«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жарапазанға жақсы насихат керек

0 5

Биыл елімізде жарапазан айту дәстүрін жаңғырту мақсатында Рамазан айы кезінде жарапазан айтудан жарыс өтетіні белгілі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан ұйымдастырылған бұл шараға Нұр-Сұлтан қаласының жарапазаншылары да белсене қатысуда.

a683a98418ba2b77662c74f8d5f121c8

Дейтұрғанмен жақында еліміздің оңтүстік өңірлерінде жарапазан айтып жүрген балаларға ескерту жасалып, шектеу қойылған жағдай да болды. Мәселен, 5 сәуір күні Шымкентте түн жарымда жарапазан айтып жүрген 14 бала анықталып, Шымкент қалалық ПД ювеналды полиция қызметкерлері ата-аналарына ескерту жасаған еді. 20 сәуір күні осы жағдай Түркістан облысында да қайталанды. Осы жағдайларға байланысты полиция қызметкерлері «бала – болашағымыз» десек, өскелең ұрпақтың дұрыс жолда өсіп-өнуі – баршамызға жүктелген міндет» деп ата-аналарға үндеу тастады. Бізге осы үндеу біраз ой салды.

Бұл арада полиция қызметкері балаларды түнде жарапазан айтқаны үшін жазғырып тұр ма, жоқ әлде беймезгіл уақытта ата-анасының қарауынсыз жүргені үшін ескерту жасап тұр ма, ол жағы белгісіз. Соңғысы болса сөзіміз жоқ, ал алдыңғы себеппен балаларды кінәласақ, онда бұл дұрыс емес. Әрине, балалардың түні бойы жұрттың мазасын алып, жарапазан айтқаны немесе жарапазан айтамыз деген сылтаумен таң атқанша үй бетін көрмей, көше кезіп жүргені дұрыс емес. Бірақ балаларды түнде жарапазан айтқаны үшін жазғыруға болмайды. Өйткені бұл – дәстүр.

Жарапазан – қазақтың маусымдық (календарлық) фольклорына енетін, тұрмыс-салт жырларының діни ұғымға байланысты түрі. Қазақ арасына ислам дінімен бірге тараған бұл өлең түрі әу баста діни уағыз айту мақсатында айтылса, уақыт оза келе жомарттықты, дінге берік, салтқа жүйрік, қайырымды адамдарды алқайтын мадақ жырға айналған. Ол ораза айында, «ауызашар» кезінде, түн ішінде айтылады. Кейде сый-садақа дәметкен үлкен кісілер күндіз де айтады. Ораза айында дінді насихаттап, өлең айту сауап деп түсінген жарапазаншылар өнер арқылы ораза ұстаушылардың көңілін көтерген, қайыр-зекетін де алған. Жарапазанның қалыптасқан тексті, үйреншікті әуені болған. Өлеңге ебі бар кісілер оны өзінше жаңартып, өзгертіп те айта берген. Оны жеке айтуға да, топтасып айтуға да болады. Жарапазан айтудың мақсаты бір нәрсе дәмету болғандықтан, қазақ қызына жарапазан айтқызбаған.

Қазір жарапазан, жарамазан болып екі түрлі айтылатын бұл атаудың әуелгі төркіні – «иә, Рамазан». Әу баста «иә, Рамазан» болып айтылып, кейін дыбыс үндестігіне сәйкес жарамазан/жарапазанға айналып кеткен. Бұл туралы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Жарапазан рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тұсында тұрып жарапазан өлеңін айтады. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар да болады» деп жазады. Демек, балалардың түнделетіп жарапазан айтып жүргені қазіргі мәдениетке томпақ көрінгенмен, дәстүріміз жөнінен алғанда, орынды. Оған бола «балаларыңды дұрыс тәрбиелеңдер» деп ата-анасын жазғырудың өзі әбестік. Дегенмен қазір жарапазан дұрыс насихатталмағаннан кейін жұрттың көбі оны түсінбейді. Тіпті оның қай мезгілде айтылатынын, қандай жөн-жоралғысы барын да білмейді. Сосын да шығар кейбір балалар жарапазан айтуды мәдениетті «қайыр тілеудің» жолына айналдырып алған. Өткенде біздің үйге де жарапазан айтқан балалар келді. Бірақ бір ауыз жарапазан айтуды білмейді, үй-үйді аралап, есік қағып «біз жарапазан айтып жүрміз» дегендері болмаса, жарапазанның сөзінен де, әуенінен де бейхабар. Ақша бермей, тәтті, құрт, ірімшік берсек, алғысы келмей тұрған кейіптеріне қарап «біз жарапазаншылармыз» десе, жұрт ақша береді деп айналып жүрген түрлері секілді. Демек, бұл жерде балалардың кінәсі жоқ, мәселе сол дәстүрімізді дұрыс түсіндірмеген ата-аналарда. Қайдан табам дейтін емес, интернетті ашса, жарапазанның түр-түрі тұр. Солардың бірін балаларға жаттатуға болар еді.

Айта кетуге тиісті тағы бір мәселе, қазір мектептерде салт-дәстүрді дәріптеу жағы әлі кенже. Жаңа жыл десе ай бұрын атқа қонатын мектеп директорлары ұрпақ санасына отаншылдық тәрбиені, ұлттық салт-сананы сіңіру жұмысына аса мән бермейді. Әйтпесе осы бір айда әдебиет оқытушылары-ақ бүкіл балаларға жарапазанды түсіндіріп, өлеңін де, әнін де жаттатып жіберуге мүмкіндік бар ғой…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды