Жарқын үнді Жәнел

0 51

Жүз жылдық тарихы бар Қазақ радиосының жүріп өткен жолына үңілсек, қайталанбас талай майталман радиожурналистер мен режиссер, операторлардың, редактор-тілшілердің небір жауһар хабарлары еске түседі.Есімізге алсақ , «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» деп саңқылдай жөнелетін Әнуарбек Байжанбаевтың даусын естіген адам жанына маздаған жылу тарағандай болып рухтанып кететін еді. Ол кезде теледидар жоқ, барлық жаңалық, әңгіме, әсем ән, көркем шығармалар Қазақ радиосы арқылы бүкіл ұлан-байтақ елге тарайтын. Ал сол радио қызметкерлерінің ішінде қағаз бетіндегі жазуға жан бітіріп нақышымен, сазымен, ырғағымен әсем үнімен халыққа жеткізетін дикторлардың да орны ерекше болды десем, артық айтқаным болмас.
Біздің әулет үшін, тіпті Егіндібұлақ өңірі үшін радионың тәулік бойғы хабарларын тыңдау ерекше қызықты әрі мақтаныш еді. Өйткені Қазақ радиосының сандуғаш үнді, жарқын дауыс­ты дикторы Жәнел Асқарова Балқантаудың белбаласы, біздің Асқар әкеміздің үкілеп өсірген, басынан құс ұшырмаған тұңғыш қызы болатын.
Ата-анамыз зарығып көрген қыз­дарын бетінен қақпай бұла өсірді. Өзі де жаратылысынан сүйкімді, зейінді, талантты болып, ел назарына ерте іліксе керек. Домбыра тартып ән салып, нақышына келтіре өлең-жыр оқып, өз қатарластарынан озық көрінетін әпкеміздің арманы да асқақ болыпты. Қазақ радиосынан берілетін әрбір ақпарат, әңгіме, новеллалар, әсем әуендерді қалт жібермей тыңдап, соларға ұқсап сөйлеу мәнеріне жаттығып, диктор болсам деп армандайды екен. Әкеміз көзі ашық, көкірегі ояу оқу-ағарту саласында ұзақ жыл еңбек еткен, мектеп директоры болып мыңдаған шәкірт тәрбиелеген білікті ұстаз еді, халық ағарту саласындағы 45 жылдық еңбегі жанып «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған, жаңалыққа жаны құштар жан болатын. Жәнелдің арманына қанат байлап, Алматыдағы қыздар педагогикалық институтына жібереді.
«Талаптыға нұр жауар» демекші, институттың филология факультетін 1955 жылы бітіріп еңбек жолын мұғалімдіктен бастайды. Абдолла Лекеров деген азаматпен дәм-тұзы жарасып, тұрмыс құрады. Ел-қатарлы алаңсыз күн кешіп жатқан Жәнел бірде радиоға дикторлыққа конкурс жарияланғанын естіп бірден бағын сынауға бел буады. Арманы орындалып, конкурста жеңіске жетіп Қазақ радиосына дикторлыққа қабылданады. Бұл 1961 жыл болатын. Содан табан аудармай 30 жыл еңбек етеді. Жоғарғы категориялы диктор ретінде «Алтын қорға» талай тамаша туындыларды сазды да әсем даусымен таспаға жаздырды. Күні бүгін анда-санда соларды эфирден бергенде апамыз үшін мақтанып, марқайып қаламыз.
Жәнел апа өзі қандай әдемі болса, мінезі де көркем еді. Бауырмал, кеңпейілді, қолы ашық, қонақжай еді. Елге келгенде қуанып, алыс-жақын туыстарды сұрастырып, балалық шағы өткен Балқантауын аралап аунап-қунап тыңайып қайтушы еді. Ол өзі істеген ұжымына да аса сыйлы болды. Дикторлардың серкесі, халқымыздың еркесі Әнуар­бек Байжанбаевпен эфирге бірге шығып, Қатира Әзімбаева, Мина Сейітова, Мәмбет Сержанов, Сара Омарходжаева, Сауық Жақанова, Мырзабек Қуатбеков, Жаңыл Аяпбергенова секілді майталман, күміс көмей, сандуғаш үнді дикторлармен сыйластық, достық қарым-қатынаста болды. Бірнеше дүркін бүкілодақтық радиотелекомитеттің марапаттарына ие болып, социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. Ол білімге, білуге өте құштар еді. Көп оқитын, жұмыс­тағы, кәсіби әдеті шығар дауыстап, мәнерлеп, әдемі оқитын. Сыны мен сымбаты келіскен өте кірпияз, талғамы зор болатын.
Жәнел апамыз қазақтың Левитаны атанған Әнуарбек Байжанбаевпен қызметтес болғанын мақтан тұтатын. Ол кезде суретке түсу де қиын болған, бірақ өздерінің араларында диктор Сержан Мамбетов мерекелерде, тіпті үйлеріне келіп те фотоға түсіретін.
Асыл сүйекті, көркем келбетті Жәнел апамыз әдемі қалпында, ойда жоқта ауырмай-сырқамай жетпістен енді ғана асқанда өмірден өтіп кетті. Әрине, тағдырға билік те өкпе де жүрмейді. Көзі тірі болса, 80 жасқа толғанын дүкіретіп өзінің сүйікті Қазақ радиосы арқылы тойлап жатар едік.
70-жылдары Семей облыстық радио-телевидениесінде диктор редактор болған Қазақстан журналистер одағының мүшесі, жоғарғы категориялы диктор Қарлығаш Бәкенқызы Құспанова Жәнелдің менің апайым екенін естігенде, ол менің ұстазым болған адам еді деп сүйсіне әңгімелейді.
«Бұл 1972 жылдың тамыз айы еді. Ол кезде Қазақ радиосы дикторларының еңбек демалысы 56 күн болатын. Мамандар жетіспей қалатындықтан, облыстық радиолардан дикторларды Қазақ радиосына әрі жұмыс істеуге әрі стажировкаға жіберетін. Мен Семейден келдім. Бірден эфирге шығарды. Әрі қуанышты әрі қорқынышты. Атынан ат үркетін дикторлармен бірге эфирге шығу оңай емес. Концерт жүргізу бірден эфирге шығарды. Оны алдын ала жазып қоймайды екен. Қолымда текст, қобалжып отыр едім. Жаныма әдемі киінген, шашын түйген, сыр-сымбаты келіскен аққұба әйел келді. Бірден іш тартып «сіңлім» деп жылы сөйлеп мені сабырлы, салқынқанды болуға шақырып, микрофон алдында ештеңеге алаң болмай сеніммен отыру керек деп ақыл-кеңестерін айтты. Ол маған үлкен күш бергендей болды. Концерт жүргізіп студиядан шыққанымда дауысыңның тембрі жақсы, сөзің анық екен, дауысты ойната біледі екенсің деп мақтау айтып, төбемді көкке жеткізгендей болды. Содан мен екі ай стажировка біткенше Жәнел Асқаровадан ақыл-кеңес сұрап, қоян-­қолтық араласып кеттім. Жайсаң жанды жақсы ұстазды ұмытпаймын» деп естелігін айтады радио майталманы Қарлығаш Құспанова.
Иә, «жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, Қазақ радиосы барда Жәкең өлмейді, ұмытылмайды. Болмысы бөлек аяулы әпкеміздің зиялы келбеті, өшпес рухы әрқашан бізбен бірге.

Мүгілсім Асқарова,
Қазақстан білім беру
саласының үздігі, зейнеткер

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + seventeen =