©2020 Астана Ақшамы
Жәрдемақы жөніндегі келісім
Ақпан айының басында еліміздегі «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңына өзгерістер енгізілгенінен жұртшылық хабардар. Осы заңдық құжаттағы толықтыруларға байланысты кеше Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаеваның төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның кезектен тыс отырысы өтті.
Биылғы жылдың 4 ақпан күні жаңа өзгерістермен қабылданған заңның жүктілікке және босануға, жаңа туған балаларды асырап алуға байланысты табысынан айрылған жағдайларда төленетін әлеуметтік төлемді тағайындау мен оның мөлшері жөніндегі 23-1-бабына қосымша 5-тармақ енгізілгені белгілі. Осы демалыс төлемінің әлеуметтік маңызын ескерген қалалық әкімдік, Кәсіподақтар кеңесі мен Астана қаласының жұмыс берушілер бірлестіктері 2012-2014 жылдарға арналған үшжақты келісімнің ІV бөлімін 4.7 тармағымен толықтырып, онда мынадай мазмұндағы өзгеріс енгізу жөнінде келісімге келді: «Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын еңбек және (немесе) ұжымдық шарттарға, жұмыс берушілердің актілеріне жүктілігі және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайларда әлеуметтік төлемдерді шегеріп, орташа еңбекақысы сақтала отырып, жүктілігі және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алу бойынша демалыс төлемі туралы шарттар енгізілсін».
Енді қаланың күллі жұмыс берушілері осы ақпаратпен танысып, бір ай ішінде өз сын-ескертпелері мен ұсыныстарын айтуы керек.
– Егер бір ай көлемінде жұмыс берушілер тарапынан ешқандай да ескертпелер болмаса, онда келісім заңдық күшіне енді деп есептейміз. Сондықтан жаңа толықтыруға байланысты ешқандай түсінбеушіліктер болмас үшін жұмыс берушілер енгізілген өзгеріспен жете танысып, бір ай көлемінде өз пікірін білдіруге тиіс,– деді Аида Ғалымқызы.
Бұдан кейін үш тарап Келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды.
Ал журналистерге түсінік берген «Астаналық жұмыс берушілер одағы» ЗТБ төрағасының орынбасары Валерий Казаков бұл өзгеріс әйелдер қауымының жәрдемақыны алуға деген сенімін арттыратынын айта келіп, заңға сәйкес жасалған үшжақты келісімдегі толықтырулар туралы қаланың күллі жұмыс берушілерін дер кезінде құлақтандырып, тиісті ақпаратты жеткізетінін мәлімдеді.
Қымбат НҰРҒАЛИ