ЖАРҚЫН БЕЙНЕСІ – ЖАДЫМДА

0 168

Ербол-2

Ербол ағамен шығармашылық байланысымызға негізгі себепкер «Арман қала – Астана» әні болды. Бірде Алматыда Мәдениет министрлігінде істейтін белгілі сазгер ағамыз Жоламан Тұрсынбаев мені шақырып алып: «Маратжан, Ерекең маған аманат етіп мына өлеңді жазып берген еді. Сол ағаңа жолықсаң қалай болады? Осыған әнді бір шығарсаң, сен шығара аласың-ау» деп маған жүктеді.

Ербол аға қызмет жасайтын ғи­маратқа барып, кабинетінің есігін қақтым. Бәкене бойлы, қағылез кісі екен. Жылы шыраймен қарсы алды. «Түсі игіден түңілме» дейді ғой атам қазақ. Өлеңді оқи бастағанда әсер еткені сондай, сол жерде бойымызды шабыт қысты.

Әуені көкірегімде сайрап тұр, оны тек шырқай жөнелу керек секілді. «Аға, мынау дайын ән ғой» деген сөз аузымнан шығып кетті… Шыдай алмай:

Сарыарқа сауырында,
Ерке Есіл бауырында,
Келеді бой көтеріп
Арман қала Астана, – деген жолдарын күбірлеп қайталай бердім.

Осы күбірлеген күйі үйге қалай жеткенімді де білмеймін. Ән дайын. Қуанышым қойныма сыймай барады. Содан бір күн өтер-өтпестен Ербол ағама хабарласып: «Аға, ән шықты Құдай қаласа» дедім. Ол кісі де балаша қуанды сол сәтте. Сонымен не керек, ағаның бұл әні өте сәтті туындыларымның біріне айналып, «Азия дауысында» лауреат атанды.

1997 жылы мамыр айында бірінші рет «Арман қала – Ақ­мола» деп елорданың Жастар сара­йында қызым Зарина, Сәкен Майғазиев сынды өзге де бір топ жастармен концерт беріп, соңында осы әнді таза дауыста орындаған болатынбыз. Содан көп өтпей, қала Астана болды. Бір жақсысы, біз «Арман қала – Ақмоланы» таза дауыста айтып жүргендіктен, кейін әнді студияға жаздырғанда Ақмоланың орнына «Арман қала – Астана» деп қайырмасын жымын білдірмей оңай ауыстырдық.

Кейін бірер жыл өткеннен соң ару Астанамызға келіп, Конгресс-холда концерт бердік. Сол кезде көпшілік алдында «Арман қала – Астананың» өлеңін жазған Ербол ағаны таныстырдым. Зал толы ха­лық ақынға ерекше риза болысты.

Арқа-жарқа өткен осы бір кон­церт­тің соңында орта жасқа келіп қалған бір орыс зайыбымен келіп, Астанаға шығарылған осынау ән үшін рахметін айтып жатты. Осы тұс қасындағы адамдардың бірі «Мүмкін мәтінін орысшаға аудартарсыз» деп еді, әлгі әйел оны бірден тыйып тастады. «Не надо перевести, итак понятно. Мұны орысшаға аударудың түк те қажеті жоқ. Осы қазақ тілінде, түпнұсқада тамаша естіліп тұр» демесі бар ма?! Менің де төбем көкке екі елі ғана жетпей қалды.

1998 жылы Астанаға көш ауа бастады. Бұл әнім пойыз жолда көптеген адамдарға әсер етіп, олар­дың Астанаға деген сүйіспен­ші­лік­терін одан да арттыра түске­нін талай жаннан естідім. Сірә, ақын жүрек өлең жолдары арқылы тереңінен ұғындырып, Астанамыз елге, жерге, жастарға да арман болатынын сездіргендей болыпты-ау. Ағамен бұдан кейін де шығар­машылық байланысымызды үзбей «Асыл жар» деген ән шығардым. Бұл ән Ербол аға­мыз бен жеңгеміздің вальс билеп жүрген кезінде шабыттанғаннан туған-тын…

Осынау ғазиз жанның қапияда мезгілсіз дүние салмағанда бүгінде алпыс жасқа толар еді. Әлі де болса бірлесіп жазар шы­ғар­машылық дүниелер мол еді. Амал нешік! «Арман қала – Ас­­тана» өлеңімен жүректерге жол тартқан абзал ағаның пенде­ші­­ліктен ада, ақ көңіл бейнесі менің жүрегімде әрдайым сақталып қалмақ…

Марат ОМАРОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, композитор.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × three =