«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ЖАРАЛЫ ЖҮРІП ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАН

0 174

3 3

Соғыс! Жаманат хабар қазақ даласына тез тарады. Тыныштықты қорушылар қолдарына қару алып, майданға аттанды. Ұлы Отан соғысы жылдарының қазақ халқына тарттырған азабы мен шеккізген мехнаты аз болған жоқ. Қан майданда толарсақтан саз кешіп, оқ пен оттың, өлім мен өмірдің арасында жанталасып күрескендер – бүгінгі қарт ардагерлер. Солардың бірі менің нағашы атам Жармағанбетов Мұсағали болатын.

Нағашы атам Мұсағали 1916 жылы 15 наурызда Әліби Жангелдин уезінде қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесінің аты – Жармағанбет, анасының аты – Зағипа. Атам 1936 жылы Қостанай педагогикалық техникумына оқуға түседі. 1938 жылы мұғалім мамандығы бойынша оқуын тәмамдап, Әліби Жангелдин уезінде алғашқы еңбек жолын бастаған.

Атам 1940 жылы 30 қазанда Кеңес Армиясы қатарына шақырылады. Соғыс туралы «Біз жаудың шебін қарша бораған оқтың астына аламыз, содан кейін барып танк пен жаяу әскер шабуылға шығады. Қарақтарым, сендерге мұндай күнді көрсетпесін, бетін аулақ қылсын» деп тебірене жиі айтатын.

Нағашы атам Мұсағали ерлігімен көзге түскен. Соғыста төрт рет жаралы болған көрінеді. Кеудесіне екі рет l-дәрежелі Отан соғысы ордені, үш рет «Қызыл Жұлдыз» ордені және «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдары ілінген.

Атам 1946 жылы 27 қарашада соғыстан аман-есен оралған. Төсінде жарқыраған медальдары мен әскери құжаттары қазіргі кезде немересі Жармағанбетов Мұраттың үйінде сақтаулы тұр.

Көзі тірісінде жыл сайын 9 мамыр күні өзге майдангер достары сияқты орден-медальдарын тағып, шеруге шығатын еді. Сол күні үйде Раушан әжем ас дайындап абыр-сабыр болатын. Өйткені, үйге ауыл басшылары, ақсақалдар, туған-туыстар жиналып нағашы атамды мейрамымен құттықтайтын еді.

Мұсағали атам соғыста көргендері мен көңілге түйгендерін әңгімелей отырып, көзіне еріксіз жас алатын. Өмірінің ақырына дейін Ұлы Жеңістің жолында майдан даласында қайтпас сапарға аттанған бозбала боздақтардың рухына бағыштап дұға қылудан танған емес.

Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, халық арасында сауатсыздықты жою қолға алынды. Ең алдымен, ересектер арасында сауатсыздықты жою жұмыстары жүргізілді. Ересектер жұмыстан соң кешкі мектепте оқып, хат таныды. Мемлекет тарапынан сауат ашу үшін арнайы қаражат бөлінді. Мектептер толық оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. 1924 жылы «Сауат­сыздық жойылсын» деген қо­ғам құрылды. Оның мүшелері жер-жерлерді аралап, халықтың арасында сауат ашу жұмыстарын жүргізді. Сондай игі бастамаға нағашы атам да өз үлесін қосқан.

Атам 1976 жылы жазған естелігінде мынадай жолдар бар: «Менің оқыту­шылық қызметім 1937 жылдан бұрын басталды. Халық ағарту ісінде болған орасан зор өзгерістерді өз көзіммен көрдім. Ол кезде мектеп қыста кесек үй, жазда киіз үй болатын. Отырықшылыққа енді ғана көше бастаған ауылдың өзі шағын болатын. Қыста кесек үйде ауыл балалары мен ересектеріне сабақ бердім. Олардың оқуға деген ынта-ықыластары жоғары болды. 4 кластық білім негізінде дәріс алды. Енді жаңа мектеп қанат жая түсті. Ауылға жаңа заман жанашырлары, интеллегенция өкілдері, оның ішінде мұғалімдер көптеп келе бастады. Елімізде жаппай сауаттандыру ұраны көтерілді. Осыған байланысты жаппай сауатсыздықты жою жөнінен Қазақстанның аудандары мен ауылдарына мәдени жорық жарияланды. Бұл жорыққа өзім де атсалыстым. Педагогика училищесінде оқып жүріп алғашқы оқытушылық сабағымды осы сауатсыздықты жою мектебінен бастадым. Көптеген адамдар менің қолымнан хат танып шықты ».

Мұсағали атам 1946 жылы 28 жасында Ұлы Отан соғысынан оралған соң  ұстаздық қызметін жалғастырды. 1964 жылы «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгімен және аудандық, облыстық оқу бөлімінің мақтау грамоталарымен марапатталады. 1978 жылы еңбек демалысына шығады. Өзім өте құрметтейтін майдангер атам 1996 жылы қаңтарда дүние салды.

Бұл күнде Мұсағали атамның балалары Жұмағазы, Қазина, Саламат, Мырзағазы, Қалабайдан 20 немере, 17 шөбере бар. Нағашымның ерлігін ұрпақтары ешқашан ұмытпаймыз.

Зайгүл ЖАЛҒАСБАЙ,

Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектептің 10-сынып оқушысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды