Жақсыңның жат болмағы осындайдан

0 145

Ғаламторға шырмалған заман, ұлтаралық, дiнаралық қақтығыс, жер мен билiкке талас – бұл жаһанданудың «замандасына» берген отты қаруы. Бiр сөзбен айтқанда – өркениеттер таласы. Тарих сахнасында елдiң ел болып қалыптасып, сын сағатта жұтылып кетпей, ұлттың ұлт болып сақталып қалғанының өзi де, бәлкiм, көңiлiнiң төрiне мықтап орныққан ұлттық құндылықтардың арқасы болар.

Жаһандық езгiге жұтылып кетпеудiң бiрден-бiр жолы – найзаның ұшы, бiлектiң күшiнде емес, сананы сiлкiнткен идеологияның нақ өзi, яғни мәдениеттер майданы дәуiрiнiң келгенiн ұғып қалдық. Бұл майданда өркениетке бiрiншi болып ұмтылған батыс елдерi ұлттық құндылығын барынша әспеттейдi, одан қалды өзгенiң құндылығына қолқа салуды шеңберiнен шығармайды. Соңғы кездерi ұлттық құндылықтарымыз өзге елдiң иелiгiне кетiп жатыр дегендi жиi естимiз. Саба толы «қымызымыз» – немiстердiң, «киiз үйiмiз» – америкалықтардың, «көкпарымыз» – қырғыздың еншiсiне бұйырды. Қаймағымызды сарқып iшкен Қызыл империяның солақай саясатынан тiлiмiз тұралап, ұлттық мүддемiз шат-қаяқтаған түрлi кезеңдердi бастан кешiрсек те, қазақтың «қазақ» екенiн айқындайтын ұлттық қасиеттерiмiз жұтылып кетпедi, тәубә деймiз. Қазан толы қазы-қарта, жал-жая, шұбат, құрт, бауырсақ сынды ақ дастарханның киесiне айналған ұлттық тағамдарымыз, қара домбыра, киелi қобыз, жетiген, ұлттық қолөнер, кимешек, сәукеле, саятшылық, тоғызқұмалақ, қазаққа қайта оралған қаражорға дейсiз бе… Айта берсең, түгесiлмейдi.
Өткен жылдары Германия елi қазақтың қымызын патенттеп алды дегендi БАҚ өкiлдерi жарыса жазды. Кез келген өнiмдi, оның iшiнде бiр ұлтқа тиесiлi өнiмдi белгiлi бiр бренд бойынша бекiтiп, меншiктеуге болар, ал «қымыздың иесi менмiн» деуге ешкiмнiң қақысы жоқ. Соңыра Гер-маниядағы бiр кәсiпкердiң қымызға авторлық құқығын тiркеп қойғандығы мәлiм болды. Тiптi, бие сүтiнiң емге дауа, дертке шипа екенiн аңғарған немiс халқы шапшаңдық танытып, қымыз өндiретiн фабрикалар ашып, таза қымыз шығарумен қатар, бие сүтiнен бала тағамдарын, әйелдер косметикасын, спортшыларға арналған қуатты дәрумендердi жасап, күлшесiне қарай күл тартып жүр. Германияда қымыз өндiрiсiмен 50-ге тарта кәсiпорын айналысса, Қазақстанда бұл iспен шұғылданатын кәсiпорындардың саны саусақпен санарлық. Мәселен, Қазақстанда қымыздың бiр литрi шамамен 500 теңгеге бағаланса, еуропада оның құны 7-8 мың теңге көлемiнде көрiнедi. Демек, табиғи таза өнiмнен көл-көсiр пайда табуда немiстер бiзден оқ бойы озды. Бие сүтiнен дайындалған сусабынға шомылып, бие сүтiнен жасалған шәрбаттарды бүлдiршiндерiне азық етiп жүр. Түйткiлдi мәселенi шешуге келгенде алдына жан салмайтын Парламент депутаттары да өре түрегелiп едi. Мәжiлiсмендер арасында Парламентте қазы-қарта, жал-жая, қымыз сияқты ұлттық тағамдарды әзiрлеуге патент берiлмей жүргенде өзiмiзге тән ерекшелiктерiмiзден де айырылуымыз мүмкiн екенiн айтып, бас көтергендерi де бар. Хош делiк, қазiр елiмiзде қымызды әзiрлеу сынды жұмыстар «халықтық iлiм» түрiне жатқызылып жүр. Демек, оны реттейтiн заң Қазақстанда жоқтың қасы. Тек зияткерлiк меншiкке қатысты талап патенттеудi түгелдей бiр ұлтқа телiп бере алмайды, авторы деп жеке тұлғаны тiркеу керек деп заң солқылдақ-тық танытып жатқанда, Алатаудың арғы бетiндегi айырқалпақты ағайын ерледi. Көктүрiк ұрпағына ортақ ойынның бiрi – «Көкпарды» халық-аралық деңгейде патенттеп үлгердi. Елiшiлiк жарыстарды атой салып өткiзiп, жүлде қорын да мықтап бекiткен сыңайлы. Бiр сөзбен айтқанда, «көне «Көкпардың» көсегесiн көгертiп, халықаралық «Көкбөрi» Федера-циясының белдi мүшесiне айналды. Ал бiздер ұлттық ойынның бұл түрiне келгенде «салақтаумыз». «Көкпарды» өткiзуге лайықты ипподромдарымыз жоқ, команданың ойыншыларына төленетiн қаржының да құны мардымсыз. Осылай еңкейемiз деп, еншiдегi барымызды жоғалтып алғандаймыз. Ол ол ма, атадан қалған қазақтың нағыз ұлттық мұрасы деп айтуға сыярлық киiз үйiмiз мұхит асып, азулы Американың иелiгiне кеттi дегенге кiм сенедi? Жасырып жабатын несi бар, әлемдi аузына қаратқан алып держава бiрнеше жылдың жүзi бойы киiз үйдi әлемдiк нарықта пұлдап келедi. Ғаламторға бас сұға қалсаңыз, www.youtube.com, www.groovyyurts.com сайттарынан америкалықтардың қазақы киiз үйдi өзiнше сипаттап, жарнамалап, барынша өтiмдi етiп көрсетуге тырысып-баққанын ерiксiз көз шалады. Бiр қызығы, америкалықтардың қазақтың киiз үйiн табыс көзiне айналдырғанына 30 жылдан астам уақыт өтiптi. Сұраныс та аз емес. Бiр киiз үйдiң құны – 1000 АҚШ долларынан 3000 АҚШ доллары көлемiнде. Сөйтiп, бiз ұлттық экзотикамызды мұражайға қойып салтанат құрып жүргенде америкалықтар көңiлге қонымды, көшiп-қонуға ыңғайлы киiз үйдiң ырзығына разы болып жүр.
Иә, бұдан әрi сағызша созбақтайтын болсақ, iргетасымыз болған iргелi дүниелерден көз жазып қалуымыз бек мүмкiн. Көңiлi даласының кеңдiгiмен өлшенетiн дархан халқымыз көк Тәңiрге сыйынып, ұлын батыр бол деп, қызын ару бол деп өсiрген. Бауыр етi баласын бесiк жырымен тербеген. Атасы баласына «асығың алшысынан түссiн» деп бата берген. Ал бүгiнде жастарымыз асық берсең, үрке қарайды. Асық емес, боулингтiң дәуiрi қызып тұр қазiр. Тоғыз құмалақтың не екенiн түсiнбейдi әуелi, компьютердегi құмар ойындарына жүгiредi. Қымыздың орнына сыра iшiп, қазының орнына «колбаса» жеп санасына жетсе де бейқамдыққа салынып, сандалып жүрген жетесiздер көп арамызда.

PS:

Кеше АҚШ-та «Болашақ» бағдарламасымен бiлiмiн жетiлдiрiп жүрген досым хабарласып, жөн сұрасқан соң, Америка азаматтарымен табиғат аясына шығып, өзiмiздiң қазақ үйде демалғандарын жеткiздi. Өзiмiздiкi деймiз… Қайдам?! Өзектi өртейтiнi – жауһар құндылығымыздың «өз үйiнiң» төрiнен орын таппай, мұхит асып, адасып жүргенi…

Айнұр ШIДЕРБАЕВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − 7 =