ЖАРАҚАТ ТА ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯМЕН ЖАЗЫЛАДЫ

0 112

1C1A2331

Қазіргі таңда травматизм тек қана Қазақстан үшін емес, сондай-ақ, әлемдегі басқа елдер үшін де ең өзекті медициналық-әлеуметтік мәселелердің бірі болып отыр. Дүние жүзінде түрлі жарақат алудың кесірінен жыл сайын 5 миллион адам қаза табады екен. Қазақстанда да дене зақымынан көз жұматындар саны азаяр емес. Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының деректеріне сүйенсек, бүгінде еңбек жарақаты жүрек-қан тамырлары мен онкология ауруларынан кейінгі өлім-жітімге жиі себеп болатын қатарда тұр. Өнеркәсіпте, құрылыс саласы мен көлік қызметінде жүрген адамдар арасында түрлі жарақат алып, мүгедек болып қалғандар саны соңғы кезде екі есеге артқан. Бұл – травматология және ортопедия заманауи медицинаның басым бағыттарының біріне айналып отыр деген сөз. Соңғы жылдары дене жарақаттарын емдеу саласы инновациялық технологиялар енгізудің арқасында маңызды өзгерістер жасауға қол жеткізуде. Бұған Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты көшбасшы болып отырғанын да айта кеткен жөн.

Астанада өткен республикалық травматолог-ортопед дәрі­гер­лердің ІІ съезі осы саланы өр­кен­детуге қатысты көптеген келелі мәселелерді талқыға салды. Конференция жұмысында қазақстандық мамандармен қатар Германия, Қырғызстан, БАӘ, Түркия, Өзбекстан, Эстония, Ресей және тағы басқа елдерден келген ғалымдар мен мамандар қатысты.

Конференцияға қатысушыларды Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева құттықтап, әр елден келген арнаулы маман-дәрігерлердің тәжірибе алмасуы Қазақстандағы травматология мен ортопедия салаларын одан әрі дамытуға септігін тигізетініне сенім білдіріп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Денсаулық сақтау және әлеу­меттік даму вице-министрі Салидат Қайырбекова осы саладағы жетістіктерді айта келіп, жаңа технологияларды денсаулық сақтау ісіне кеңінен енгізіп, одан әрі дамытуға бұл конференцияның бе­рері мол екенін жеткізсе, ТОҒЗИ директоры, профессор Нұрлан Батпенов еліміздегі травматология және ортопедияның болашағы мен қазіргі жағдайына тоқталды.

Бүгінде қазақстандық травма­толог мамандар ұдайы кәсіби бі­ліктіліктерін  шыңдау  үстінде. Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты жылына –
8 мың, ал күн сайын 25-30-дай операция жасайды екен. Сондай-ақ, жыл бойы Қазақстанның барлық аймақтарынан келген оперативтік көмек 5 мыңдай науқасқа көр­сетіледі. Жоғары технологиялық қызмет көрсету өрісін кеңейту мақсатында мамандандырылған медициналық көмектің жоғары технологияларын трансферттеу, соның ішінде жамбас, сан және тізе буындарының эндопротезі бойынша да жұмыстар жүргізіледі.

Сонымен қатар, жиында омыртқа жарақаты мен ауруларын емдеу, ірі буындарды эндопротездеу, остео­синтез, балалар травматологиясы мен ортопедиясының өзекті мәселелеріне арналған бірнеше ғылыми баяндамалар оқылды.

Съезд тек теориялық мәселе­лермен ғана шектелген жоқ. Белгілі ғалымдардың жетекшілігімен  травматолог-дәрігерлер омыртқа жарақатын хирургиялық тұр­ғыдан емдеудің технологияларын оқып үйренді, шеберлік са­бақ­тарына қатысты. Оған қоса, фар­мацевтикалық компаниялар медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектер көрмесін ұйымдастырды.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 5 =