Жәрмеңкеден – Сарайға дейін…

Архивті ақтарғанда...

0 16

 XIX ғасырдың 50-60-шы жылдардан бастап алыс-жақын жерлердегі шаруалар мен саудагерлердің басын қосқан ірі сауда ордасы болған, жәрмеңкелер өткізілген орынға 1950 жылдары «Родина» кинотеатры салынып, пайдалануға берілді. 1961 жылы 20 наурыз­да Ақмола шаһары – тың өлкесінің орталығы Целиноград қаласына айналады. 1960 жылы 16 желтоқсанда КОКП Орталық комитеті Н.С. Хрущевтің бастамасымен Қазақ КСР-нің құрамында Тың өлкесін құру туралы қаулы қабылдады. Ақмола облысы 1960 жылы желтоқсанда таратылды. Мәскеу, Ленинград еңбекшілерінің Қазақ КСР-нің солтүстік облыстарына шефтік көмек көрсету жөніндегі үндеулері жария­ланды.
Тың және тыңайған жерлерді игеру саясатымен қала күн санап өсті. Өлке орталығында түрлі шаралар өткізетін кең қоғамдық ғимарат қажет болды. Тіпті 1961 жылы Н. Хрущев Целиноградқа келгенде жиналыс өткізетін лайықты зал таппай өндіріс орындарының бірінде жиналды. Осыдан кейін Тың игерушілер сарайының құрылысын салу жөнінде шешім қабылданады. Рига қаласындағы «Латгипрогорстрой» институтының сәулетшілері (архитекторлары) П.Ю.Фогелс, Д.К.Даннеберг және О.Н. Крауклис әзірлеген КСРО-да Кремль съездерінің сарайына пара-пар ғимарат Целиноград қаласында салынатын болып шешілді.
Тың игерушілер сарайының құрылысы Қазақ КСРО Министрлер Кеңесі бекіткен жобалық-сметалық құжаттамасы бойынша 1961 жылы 15 қазанда басталып, 1963 жылы 6 қарашада пайдалануға берілді.
Еңбекшілер депутаттары Целиноград қалалық Советі атқару комитетінің 1963 жылы 20 мамырдағы «Родина» кинотеатрын Депо-2 ауданына көшіру жөніндегі шешіміне сәйкес 1963 жылғы 26 маусымда 15 шілдеге дейін берілген алаңды абаттандыру жөнінде қарар қабалданады. Сөйтіп кинотеатр көшіріледі.
Ал жаңадан салынған 2340 орынға арналған көрермендер залы мен ең алдыңғы қатарлы жабдықтау жүйесі, 150 орындық кафесі бар Сарай қаланың мәдени өмірінің орталығына айналды, бұл жерде партия жиналыстары, концерттер, кинокөрсетілімдер, жаңажылдық мерекелер, фестивальдер өткізілді.
Тың игерушілер сарайы 1990 жылдардың соңындағы күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін 1999 жылдан бастап Конгресс-холл аталды. 2016 жылдан бастап «Астана» концерт залы болып атауы өзгертілді.

Ғазиза ИСАХАН,
Нұр-Сұлтан қаласы
мемлекеттік архивінің
ғылыми-зерттеу
бөлімінің басшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды