ЖАРҚЫН ЖҮЗДI ЖАН ЕДI…

0 104

Жанбек Уатайдың дүниеден өткенiне бiр жыл толып қалыпты…
Ол туралы айту үшiн, Жанбек математик болғандықтан, қазақ зиялыларының математикаға ерекше көзқарасынан бастасақ.
Тiптi, бастауыш бiлiмi барлардың өзi санаулы ғана болған өткен ғасырдың басында, қазаққа математиканың қажеттiгi жөнiнде Алаш зиялыларының айтуы олардың көсемдiгiнiң айғағы болса керек. Олар арнайы математикалық бiлiмдерi болмаса да, өз ұрандарын iске асыруға сол жылдарда-ақ кiрiсiп кетедi. 1918 жылы Орынборда Мiржақып Дулатов, 1923-1924 жылдары Ташкентте Сұлтанбек Қожанов пен Кәрiм Жәленов, ал 1929 жылы Қызылордада Елдес Омаровтың орта мектепке арналған арнайы оқулықтар басып шығаруы – осының айғағы. 1935 жылы Алматыда Әлiмхан Ермековтiң қазақ тiлiнде «Ұлы математика курсы» атты кiтабы жарық көрген.
Сондай-ақ, Қаныш Сәтпаев математика оқулығын жазса, Ахмет Байтұрсынов математиканың қажет екендiгi жайлы көптеген еңбектер қалдырған.
Қазақтан шыққан тұңғыш ғылым кандидаттары Ибатолла Ақбергенов пен Сәдуақас Боқаевтың өмiрлерi өкiнiштi жағдайда үзiлiп, осы ғалымдарымыздың таланты мен бiлiмi халық игiлiгiне жаратылмай қалды.
Бүгiнгi таңда, мемлекеттiң индустриалды-инновациялық дамуының жоспарын жүзеге асыру үшiн толыққанды математикалық қолдаудың қажеттiлiгi өздiгiнен-ақ туындайды. Әрине, бұл жолда қазiргi заманға лайықталған оқулықтар жазудың, математика мен информатика ғылымдарындағы жаңа көзқарастар мен идеяларды жүзеге асырудың қажеттiлiгi айқын. Осының бәрiн жүзеге асыратын маманның қандай болуы, кiмнен үлгi алуы керек екендiгiн де айтуымыз қажет.
Сондай тұлға ретiнде Жанбек Уатайды айтуға болады.
Жанбек ұлағатты ұстаздар отбасында дүниеге келген. Әкесi Уатай Әубәкiрұлы математика пәнiнiң, ал анасы Шәкен Мұқышқызы бастауыш сыныптың ұстазы болды. Олар қазақ ауылында өте сыйлы, шәкiрттерiне пән бойынша терең бiлiм берiп қана қоймай, олардың бойына ұлттың ең жақсы қасиеттерi мен жалпы мәдениеттi дарыта бiлген жандар болатын.
Жасынан зерек Жанбек мектеп қабырғасында облыстық, респуб­ликалық олимпиадалардың жеңiмпазы болды. Мектептi алтын медальмен бiтiрген ол М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң механика-математика  факультетiне тiкелей түседi.
Өткен ғасырдың 60-шы жылдары Кеңес мемлекетiнде, космосты игерумен және ядролық қару-жарақты өндiрумен байланысты, жастарды ғылымға тарту белсендi жүргiзiлдi. Әсiресе, математикаға, кибернетикаға, физикаға құштарлық өте жоғары болды.
Сондай кезеңде қарапайым қазақ ауылынан шыққан Жанбек бүкiл Кеңес одағынан, қала бердi «демократиялық» елдерден келген талапкерлермен конкурсқа түсiп, Мәскеу университетiнiң студентi атанды. Сол кездегi түсiнiк бойынша, бұл «космонавтар отрядына» қабылданумен пара-пар болатын.
Жанбек Мәскеудегi оқуын аяқтаған соң, алдыңғы шептегi студенттер қатарында сол университеттiң аспирантурасына қабылданып, оны жемiстi аяқтады.
Ол кезде Мәскеу университетiне түсу қанша қиын болса, онда студент болу одан да қиын, ал аспирантураға түсу тек талаптылардың талап­тысының үлесi едi. Танымал математик, ММУ профессоры Б.М.Леви­танның жетекшiлiгiмен кандидаттық диссертация қорғады. Ол Жанбектiң дарындылығын, математикаға деген ерекше қабiлетiн жоғары бағалайтын.
Жанбек Мәскеу мемлекеттiк университетiнде алған ерекше матема­тикалық бiлiмiн (қайталайық, ММУ-де бiрiншi курстан бастап, сегiз жыл бойы дәрiс алған, ал кейiн қосылғандар ондай деңгейге жете бер­мейдi), әр­дайым толықтырып, дамыта отырып, елiнiң жас жеткiншектерiне жеткiзе бiлдi.
Астана (Ақмола, Целиноград) қаласындағы институттар студенттерiне, мектеп оқушыларына көп жылдар бойы математиканы ең терең түрде қалай меңгеру керек екендiгiнiң жарқын үлгiсi болды.
Бiлiм мен ғылым саласындағы барлық басшылық жұмыстарды да атқарды.
Жанбек энциклопедиялық бiлiмдi адам едi. Оның айтқан әңгiмелерi әрi қызықты, әрi мазмұнды болатын.
Математикалық анализдi терең түсiнген адамның қолынан интеллек­туал­ды жұмыстың бәрi келедi. Жанбек Уатай қазақ және орыс тiлдерiнiң дыбыстық құрылымын зерттеумен айналысып, қазақ  алфавитiнiң латын әрiптерi негiзiндегi нұсқасын жасады. Орыс тiлiнен қазақ тiлiне аударатын компьютерлiк бағдарлама авторларының бiрi болды.
Қамқор аға, қадiрлi әке, бiлiмнiң қай саласында болмасын – математика, әдебиет, тiл, т.с.с. – терең бiлiмiне адам сүйсiнiп, қастерлейтiн абзал азамат Жанбек Уатай мағыналы өмiр кештi. Артында ұл-қыздары қалды. Үлкен қызы Әльфия – физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетiнде факультет деканы, Асқар мен Ажар да – жоғары бiлiмдi мамандар. Немересi Айнара – Германиядағы DAAD бағдарламасының грант иегерi. DAAD – немiстiң академиялық алмасулар қызметi. Оның грантынан үмiткерлер мамандық және тiл меңгеру дәрежесi бойынша қатаң конкурстық iрiктеуден өтедi.
Ұлағатты ұстаз, математик-ғалым Жанбек Уатайдың жарқын бейнесi мен азаматтық келбетi бiздiң жүрегiмiзде мәңгi сақталады.
Тәуелсiз мемлекеттiң негiзiн бiлiмдi азаматтары құрайды.
Демек, маман қандай болу керек дегенде Жанбек Уатайды үлгi ретiнде алу керек.

Нұрлан ТЕМIРҒАЛИЕВ,
Қарлығаш НҰРТАЗИНА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × three =