларына шешіп (8:6), тағы бір сенсациялық жаңалықтың бастауына айналды. Мұндай нәтижені ешкім күтпеген еді. Осылайша Қазақстан құрамасы жалпы есепте қайтадан алға шықты.

Қуанышымыз ұзаққа бармады. Біздің жартылай финалға өтуіміз үшін қалған қос кездесудің кем дегенде біреуін өз пайдамызға шешу керек болатын. Бірақ, екеуінде де жолымыз болмай, келесі кезеңге Швейцария құрамасы өтті.

Жұптық кездесуден кейін кортқа Михаил Кукушкин мен Станислас Вавринка шықты. ATP рейтингіндегі үшінші үздік теннисші отандасымызды үш сетте де 6:4 есебімен ұтып, Швейцария-Қазақстан арасындағы жалпы есепті теңестірсе, ақтық кездесуде Роджер Федерер Андрей Голубевтен (7:6, 6:3, 6:2) айласын асыра алды. Міне, осылайша Швейцария құрамасы 3:2 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алды. Енді олар Италия құрамасымен бірге ақтық сынға шығу үшін сайысқа түседі. Ал екінші жұпта – Чехия мен Франция.

Жеңістің қолымыздан соңғы сәтте сусып кеткені жаман-ақ. Дегенмен осы жолы көп нәрседен сабақ алуға болады. Федерер мен Вавринкаға жеңілістің ащы дәмін таттырғанымыздың өзі неге тұрады?! Мақтануға да әдбен лайық. Енді алда болатын жарыстар үшін жең түре дайындыққа кірісуден басқа жол жоқ. Кездесуден кейін құрама капитаны Диас Досқараев осыны айтты.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − nineteen =