ЖАҚСЫНЫҢ СЫНЫҒЫ ЕКЕН

0 153

Фото0098

31 мамыр 2013 жыл. Алматы қаласы «Көктем» шипажайы. Кешкі астан шыққан соң демалатын шатырдың астына келсем, егде тарта бастаған әйел біраз демалушыға Сұлтанбек Қожанов (құжаттарда Ходжанов) туралы айтып жатыр. Мен де тұрып тыңдай қалдым. «Сұлтекең 1894 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында дүниеге келіпті. Ата-анасы кедей шаруа болған. Түркістан қаласында училищенің, мұғалімдер семинариясын аяқтаған. Еңбек жолын етікшінің көмекшісі болудан бастап, оқу-ағарту, ішкі істер, жер-су халық комиссариаттарын басқарып, орталық атқару коммитетінің төрағасының орынбасары, өлкелік партия комитетінің хатшысы қызметіне дейін көтерілген» деп сөзін аяқтады.

Мен «сіз кім боласыз?» деп сұрақ қойдым. «Мен – Светлана Борисқызы Тыңыбековамын. Сұлтанбек Қожановтың қызының қызымын».

«Ол кісінің қызметтерін, халыққа сіңірген еңбегін, халық жауы – деп атылып кеткенін көзі ашық азаматтар біледі. Ал ол кісінің отбасы, балалары, немере – шөберелері, зайыбы туралы көпшілік біле бермейді, сол жағына тоқталсаңыз» дедім.

«Ол кісінің зайыбы – Гуляндам әжем он бір жыл Карлагта отырып келді» деп сөзін бастады Светлана. «Карлагта қой бағыпты. Сол азапты өмірден қайтып келгеннен кейін де Сұлтанбек атамның шаңырағын шайқалтпай, түтінін түтетіп отырды. Балаларына қолдан киім тігіп, олардың оқуына қамқорлық жасапты. Қызы Зиба дәрігерлік оқуды бітірсе, ұлы – Арыстан физика-математика ғылымының кандидаты болды. Қазір Сұлтекеңнің немересі, Арыстанның баласы, Санжар бар. Әжем Гуляндам мені тәрбиелеуге көп көңіл бөлді, маған қазақшаны үйретті. Соның арқасында оқу оқып, филология ғылымының кандидаты дәрежесіне жеттім. Үш балам бар. Жолдасым – Ерлан Тыңыбеков техника ғылымының кандидаты» деп сөзін қорытындылады Светлана Тыңыбекова ханым.

Біз зиялы азаматтың ұрпағымен мәжілістесе қалсақ, «Е, жақсының сынығы екенсің» дейміз. Ал шындығында көптеген белгілі тұлғалардың жабайы өмірін, ұрпақ жалғастығын біле қоймаймыз. Солардың көпшілігінің балалары, немерелері, тіпті, шөберелері ата-әжелерінің атына кір келтірмей өмір сүріп жатыр. Соларды бүгінгі ұрпақ пен келешек жасөспірімдерге үлгі етіп көрсетуге болады ғой. Сондай үлгілі, зиялы азаматтарымыздың ұрпақтары туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көрініс тауып отырса, тіпті, жеке кітап етіп шығарса, жастарды тәрбиелеуге пайдасы тиер еді.

Еркін Дәуешұлы,
«Астана ақшамы» газетінің құрметті тілшісі.
Суретте: Светлана Тыңыбекқызы (ортада)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × three =