«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жарапазан жарасады оразада

0 54

Қасиетті Рамазан айында жарапазан айтылатыны белгілі. Биыл бұл дәстүрді жаңғыртуға айрықша ден қойған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жарапазан айтудан жарыс өткізгелі отыр. Бұл байқауға Нұр-Сұлтан қаласындағы жарапазаншылар да белсенді дайындалуда. Осы орайда жарапазанның жайына арнаулы тоқтала кетуді жөн санадық.

жарапазан

«Жарапазан» сөзі «жарамазан» деп те айтылатыны белгілі. Тіліміздегі өңірлік және дәуірлік азды-көпті айырмашылық салдарынан «м» мен «п» дыбыстары ауысып түсетін жағдайлар жиі кездеседі. Қазақ жарапазан десе де, жарамазан десе де жарасып тұр. Оған негізгі атауы жарамазан еді, кейін кеңес өкіметі кезінде дінге соққы берілгенде, жарамазан атауын әдейі жарапазан деп өзгертіп, қасиетті дініміздің, діни жоралғымыздың дін мен салт қатар қабысып кеткен жырларымыздың сиқын кетірді деп қарайтын кісілер бар. Әрине, кеңес кезінде ұлттық руханиятымыздың тамтығы қалмай ұшып кете жаздағаны рас. Дегенмен «м»-ны «п»-ға өзгерту арқылы жарамазанды ұмыттырып жібермек болды деу қисынға сыймайды.

Жарапазан сөзінің негізгі айтылуы – жарамазан. Мұндағы басты әңгіме «рамазан» сөзі туралы. Енді бұл қалай «жа+рамазан» үлгісінде келіп тұр? Мұндағы «жа» – қазақтың «жә» немесе «иә» сөзі. Бұлардың мәні бір. Яғни «жә, аттаналық», «иә, айта беріңіз» секілді сөйлеу үлгісіндегі назарды бір жаққа толық бұру мағынасында айтылатын сөз. «Жә, Рамазан» келді, «иә, Рамазан айы да келді», «жә, Рамазан келіп қалған екен», «иә, Рамазан айы басталды» деген сөйлемдердің бәрі де адамдарға ой арқылы бұрылыс жасау, тың серпін бастау, жаңа ақпаратты хабарлау мағыналарында келеді. Мінеки, осы «жә, Рамазан» айтыла келе «жарамазан», сосын кей жердегі қазақтардың өңірлік дыбыстау ерекшелігін сіңіре отырып, «жарапазан» болып кеткеніне көз жеткізуге болады. Қысқасы, бұл «жә, Рамазанымыз», «Иә, Алла», «Уа, туған жер», «О, кең далам» секілді назарды бұрып, жалт қаратардай қуатқа ие сөзіміздің бірі еді. Оның үстіне «ж» мен «й»-дің тарихымызда қоянтобықтай алмасып келген тұстары көп. Күні кешегі XX ғасыр басындағы жазбаларда да «жә» мен «иә» бір мағынаны бергеніне дерек көп. «Жә, сен бар, жә, мен барайын», «Иә, оны, иә мені таңда» сияқты тіркестерге мысалды көп көрсетуге болады. Сондықтан «жарапазан» мен «жарамазанның» құпиясы қазақтың осы төл «жә (иә)»-сінде деуге болады. Бұл – біздің пікіріміз. Ал осындағы «жә» сөзін арабша «келді» деген сөз деп түсіндірген қаламгерлер бар. Атап айтқанда, жазушы Момбек Әбдәкімұлы өзінің «Жарапазан ба, жарамазан ба?» атты мақаласында: «Негізінде, жарамазанның бастапқы түбір атауы – жә-ә рамазан. «Жә-ә» сөзін арабшадан аударсақ, қазақша «келді» деген сөз шығады. Сонда «жә-ә, Рамазан», яғни біздің тілдік үйлесімдікке қарай қалыптасқан «жарамазан» – «Рамазан келді», «Рамазан айы басталды» деген ұғымды білдіреді. Осыған қарасақ, бұл сөздің пайда болуы Рамазан айына байланысты болып тұр. Ал оның шығу тегіне келсек, ертеде кедей арабтар Рамазан, яғни ораза айы түскенде таң азанымен топ-тобымен бақуат кісілердің үйлеріне барып: «Тұрыңдар. Ұлы айдың сәресі ішетін тағы бір таңы атты. Бәрің де қатардан қалмай, Алланың шапағатына бөленіңдер» деген пиғылдағы сөздерге саятын шумақтары, басқа ешқандай әнге ұқсамайтын мақамы бар әуен-жырды жырлайтын болған. Бұл әндері үшін байлар оларға тиісінше сый-сияпат көрсеткен. Осы әуенді олар «жә-ә, Рамазан» деп атаған. Сол «жә-ә, Рамазан» (жарамазан) ешбір діндік парыз-сүннеттердің қатарына жатқызылмаса да, исламмен еріп, қазақ даласына келген. Бір ғажабы, ислам Орта Азия мен біздің далаға қарай қанат жайғанда онымен бірге келген жарамазан айту салтын түрік халықтары ішінде тек қазақтар ғана қатаң сақтап қалған. Арабтар оны таң азанымен айтатын болса, қазақтар кеш түсе шырқайтын болған. Бірақ қайыр сұрау түрінде емес. Жарамазан айту ежелгі қазақтардың ақынжандылық қасиетіне дөп келген» деп түсіндіреді. Ал бір сөздікте «Жарапазан – (ар. иа Рамадан (о, Рамазан) يارمضان – Рамазан айында ел аралап, діни өлең айтып садақа жинау дәстүрі» деп берілген (Г.Мамырбекова. Қазақ тіліндегі араб, парсы сөздерінің түсіндірме сөздігі. – Алматы. 2017. – 658 б.).

Біздіңше, арабтың «жә», яғни «келді» сөзін күтіп отырмай-ақ, өлеңші қазақ өзі-ақ «Жә, Рамазан» деп «жарапазандатса» керек. Себебі соншама көп елдерде өмір сүріп жатқан араб халқында және туыстас түрік мұсылман жұрттарының ешбірінде сақталмауы «жарапазанның (жарамазан)» авторы көшпелі қазақ жұртының өзі ғана екенін дәлелдей түседі. Рамазан мұсылмандарда ғана емес, ораза ұстау исламиаттан бұрынғы діни қауымдарда болғаны ақиқат. Дегенмен бізге Рамазан ұғымы арабтар арқылы жеткені де шындық. Жалпақ әлемге Рамазанды тарата білген ел «жарапазаннан» жарты шумақ қалдырмай ұмытып қалуы мүмкін бе? Ай мен күннің аманында арабтар жарапазанын ұмытып қалса, сан ғасыр бойы тағдыры талқыға түскен қазақтың мұны ұмытпауы қалай? Тіптен кейінгі кеңестік режимде қаншама құндылықтар жұтылып кетсе де, жарапазанның әліге дейін жадымыздан өшпей келуі сөзімізді қуаттай түседі. Әрісін айтпағанда, мыңжылдық ауызша таралған діни дастандарымыз бен діни өлең-жырларымыздың мұхит қазыналарына қарап тұрып-ақ, Хақтың дінін поэзия арқылы қазақтай көкірегіне сіңірген жұрттың жоқ екеніне толықтай көзіміз жетеді. Алланың діні араб елінен таралып, көшпелі түріктер арқылы әлемге жайылғаны ұлы шындық емес пе? Құдай аманаттаған адамзаттық миссияны адам баласының жүрегіне орнықтыруда көшпелі түріктің, қазақтың орны бөлек. Кітаби догма мен шаламолдалық дүмшеліктен жырақтап, Құдай сөзін ұшқан құстың, жүгірген аңның, аққан судың, көшкен бұлттың, төлдеген төрт түліктің, ұзатылған қыздың, іңгәлаған сәбидің тағдыры арқылы домбыраның қос ішегінде жырлап, Құдай өзі сүйетіндей, ғазиз діннің қасиетін жоймаған да қазақ еді ғой.

Тағы бір айта кетерлігі, XX ғасыр басына дейінгі басылымдарда «жарапазаннан» гөрі «жарамазан» нұсқасы көбірек кездеседі. Қаламгер Момбек Әбдәкімұлы жоғарыда аталып өткен мақаласында «жарамазанды» «жарапазан» деп кеңес өкіметі өзгертіп жіберді дей келіп: «Ал «жарапазан» деген бұрма атауды алғаш рет «Советская степь» газетінің 1928 жылы шыққан 136-нөмірінен кездестірдім» деп жазады. Алайда біз бұл жерде сол жылдары тіпті XVIII ғасырдан бері «жарапазан» мен «жарамазан» қатар аталып келгенін сенімді түрде айтамыз. Бұл – «пұсырман», «мұсылман» сөздерінің қатар қолданылғаны сияқты ғана дүние.

«Жарамазанның» «жарапазан» нұсқасы 1928 жылы емес, 1926 жылы жазылған ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышында» кездеседі. Бір қызығы, Ахаң кітабында «жарапазан» деп береді де, оған келтірілген мысал өлеңдерді «жарамазан» нұсқасында жазады. Осы тұрғыдан алғанда, Ахаң ел ішіне «жарамазан» және «жарапазан» деп екі түрлі айтылатынын ескерген. Осы дәлелдер-ақ «жарамазанды» «жарапазанға» айналдырып жіберген кеңес саясаты емес, тіліміздің төл заңдылығы екеніне одан әрі көзімізді жеткізе түседі.

Біз бұл мақаламызда жарапазанның маңызы мен мәні, мазмұны туралы емес, келу қайнары мен дыбысталу тарихын айтып өтуді көздегендіктен, айтар ойдың сіргесін осы арада жинай тұрамыз. Жарапазан – жат жұрттан келген жанр емес, жұртымыздың төл тума мұрасы. Ахаңның ұлы еңбегінде арнайы тақырып етіп көрсетуі де осыны меңзесе керек. Ондағы кісілік пен құдайшылық, иманжүзділік пен сыйласымдылықты ашып көрсету – өз алдына бір сара тақырып. Тіптен ел ішіндегі жарапазан жыр үлгілерін жинап, бірер кітап шығаруға да болады. Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан!..

Әділет АХМЕТҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды