Жәрмеңкеге жұрт риза

0 224

Алғаш рет елордада «Жастар» сарайында «Baikonur – Sheber 2020» 10-12 қаңтарда көрме-жәрмеңкесі өткізіліп жатыр. Игі шараны Байқоңыр ауданының әкімдігі көпбалалы аналарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырды.– Біз 1 ай бұрын көпбалалы аналарға хабар таратып, қолдарыңыздан қандай өнер келеді, қандай ісмерлік, шеберліктеріңіз бар – дайындаңыздар! Аудан әкімдігі сіздерге арнап тегін көрме-жәрмеңке ұйымдастырады, сол жерде бұйымдарыңызды сата аласыздар дедік. Аналар бұл ұсынысымызды зор қуанышпен қарсы алды. Міне, өздеріңіз көріп отырсыздар, қаншама дүниелер дайындап әкелгенін. Олардың бұйымдарын таңертеңнен бері базарлап сатып әкетіп жатқан адамдар да аз емес, – деп қуанышын жасырмады әкім аппаратының бас маманы Әсел Өмірбаева.
Жәрмеңкеге көпбалалы отыз ананың қолөнер бұйымдары қойылған. Шараға  тек аналар ғана емес, ерекше қажеттілікті қажет ететін жандар, «Қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығы» КММ тәрбиеленушілері, тіпті мектеп оқушылары да қатысуда. Олардың қолдарынан шыққан өнім сан алуан: күнделікті тұрмыста қолдануға жарайтын бұйымдардан бастап, ұлттық нақышта безендірілген түрлі әшекейлер, кәдесыйлар бар. Аналар тоқыма киімдер, жүн қолғап пен байпақ, қоржын-қапшық, қолдан жасалған сабындар, ою-өрнекті түскиіз, дастархан әкелген. Тіпті уақытын бос өткізбей жәрмеңкенің үстінде шұлық тоқып отыр­ғандарды да көрдік. №34 орта мектептің оқушылары тәлімгер ағайларының көмегімен ағаштың түр-түрінен домбыра, астау, қазақы үстел, ағаштан жасалған ыдыс-аяқтар жасапты. №4 мектеп-гимназиясының оқушылары өздерінің қолынан шыққан картиналарымен қуантты. Қоянды ауылының тұрғыны Гүлжайнат Айтмұхамед жәрмеңкеге арнап тегене-тегене бауырсақ пісіріп әкелген екен, онысы түске дейін түгел сатылып кетіпті.
Мұндай шараның ұйым­дастырылуына жұрт разы. Қызығушылар, өтініш айтушылар көп. Көрме-жәрмеңкеге келушілер керегін алып қуанса, қолөнершілер азын-аулақ табыс табуда. «Егер бәрі сәтті өтіп, халықтың сұранысы жоғары болса, біз оны алдағы уақытта да үзбей өткізетін боламыз» дейді аудандық әкімдіктің өкілдері.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды