Жақынның жылуы – жалғыздықтың емі

0 90

Мейірім мен түсіністік азайып, адамның жаны қоғамнан тысқары қалып, оқшауланғанды ардақ тұтатын кезеңге таяп қалыппыз. Бірін бірі танымайтындармен бірге жүріп, бірге қуанған, сол топта өзін жалғыз сезінбеген, жұмыла жүріп еңбек еткен күндер келмеске кеткендей.Бүгінгі күннің адамдары өзі тектес екі аяқты пенделеріне жатырқағаны соншама, бірін-бірі тонның ішкі бауындай емес, көздің қиығымен жауыға қарап, бәсекелесіндей көреді. Екі күндік тірліктегі адамның сыйластығы мен сүйіспеншілігін тұрмыстың бітпес майданы жеңіп барады. Адам тірі мумияға айналып, жаны шыққанға дейін соқыр ішектей қоғамның пайдасы жоқ мүшесіне айналып, тірліктің қара қазанында қайнай алмай қапада өтеді.
Бұл дегеніміз адамның айналасында ешкімі жоқ, қарақан қу басы деген сөз емес. Бір қарағанда, бізге жалғыздық қауіп төндірмейтіндей. Ағайын-туыс, құда-жегжат. Оның үстіне заманауи технологиялар, түрлі әулеметтік желілер адамды жайына қоймайтыны белгілі. Бірақ бұл адамның өз ортасында жүргенін, қоғаммен байланысын білдіре ме әлде жалғыздық деген осы ма?
Жалпы жалғыздық деген не? Мамандар мұны әлеуметтік және психологиялық құбылыс деп атапты. Адам үшін бұл, ең алдымен, басқа адамдармен байланыстың болмауымен байланысты эмоционалды жағдай.
Кем дегенде, мүлдем томаға тұйық адамдардың да басқалармен қарым-қатынас жасау мүмкіндігі бар. Бірақ, мәселе мағынасында болып тұр.
Осыдан біраз жыл бұрын АҚШ-та осы тақырыпқа сауалнама жүргізіліп, оған қатысқандардың 25 пайызы емен-жарқын сөйлесіп, сене алатын адамы жоғын айтыпты. Бұл өткен ғасырдың соңында жүргізілген осы тектес сауалнаманың нәтижесінен бір жарым есеге артқанын білдіреді.
Енді мынаны қараңыз, британ Қызыл кресі мәліметі бойынша елдің әрбір жетінші тұрғыны жалғыздықтан жапа шегеді екен. Яғни кемі тоғыз миллионнан аз емес. Бақуатты елдердің басында тұрған шведтердің ең жаман ауруы осы жалғыздық. Швед отбасыларының жартысы – баласыз, жасамыс тартқандар. Олардың дені психологқа барып кеңес алғанымен әлеуметтік кеселден арыла алмай жүр. Бұл не? Айнала қоршаған адамның ортасында жүріп неге жалғызсырайды? Шетелдіктер өздеріне тән оның да шешуін тауыпты. Психологтың анықтауынша, бұл капитализмде белең беретін жеке адамның тағдыры. Екі адамның қарым-қатынасы дегенде, оны екі абстракцияның, бір-бірін қолданатын екі тірі машинаның қатынасына балайды. Жұмыс беруші жалдайтындарды пайдаланады, сатушы сатып алушыларды пайдаланады. Ондайда адами қарым-қатынас та махаббат сирек кездеседі. Мүмкін, сырт көзге сыпайылық, жолдас-жоралық қатынастар бар болып көрінуі мүмкін. Осылайша ішкі жандүниенің бостығын сыртқы әдептілікпен, «өтірік күлкімен» жамап тұрады. Бөтен жандарға деген немқұрайдылықты әдеп деп аталатын өтірік күлкі, бос сөзбен жасырылады. Мамандар мұны адамға деген сенімсіздіктің жасырын түрі деп анықтапты. Демек, төрт құбылаң тең болып, бақытты болу үшін қоғамда болу, қоғам ішінде өмір сүру жеткіліксіз.
Мұндайда жұрт не істейді? Аса әсерлілер сынақтан шығудың жолы осы екен деп ішімдікке салынып, есірткіге елітіп кетеді. Осы күні әсіресе жастардың арасында белең алған әсіре діншілдердің диагнозын дөп басып жалғыздықтан қашқандар деуге болады. Діншіл еместері театр, концертпен өздерін алдарқатады. Кітап оқып, ізденумен бос уақытын толтырып, оқшауланатындар да жетеді. Астананың бақтарында дуанадай жалғыз қыдырып жүргендер де жалғыздықты сезінгендер. Бүгінде туысына не жақынына сырын аша алмайтындар көп, оның бір себебі жүрегін ашып жанын ауыртқысы келмейді. Екіншісі бір себебі дос-жаранның сіздің мұңызды тыңдауға құлықсыздығы. Сайып келгенде психолог қызметі алға шығады. Ол да қымбат. Ақырында ұйқыға бас қойып, жалғыздық дертін теледидардың алдында диванда жатып өткізеді. Бұның бәрі мамандардың зерттеуінде айтылған, қаралған. Біз не қоса аламыз?
Жалғыздық дендегенде басқалармен де, өзімен де диалог жасау мүмкіндігін жоғалтатын жағдай туындайды. Айналаң толы адам болса да жаның жай таппай, дүниенің бостығын сезінесің. Адам өзінен өзі қашып ешқайда бара алмайды, ақыры жаман бітуі мүмкін. Жалғызілікті қарттар, отырып қалған қыздар, сүр бойдақ жігіттер де, тағы басқа жалғыздықтың ауыр салмағы алдымен түсетіндердің санаты қоғамда екшеленіп қалды. Бірақ шетелдегідей жалпылама үрдіске айналған жоқ. Оның себебі қарға тамырлы қазақтығымызда жатыр.
Енді қарап отырсам, біздерге бұл кесел қатер емес сияқты. Бірақ, жалғыз сезінбеудің жолы да жеңіл емес екендігіне көбіміздің көзіміз жеткен. Біз өзіміз жүрген бір ортадағы өзіміздің құнымызды жақсы білеміз. Сол ортаның лайықты мүшесі болуға тырысамыз.Тіпті әулеттің де алдында жүруі үшін барымызды саламыз. Бізді бағалағанын, құрметтегенін қалаймыз. Бұл жақсы қасиет. Қазақтың «ағайын бір өлік, бір тойда» деген сөзі де ағайындардың бас қосатын бір үлкен жиынын білдіреді. Осы арқылы бұрындары көрмеген алыс-жақын құда-жегжат жиналып, танысып жатады. Ортақ құндылығы барлардың туыстығы осыдан кейін артып кеткен кездері де жоқ емес. Кімнің кім екені де осындайда сыналады, соған орай пікір қалыптасады. Бұл да жалғыздыққа жібермейтін амал.
Бірақ, соңғы кездегі індет өз дегенін болдырған сияқты. Бұрынғыдай бас қосу, көл-көсір дастарқан жайып той өткізу әдетімізден қалып барады.
Бұдан шығатын қорытынды, жыл көрмей жат болып, ай көрмей алыстатпауы үшін, той-томалақ, құдалық, бесік той, тұсаукесер тағы басқа да араласудың тиімді түрлерін қалдыру қажет. «Қазақтың тойы» деп түртпектей бермей, форматын түзеп, қазақтың бренді ретінде қалпында ұстауға тырысу қажеттігі бар. Қазақтың ашық көңіл бауырмалдылығы да осындайда көрініп, жүрегі ашылып, той-өлікте әншейінде білдіре бермейтін ізгілікті сезінеміз. Жақынның жылулығы – жалғыздықтың емі. Әйтпесе, той-думаны аз елдердегідей жалғыздықтан жаны дірілдегендердің қатарына қосылып кетуіміз әбден мүмкін.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 2 =