«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жарайсың, Стойлов!

0 269

 Сейсенбі күні қазақ жанкүйері бір қуанып қалды. Әзербайжан ұлттық құрамасымен жолдастық кездесу өткізген Қазақстан ұлттық құрамасы айқын басымдық танытты. Станимир Стойлов баптайтын қазақ футболшылары 3:0 есебімен жеңіске жетті.

«Астана Арена» стадионына жиналған 22500 жанкүйер ойынның 12-минутында орындарынан тік тұрып, алғашқы голды соққан Роман Мұртазаевқа және оған әдемі пас шығарған Бауыржан Исламханға қошемет көрсетті. Арада екі-ақ минут өткенде Мұртазаевтың өзі жартылай қорғаушымыз Мужиковтың аяғына доп салып берді. Серікжан болса сәтті мүмкіндікті мүлт жібермей, есепті еселеді.
Екі минутта екі доп өткізіп алып, есеңгіреп қалған Әзербайжан жігіттері қанша тырысқанымен, Эрич қақпасынан саңылау таба алмады. Ойынның бірінші бөлігі осылайша 2:0 есебімен аяқталды.
Екінші таймда ойын үрдісі өзгере қойған жоқ. Екі жақ та алма-кезек шабуылдар ұйымдастырып, есепті еселеуге ұмтылып-ақ бақты. Жолдас­тық кездесу болған соң екі жақтан да бес ойыншыдан алмасты. Солардың бірі Қазақстан құрамасындағы ең жас ойыншы Бақтияр Зайнутдинов матчтың 90-минутында Әзербайжан құрамасының қақпасында үшінші рет ала допты тулатып түсірді.
Осы ойыннан түйгеніміз, «Астана» командасын төрт рет қатарынан Қазақстан чемпионы еткен, екі рет Чемпиондар лигасының топтық турниріне шығарған болгар маманы Станимир Стойловтың «шеберлік қолтаңбасын» анық аңғардық. Бұл жеңіс биыл күзде басталатын УЕФА аясындағы Ұлттар лигасына үмітпен қаратты. Осындай ойын өрнегін сақтап, шеберлігін ұштай түссе, Қазақстан құрамасы алдағы Еуропа чемпионатына да жолдама алып қалар деген ой да қылаң бергендей.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды