Жақыптың дәстүрі, Тіналиннің туындылары жаңарды

0 108

Тәуелсіздікпен бірге түлеген Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театры Елбасы тапсырмасымен бой көтерген еңселі, кең ғимаратқа көшкелі өнер ұжымының шығармашылығын өрістетуге жаңа мүмкіндіктер ашылды. Қыста театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаевпен сұхбаттасқанымызда, ұжым кеңейетінін айтқан еді. Сол қазір жүзеге асып жатыр. Соның айқын дәлелі – театр жанынан халық аспаптар ансамблінің құрылуы. Осы аптада ансамбльдің тұсаукесер концерті өтті. Ұлттық өнердің салтанатына айналған кешті Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов бастаған мәртебелі қонақтар тамашалады.– Мемлекет басшысы ұлттық өнерді қолдап, өнеріміздің дамуы, әлемдік деңгейге шығуы үшін көптеген жағдайлар жасап жатыр. Соның жарқын мысалы – қазақ драма театрының жаңа ғимараты. Мұндай ғимарат – елордамыздың ғана емес, Қазақ елі мәдениетінің биік көрсеткіші. Жаңа театр ашылғалы бері қаншама қойылымдар, концерттер болып жатыр. Бүгінгі ұлттық аспаптармен өткен концерттен тамаша әсер алдық. Көрермендер де ризашылығын білдіріп, қуанып отыр. Бұл – ұлттық өнеріміздің көтерілгенінің белгісі, жаңа белеске шыққанының көрінісі. Ансамбльге, театр ұжымына ризашылығымды айтамын, – деді Алтай Көлгінов.
Қаллеки театрының негізін қалаған белгілі режиссер Жақып Омаровтың кезінде театрда ұлт аспаптар ансамблі болды. Түрлі концерттер жиі өтіп тұратын. Сол уақытта бұл өте керек еді. Тоқсаныншы жылдардың басында Жақып тізгінін ұстаған қаллекиліктер орысы көп Ақмоланы қазақыландыруға, ұлттық рухты оятуға үлкен үлес қосты. Театрдың қазіргі басшылығы Жақып Омарұлының дәстүрін жаңғыртты.
Халық аспаптар ансамблінің (көркемдік жетекшісі-дирижері – Маралжан Мырзақұлова) репертуарынан кешегі Ақмолада, бүгінгі астанада өмір сүрген дарынды күйші, композитор, дирижер, ұстаз Мұхаметқали Тіналин оркестрге өңдеп түсірген шығармалар молынан орын алды. Бұл қатарда Дайрабайдың «Дайрабай», Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйлері, халық әні «Балапан қаз», Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әні бар. Жалпы концертте күй атасы – Құрманғазының «Қызыл қайың» сынды төкпе күйлерден бастап «Қосбасар» секілді шертпе күйлер, Сыр бойы, Арқа, Жетісу ән мектептері, қазіргі композиторлардың туындылары қамтылды. Қаллеки театрының әртістері Қасымхан Бұғыбай, Гауһар Жүсіпова, Айшолпан Жаңабергенова өнер көрсетті.
– Халық аспаптар ансамблі осы жылдың ақпан айында құрылды. Музыканттарды театрдың бас дирижері Ерлан Бейсембаевпен бірге іріктеу арқылы қабылдадық. Қазір ансамбльде 18 мүше бар. Олардың бәрі – халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары, бірнеше аспапты меңгерген дарынды музыканттар. Әзірге домбыра, қылқобыз, жетіген, шаңқобыз, сазсырнай сынды ұлттық аспаптарды қамтыдық. Қаржыландыруына қарай аспаптар көбеюі тиіс. Енді 5 шілдеде Астана күніне орай концерт беруді жоспарлап отырмыз. Бірақ оған дейін театрдың спектакльдері мен концерттік бағдарламаларына қатысамыз. Өзім талантты музыкант, марқұм Мұхаметқали Тіналиннің шәкіртімін. Сол кісінің жарынан композитордың архивіндегі оркестрге өңдеп түсірген шығармаларды алып, ансамбльдің алғашқы концертінде пайдаландым. Бұл шығармалар көптен ойналмай кеткен еді, – дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі Маралжан Мырзақұлова.
Қаллеки театрының халық аспаптар ансамбліне енді Мұхаметқали Тіналиннің аты берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × four =