Жарнамалаудың да жөні бар…

Айтпайын-ақ деп едім...

0 78

Жақсы күндердегі жұма намазынан кейін «Нұр-­Астана» мешітінен ағылып өтетін жамағат бірде болмаса бірде «Зиян­ды құмарлық дүкені» қасынан өтіп бара жатып шамданып қалуы әбден мүмкін-ау. Бұл не екен деп дүкенге кіргендері де бар болар. Мұның қаладағы көп дүкендерден айырмашылығы сол, атына заты сай зиянды құмарлықты әсіре насихаттап, шімірікпей сататындығында. Ол не «құмарлық» дерсіз. Бұл – адамның бойындағы жаман әдет, дер кезінде тоқтау болмаса ауыр індет. Яғни ішімдікке салыну, араққұмарлықты жай «құмарлыққа» балап жуасытып, менмұндалап шақырып тұр. Тіпті «құмарлықтың» салдарынан басыңыз ауырып мең-зең болып тұрса, осы дүкеннен бір қырлы стаканмен арақ сатып алып, түк болмағандай әрі қарай жұмысыңызбен жүре бересіз. Қор-қор шегіп те көргіңіз келсе, мархабат! Шылым туралы енді не дейін?! Жаман әдеттің асқынуына мүдделі иесі азанның дауысы дүкенінің ішін жаңғыртып тұрса да тиынын санап әлек. Сол тиын үшін дабырайтып, маңдайшасына «AlcoBrand’s» деп жазып, «Зиянды құмарлық дүкені» деп анықтап шегелеп қойыпты.
Бір дүкенге несіне соншалықты ілініп отыр дейсіз ғой. Ішімдік қайда сатылмайды дерсіз. Алайда халқының 70 пайызы мұсылман саналатын, тұс-тұстан мешіт ашып жамағатын жиып отыр­ған елордада алкогольді ішімдіктер дүкендерінің иелері осылайша атауын дабыратып қойып насихаттауы қаншалықты дұрыс? Біз сөз етіп отыр­ған «AlcoBrand’s» дүкенінің мына жазуы этикалық нормаға сай ма? Жалпы, кішігірім дүкен, мейрамханалардың атауына келгенде қазақы санаға ерсі емес, қала сәнін кетірмейтін, қалаға қонаққа келгендердің риза болып, өнеге алатындай етіп қою керектігін түгендейтін талаптар қарастырылған негіздеме бар ма?
Айтатыны жоқ, кәсіпкер ашқан дүкенінің атын «атаңның басы» деп атаса да, қала тұрғындарының мүддесін қорғайтын басқарманың нақты ешқандай шара қолдана алмайтынын білеміз. Тіл түзейтін мекеменің қыз­меткерлері қажет десе ұсыныс айтудан әрі аса алмайды. Кәсіпкердің кемшілігін айтып «мазасын» жиі алса, олардың прокуратураға арыздануына мүмкіндік беріп қойған.
Жергілікті мәслихат осы мәселеге мән беріп, келелі шешім шығарса, аспандап кеткен астаналық кәсіпкер қиялына ерік бермей, кәсібін бастар алдында әрекетіміз алдымен ұлттық санамызға, құндылықтарымызға қиғаш келіп тұрған жоқ па деп ойланар ма еді…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + fourteen =