Жәрдемді жедел жеткізетін планшет

0 132

Елорда медицинасы тағы бір саты өрледі.
Дәрігер­лердің қолына тиген заманауи технология көп түйінді шешеді, артықшылығы молынан. «Е-жедел жәрдем» инновациялық жобасы аясында жылжымалы жедел медициналық қызметке енген электронды планшеттің «қасиеттерімен» таныспақ болып, Астана қалалық жедел медициналық жәрдем стансасына із салғанбыз.

Стансада алпыстың шамасында бригада бар. Әр күн сайын осынша жедел жәрдем көлігі тыным таппай, түрлі шақыруларға ағылады. Электронды планшет бәріне берілген. Алдын ала құлағымыз шалған деректерге сенсек, сенсорлы экран арқылы шаһардың кез келген бұрышын жа­ңылмай тауып баруға болады-мыс. Бұған сәл кейінірек көз жеткізерміз.

Бізді серік еткен №29 бригаданың фельдшері Марал Мұқанова дәрі­герлерге тән мінезден, мейірімнен ада емес. Ә дегеннен жүргізушіге «Бағытымыз – Потанин көшесі, үшінші үй, «Лия» дүкені» деп, жол нұсқады… Қолындағы планшеттің экранын ашып жіберіп, жолға шық­қаны жөнінде стансадағы диспетчерге хабарлама тастады.

Жаңа құралға қызығушылығымыз артып барады, тереңірек білгіміз келеді.

– Жол қысқарсын, Марал, элек­тронды планшетті мақтай отыр­са­ңыз… Жаңа жаңалық жұмыс­тарыңызға да серпін берген болар?

– Иә, расында мақтайтын, мақ­танатын тұстары көп. Ең алдымен, жүргізушінің жұмысын жеңілдеткенін айтайын. Біздің науқасқа тез жетуі­міз, тез көмек қолын созуымыз жүр­гізушіге тікелей байланысты ғой. Сондықтан, баратын бағытымызды – науқастың мекенжайын мұнда енгізе салсақ, бұл қалай жүру керектігін көрсетіп отырады бізге. Күнделікті проблемамызға айналған – көлік кептелісіне де көп іліне бермейміз.

– Жедел жәрдем қызметкерінің жұмысы қандай жағдайда да ма­ңыз­ды. Планшет фельдшерге қа­лай көмектеседі? Басқа қандай қа­сиеттерге ие?

– Басқа қадап айтатыным, бізде шақырулар өте көп. Бұрындары стан­садағы кезекшілермен рация, яғни, радиотолқын арқылы байланысатынбыз. Ол біздің уақытымызды жейтін. Енді байланысқа планшет арқылы шығамыз. Сапалы әрі тез. Қажет жағдайда науқаспен де, нау­қастың қасында отырып, аурухана дәрігерлерімен де тікелей байланыса аламыз. Олардан күрделі ауру түріне қарай кеңес сұрап, ауруханаға жеткізгенше, жағдайды бір қалыпта ұстауға мүмкіндік бар.

Осылардың өзі әр шақырудан кем дегенде бес-он минуттан үнемдеуге мүмкіндік береді.

…Көп қиналмадық, әлгі «Лия» дүкенінің тура алдына келіп тірелдік. Сауда орнында көкөніс сатушысы болып істейтін әйел болса керек. Тобығын қайырып алыпты. Өзінің аяғы ауыр. Марал көмекшісімен науқасқа алғашқы медициналық жәрдемін көрсетті. Дәкені еппен таңып, қажетті деректерін түртіп, ауруханаға алып кететінін айтты…

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 3 =