Жәрмеңкенің жәрдемі тиіп жатыр

0 83

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында Қостанай облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен Қостанай облысының басшысы Архимед Мұхамбетов қатысты.

Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтың айтуынша, облыстың 3 қаласы мен 11 ауданынан 50-ден астам кәсіпорын ауылшаруашылық өнімдерін әкелген.

– Жалпы, жәрмеңкеде 650 тонна ауылшаруашылық өнімдері сатылды. 100-ге жуық атаулы
тауар сатылымға қойылды. 33 тонна ет, 90 тонна сүт өнімдері, 52 тонна шұжық пен ет өнімдері, 57 тонна нан мен кондитерлік өнім, 200 мың дана жұмыртқа, 93 тонна ұн және басқа да азық-түлік түрлері бар. Бағасы Астана базарларымен салыс­тырғанда біршама арзан. Шыны керек, Астанада Қостанай өніміне деген сұраныс өте жоғары. Өйткені біз тек қана табиғи таза тауар алып келдік. Сондықтан да біздің өнімдерімізді асыға күтіп жүрген тұтынушылар жетерлік деп ойлаймын, – деді Ғауез Торсанұлы.

Астаналықтар «Қазақстан» спорт кешенінің жанында орналасқан жәрмеңкеден өздеріне қажетті әртүрлі өнімдерді сатып алды. Ермек Қасенұлының айтуынша, жәрмеңкедегі баға нарық бағасынан қарағанда әлдеқайда арзан.

– Екі аптада бір рет осында келіп, ауылшаруашылық өнімдерін сатып аламын. Өйткені мұндағы баға көңілімнен шығады. Мәселен, қаладағы базарларда жылқы еті 1600-1700 теңге болса, жәрмеңкеде – 1500 теңге. Сондай-ақ, картопты – 100, жуаны – 130, сәбізді 120 теңгеден сатып алдым. Ал базарда аталған өнімдердің бағасы 20-30 теңге қымбат. Біз сияқты зейнеткер үшін жәрмеңке көп көмек болып отыр. Соңғы кездері қымбатшылық қысып кетті ғой. Осындай қиын-қыстау заманда жәрмеңкенің өз жәрдемі тиіп жатыр, – дейді ақсақал.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × three =