ЖАРАҚАТ АЛУ ЖИІЛЕГЕН

0 176

photo_12225

Бүгінде өндіріс орындарындағы өлім-жітім көбейіп кеткен. Мұның басты себебі өнеркәсіп орындарында қауіпсіздік ережелері әлі күнге дейін сақталмай келеді. «Оқыстан мерт болып ауруханаға жеткізілді. Биік үйден құлап кетіпті» деген хабарларға халықтың құлағы әбден үйреніп алған. Сол сәтте селт еткеніміз болмаса, артынша ұмытып кетіп жатамыз. Шындығына келсек, бұл – үлкен мәселе. Оның ар жағында адамның өмірі тұр. Соған сәйкес, Астана қаласы еңбек инспекциясы басқармасының бастамасымен еңбек жағдайын жақсарту, қауіпсіздікті арттыру, жұмысшылардың өндірістік жарақат алуына жол бермеу мәселесі туралы дөңгелек үстел мәжілісі өтті.

Халықаралық еңбек ұйымының дере­гіне жүгінсек, жыл сайын әлемде тек өн­діріс орындарынан 270 миллион адам түрлі дең­гейдегі жарақаттар алады екен. Ал оның 160 миллионы біржола мүгедектікке душар болып қала­тын көрінеді. Бұл жағымсыз жағ­дай қазір біздің елімізде де белең алып  тұр.

ҚР бақылау және әлеуметтік қор­ғау комитеті төрағасының орын­­­басары Төлеген Оспанқұлов­тың мәліметі бойынша, биылғы жыл­­дың басында  Астана қаласын­дағы өндіріс орындарында 104 оқыс оқиға орын алып, 34 адам қаза тапқан. 83 адам ауыр жара­қаттар алған. Былтырғы сараптама бойынша, өндіріс орындарында 143 оқыс оқиға болып, 147 адам жарақат алған екен. Соның салдарынан 20 адам қайтыс болса, 80 жұмысшының денсаулығына ауыр зақым келген. «Әсіресе, құ­рылыс қарқынды жүріп жатқан Астана, Ақтөбе, Қоста­най, Маң­ғыстау Қарағанды облыс­та­рындағы өндіріс орын­да­рында өлім-жітім көп» дейді Тө­ле­ген Оспан­құлов. Сонымен қа­тар, кә­­сіп­­орындардағы санитарлық-ги­гие­налық ережелердің дұрыс орын­далмауынан шу, діріл, тағы басқа зиянды заттардың  әсерінен пайда болған 447 кәсіби ауру оқиғасы тіркелген.

Көбінесе құрылыс фирмалары мен тау-кен саласында жұ­мыс жасаушы­лар апатқа жиі ұшы­райды екен. Ста­тистикаға қа­расақ, республика бойынша тір­келген қайғылы оқиғалардың 36 пайызы тау-кен өндіру орындары мен құрылыс секторларының үлесіне тиеді екен.

Қазіргі таңда Астанада 10 406 құ­рылыс компаниясы тіркелген, со­ның 1438-і қызу жұмыс істеп жатыр. Бірақ бұлардың бәрінде еңбек қауіпсіздігі сақталған деу қиын. Бұл жерлерде 29,5 мың адам жұмыс істейді. Компаниялардың ешқандай да мамандығы жоқ азаматтардың жұ­мысқа қа­былдануы да мәселені ушықтырып отыр.

Жалпы, өндірісте жарақат алу жағы­нан аты дардай «BI Group» «СК Базис», «Stmbol» ком­па­ния­лары алдыңғы қатарда екен. Осы компания­лардың құрылыс алаңдарында жарақат алу көптеп саналады.

Жиында Еңбек инспекция­сы бас­қармасы басшысы орынбаса­рының міндетін атқарушы Қай­рат Ысқақов елордадағы ең­­бекті қорғау мәселесінің жай-күйі­не тоқ­талды. Оның айтуынша, жыл басынан бері өндіріс орын­дарындағы жарақаттану деректері бойынша мемлекеттік инспекторлар 48 қыл­мыстық іс қозғаған екен. Ал, биыл жұмысшылардың өміріне қауіп төндіру дерегі бойынша 9 құрылыс ұйымының жұмысы тоқ­татылып, іс бойынша құжаттар сот­қа жіберілген. Мәселен, ағым­дағы жылдың басында еңбек заң­­­дылықтарын сақтау жөнінде 218 кәсіпорын мен ұйымдар тек­се­ріл­ген. Соның нәтижесінде 365 заң бұзушылық тіркелген. Лауа­­зымды және заңды 202 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 24,6 млн теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Жалпы жазатайым жара­қаттану оқиғасының әрбір үшіншісі жұмыс беруші кінә­сінен болады екен. Сондықтан жұмысшылардың өмірін сақтау үшін еңбек қауіпсіз­дігіне нем­құрайлы қараған жұмыс беру­ші­лерге қолданылатын жазаларды қатайту, айыппұл көлемін ұлғайту мәселелері жиында сөз болды. Сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандардың біліктілігін көтеру, олардың жұмы­сын үйлестіру мәселесі де кеңінен айтылды.

 Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + four =