ЖАРАУ АТТАЙ ЖАҢА ҮКІМЕТ

0 123

Правительство РК

Еліміздің экономикалық саясатындағы жаңа бағыттар талабына жауап беруі тиіс

Ел болдық! Енді ертеңді ойлайық! Бүгін айтып жүрген әңгімелеріміздің де, атқарылып жатқан істеріміздің де, саясатымыздың да түп-төркіні, негізгі мақсаты – осы! Шүкір, көп жұмыс жасалды, жасалуға тиістісі одан да көп. Жанды жегідей жеп жүрген әттеген-айлар да жеткілікті, қарын аштыратын жағдайлар, оқиғалар баршылық. Әлемдік экономикада қалыптасқан ахуал өңірлік те, жаһандық та тұрғыдан жіті көңіл бөлуді талап етеді. Сондықтан да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылдың 6 тамызында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Үкіметтің бұдан арғы экономикалық саясаты қазіргі кездегі қатерлерді ескеруге бағытталуы керек. Бүгінде біз өзгерген ахуалды ескере отырып, жаңа іс-шаралар әзірлеуге тиіспіз» деп атап өтті.

Сөйтіп, «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрініс тапқан міндеттерді іске асырып жатқан Үкіметтің жұмысын одан әрі жандандыруға аса назар аударылды. Осыған орай Елбасы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру, мемлекеттік оңтайландыру және Қазақстан Республикасының жинақы Үкіметін қалыптастыру мақсатында «Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару жүйесінің реформасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Менің ойымша, мұны пісіп-жетілген әрі дер кезінде қабылданған маңызды қадам деп қабылдауға толық болады.

Ендігі жерде жаңа Үкімет алдында жаңа міндеттер тұр. Атап айтқанда, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енеді, сондай-ақ еліміз Дүниежүзілік сау­да ұйымына кіру туралы келіссөздердің соңғы сатысында тұр, ал биыл желтоқсанға дейін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен ынтымақтастық туралы бағдарлама қабылданады. Экономиканы әртараптандыру мәселесі де Үкімет жұмысының басты басымдығы болып саналады десек, 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру қасиетті міндет екені түсінікті. Жекешелендірудің екінші толқыны мен «Халықтық ІРО» бағдарламалары нақты жұмыстарды атқаруды талап етеді.

Экономиканың қалыпты дамуы мол қаржыны қажет ететіндігі белгілі. Сондықтан Қазақстанға іштен және сырттан инвестиция тарту үшін барлық жағдайлар жасау да бүгінгі күн тәртібінің өзекті мәселесі болып отыр. Әрине, бұл тұрғыда қазірдің өзінде нақты шаралар қолға алынуда. Мәселен, осы жылғы маусым айында өткен ҚР Президенті жанындағы шетел инвесторлары кеңесінің 27-пленарлық мәжілісі барысында Қазақстанда инвестициялық белсенділік танытқан он мемлекеттің азаматтары үшін елімізге визасыз келіп кету режимін орнықтыру жөнінде біржақты шешімнің қабылданғаны туралы ресми хабарланды. Сондай-ақ, экономиканың өсіміне серпін беру үшін 2014-2015 жылдары Ұлттық қордан бір триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, өткен 3 айда шағын және орта бизнестің жалпы құны 78 миллиард теңгеге есептелінген жобалары мақұлданды. Жобаларды нақты қаржыландыруға 47 миллиард теңге бөлінді. Мұнымен қоса Үкіметке биылғы 1 қыркүйекке дейін Ұлттық қордан 2015 жылы 500 миллиард теңге мөлшеріндегі екінші транш бөлігін инвестициялау жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылып отыр. Жекешелендірудің екінші толқыны барысында 853 нысанның мемлекеттің меншігінен алынуы нәтижесінде Қазақстанның экономикасына миллиардтаған қаржы келеді деп күтілуде.

Мемлекеттің алдында тұрған аса ірі стратегиялық мәселелерді қаржы тұрғысынан оңтайлы шешуге таяуда қабылданған «Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғалардың мүлікті жария етуіне байланысты оларға рақымшылық жасау туралы» Заңның ықпалы мол болары сөзсіз. Ол үшін Үкімет тарапынан тиісті шаралар қарастырылуы керек десек, қателесе қоймаспыз. Бұл бағытта оң тәжірибеміз де бар. Түптеп келгенде, елімізде бұған дейін екі дүркін ақшаны және мүлікті жария ету акциясы жүзеге асқан болатын. Мысалы, 2001 жылғы ақша жария етуден 480 миллион доллардан астам қаржы заңды айналымға тартылды. Ал 2006-2007 жылдары ақшамен қоса жылжымайтын мүліктер жария етіліп, бюджет 845 миллиард теңгемен толықты. Ендеше, биылғы бірінші қыркүйектен 2015 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі аралықта мүліктерді және ақша жария етуден түсетін қаражаттың шамасы айтарлықтай болады деген сенім бар.

Осы бір тұста «заңсыз табысты заңдастырғанның жөні қалай?» деген сауалдың әркімді мазалайтынын жоққа шығара алмаймыз. Мынаны ескерген жөн: Қаласақ та, қаламасақ та, нарық әлемінің өз заңы бар. Өкінішке қарай, әлемдік тәжірибеде капиталдың шоғырландырылуы, әсіресе оның алғашқы кезеңінде, құқықтық нормаларға сай келмей жататын тұстары аз кездеспейді. Сондықтан ақшалай және өзге де активтерді көлеңкеден шығару дүниежүзі бойынша өткір мәселеге айналып отыр. Әрі бұл мәселе жаһандық дағдарыс және капиталдың экономикадан сыртқа кетуі жағдайында ушыға түсуде. Сол себепті, әлемнің көптеген елдерінің өз тарихында бірнеше дүркін жария ету тәсіліне жүгінуге мәжбүр болғаны белгілі. Мысалы, Индияда капиталға бес рет рақымшылық жасалса, бұл жағдай Португалияда – төрт рет, Ирландия, Австрия, Франция елдерінде екі реттен, Италияда сегіз рет орын алды. АҚШ бұл тұрғыда рекордтық көрсеткішке ие – мұнда көлеңкелі капиталға жалпы саны 62 рет рақымшылық жасалған екен.

Қазақстанда капиталды жария етуге байланысты еліміздің қаз басқан қиын кезеңінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Ұлттық банктің төрағасы қызметтерін атқарған Дәулет Сембаев «Егемен Қазақстан» газетіне 2001 жылғы 11 шілдеде берген сұхбатында былайша ой қорытады: «Жұрттың көпшілігі жасырылып келген ақшаның бәрі бірдей арам жолмен табылғандай көретіні бар. Бұл өзі өте күрделі мәселе. Әуелде ондай ақшаның негізі ішкі баға мен дүниежүзілік бағаның айырмашылығы арқылы жасалғанын ескеру керек. Істің көзін тапқан адамдар біздегі арзан бағаға сатып алды да сыртқа әлемдегі әділ бағамен сатып жіберді, сол арада заңды бұзған жоқ. Сөйтіп жүріп талай ақша жинап алды. Оны кезінде табыс декларациясынан жасырып, салықтан аман алып қалды. Өндіріске салайын десе, қайдан тапқанын қазбалап, өзіне қауіп төнеді. Екі ортада өз азаматтарымыздың ақшасы шетел банктерінде шоғырланып, өсімі басқалардың экономикасына қызмет етіп немесе үйдегі сандықта қимыл-қозғалыссыз жатыр».

Белгілі қаржыгердің бұл әңгімесін астықпен айналысып, өз өнімдерін сыртқа өткізушілерге толық жатқызуға болады. Бұрындары шаруалардың маңдай терімен өндірілген өнімдерін мейлінше төменгі бағамен сатып алып, оларды шетелге бес-алты есе қымбатқа сатқан дәнекердің табысының басым бөлігі елге қайтпай, сыртта қалып жатты. Бұл жағдай шетелдік тауарларды елімізге молынан тасып жүргендердің де тарапынан жиі байқалды.

Мұндай ахуалдың орын алуына шетелдік валютамен жұмыс істейтін заңдарымыздың жетілдірілмеуі басты себепкер болды. Енді бұл мәселе өзінің шешімін тауып отыр. Соңғы қабылданған заңға сәйкес бірқатар қылмыстық және құқық бұзушылыққа жол берген адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Заңда сонымен бірге жалған кәсіпкерлікпен айналысқандарға, несиені заңсыз алғандарға әрі мақсатсыз пайдаланғандарға, құнды қағаздармен операция ережелерін бұзғандарға, кедендік төлемдерді төлеуден жалтарғандарға, экономикалық контрабанда және рейдермен шұғылданғандарға кешірім жасалмайтыны көрсетілген.

Бір сөзбен айтқанда, 2017 жылға белгіленіп отырған жеке тұлғалардың табысы жайлы жалпыға бірдей декларация өткізу барысында азаматтардың өздерін еркін сезінуге, сөйтіп байлықтарының игілігін көріп қана қоймай, сол табыстары арқылы экономикаға қан жүгірте отырып, әлеуметтік мәселелерді шешуге олардың үлес қосуына жол ашылып отыр деуге толық негіз бар.

Теңізге үлкенді-кішілі сан алуан өзен жан-жақтан сарқырай құйылып жатады. Оның ұлы болмағы өзендердің сарқылмауына тікелей байланысты. Ендеше, Үкімет өзінің әр азаматының ел игілігіне қызмет жасауына барынша жағдай жасап отыруы қажет-ақ.

Кенжеболат Жолдыбай,
саясаттанушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + 13 =