«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жарамсақтану ұшпаққа шығармайды

0 143

Соңғы күндері елімізде ескі жүйені сыпыра жамандау мен жалт беріп жаңа басшыны мақтау үрдісі үдеп тұр. Әсіресе, Президенттің үндеуінен кейін,  қоғамдық пікірдің ауаны асыра мақтауға айналып барады.

Без названия (2)

Бір адамға табынып, жағымпазданудың, өтірік-шынды мақтай берудің біздің қоғамның басты дертіне айналғанын ескеріп жатқан ешкім жоқ, «кімнің тарысы піссе, соның тауығы» болып шыға келетін орайшылдар, бұрын әлдекімдерді жер-көкке сыйғызбай мақтағаны есінен шығып кеткендей, бетпердесін сыпырып тастап, енді жалт беріп даттап, жаңа басшыны мақтап жатыр. Бұрынғы пікірінде қалып, сабырлылық танытып жатқандар өте аз. Осыдан-ақ біздің қоғамда желдің ығына жығылатын жағымпаздықтың қаншалықты деңгейге жеткендігін аңғаруға болатын секілді.

Шынымен де, қазір Қазақстан тағдыр­шешті кезеңде тұр. Ел іші ала тайдай бүлініп, жат ниеттегілер жағамызға жармасқанда шарт қимыл, қағылез қадамға барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мықты саясаткер екенін көрсетті. Бейбіт шеруге шыққан халықтың талабын да ескеріп, әлеуметтік мәселелерді бір-бірлеп шешу жөнінде тапсырма берді. Ең бастысы, ел басына күн туғанда елмен бірге болып, ел тағдыры мен мемлекет тұтастығы талқыға түскен кезде өз міндетін абыроймен атқарды. Ендігі мәселе – халықтың осы Президентті қолдап-қуаттауы мен оған деген сеніміне тіреліп тұр. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» дегендей, халық жұдырықтай жұмылса, билік те сөз жүзінде ғана емес, нақты іс жүзінде «халық үніне құлақ асса», елдің жағдайы, халықтың тұрмысы біртіндеп оңалатыны анық. Бірақ біз оған өтірік мақтау мен жағымпаздықпен жете алмаймыз. Президентке керегі де құр мақтау, жалаңдаған жағымпаздық емес, керісінше, елді біріктіретін, ұлтты ұйыстыратын, экномиканы дамытатын, өндірісті өркендететін ұтымды ұсыныс, жаңа идея керек.

Қазақтың біреуді мақтаса, аспанға ұшырып, даттаса, жеті қабат жердің астына түсіріп жіберетін мінезі бар. Сосын да шығар, біздің кейбір азаматтар «азаттықтың таңы атты», «қазақтың күні енді туды»… деп соғып жатыр. Сонда біздің ел 30 жылдан бері қандай ел болды?! Тәуелсіздік алғанымыз, БҰҰ-на мүше болғанымыз, шекараны шегендеп, төңірегімізді түгендеп, Орталық Азиядағы қуатты мемлекет болғанымыз қайда қалды?! Демек, бүгінгіні мақтағанның жөні осы екен деп, өз тарихымызды да жоққа шығаруға болмайды ғой. Бұрынғы билік өкілдерінің халықпен санаспай, бір қоғам, екі жікті мемлекет қалыптастыруына да біздің халықтың қатысы жоқ деп кесіп айта аламыз ба?! «Хан емессің қасқырсың, қас албасты басқырсың» деп ханның да айыбын бетке айтатын Махамбет, Бұқар жыраулардың бүгінгі ұрпағы керісінше сарай жағалап, билік басындағыларды «Пайғамбарға» теңеуге дейін барды. Қане, осыдан ұтқанымыз? Қане, осыдан абырой тапқанымыз?! Өтірік мақтау мұзға жазып, күнге кептіргендей баянсыз екені әлдеқашан дәлелденген жоқ па?! Демек, мақтаудың да мөлшері, даттаудың да шегі бар екенін ескергені жөн.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды