Жәрмеңке қызып тұр

0 23

Демалыс күндері елордадағы «Хан шатыр» СОО жанындағы алаңда Ақтөбе мен Қызылорда облыс­тарының ауылшарушалық жәрмеңкесі өтті. Арқа төріне қос өңірден 540 тонна өнім әкелінді.

Жәрмеңкеге 90 өндіруші өз өнімдерін ұсынды. Соның ішінде 146 тонна күріш, 129 тонна картоп пен көкөністер, 62 тонна ет, 30 тонна балық пен балық өнімдері, 13 мың тауық жұмыртқасы, 7 тонна шұжық өнімдері, 5 тонна ұн мен макарон және 30 тонна басқа да азық-түлік өнімдері қаладағы орташа нарықтық бағадан 15-20 пайызға төмен саудаланды.
Қызылорда ауыл шаруа­шылық басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаевтың мәлімдеуінше, Сыр өңірінің шаруалары екі күндік жәрмеңкеге 130 миллион теңгенің 477 тонна ауылшаруашылық өнімін алып келген. «Қызылордадан бас қалаға 70 тауар өндіруші келді. Олар алыпсатарлар емес, өнімдер тікелей егістіктен. Қызылордалық диқандар елорда әкімдігімен бірлесіп, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға арналған қайырымдылық шара ұйымдастырды» деді ол.
Жәрмеңке таңғы сағат 9.00-де басталып, кешке дейін жалғасты. Ақтөбе мен Қызылорданың өнімдерін арзан бағада алуға келгендердің қарасы көп болды. Елорда тұрғыны Гүлмира Рахимбекова бұдан былай жәрмеңкеге жиі келіп тұратынын айтты.
«Бүгін отбасымызбен жәрмеңкеге бірінші рет келдік, бағалары ұнады. Тек мұнда келгендер көп болғандықтан, көлік қояр орын таппай қиналғанымыз бар. Көлігімізді алыстау жерге қойып, жаяулаттық. Сондықтан көп өнім ала алмадық» деп пікір білдірді ол.
Аралдың балығын саудаға салған Жансұлтан Арапбек жәрмеңкеге 3 тонна балық әкелген. «Сауда қызу, балық алам деушілер көп. Жәрмеңке жиі өткізіліп тұрса, елордалықтарды түрлі өнімдермен қуанта береміз. Өнімдерді тез бұзылатын болғандықтан арнайы мұздатқышы бар көліктермен жеткіздік» дейді ол.
Ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі алдағы демалыс күндері де жалғасады. Қыркүйектің 26, 27 күндері Шығыс Қазақстан және Ақмола облысының өнім өндірушілері келеді.

Наима
НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + sixteen =