Жақсылықтың жаршысы – жаңа сайт

0 142

IMG_1128

Өткен аптада Ұлттық академиялық кітапханада «Islam.kz» рухани-ағарту порталының ашылу рәсімі өтті. Айтулы шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Әбуов, филология ғылымының докторы, профессор Әділ Ахметов және өзге де қоғам қайраткерлері қатысып, ізгі тілектерін білдірді.

Асыл дінімізді қазақы таныммен наси­­хат­­тауға бел байлаған сайт әкім­­ші­­лігі еліміздің болашағына ті­рек­ бо­лар жастардың таным-түйсігін ұлттық құн­ды­­лық­­та­­ры­мыз негізінде қалыптастыруға атсалыспақшы.

Ал мұсылман үмметі көптен күткен порталдың редак­торы – елімізге танымал ғалым, көптеген діни еңбектердің авторы, исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлы. Ғалым жетекшілік еткен ұжым­ның алда алар асуы мен бұқараға берер азығы да мол болмақ. Көптің көкейінде жүрген күрмеуі мол күдікті сауал­дар­дың тұшымды жауаптарын да көпші­лік осы сайттан табады.

Асыл діннің ауыр аманатын арқалаған сайт редакторы Қ.Жолдыбайұлы «Сайт ашпақ бол­ған­да, біздер басқаны емес, дәл осы «Islam.kz»­ дегенді таңдадық. Алайда, ғаламторды ақта­рып едік, бұл доменнің иесі бар болып шықты. Еврей жігіт екен. Қазақстанға интер­нет енді келе бастағанда, бұл өзіне тіркеп ала қойыпты» деп, сайт доменіне қалай қол жеткізгенін айтты.

Ұлттық рухани-ағарту порталының маз­мұны да өзге серіктестерінен айтарлықтай айрықша. Қазақ халқының ғұрыптық таным-түсінігіне сай әрі шариғи заңдылықтарды тең насихаттайтын «Ататаным», «Атамұра» айдарлары ұлттық қазыналарымызды ұсынатын болады. Ал, байырғы һәм бүгінгі қалам ұстаған ақындарымыздың шығармашылығына арналған «Сөз патшасы» айдарында қазақ қаламгерлерінің жаухар жырлары жария­ла­нады. Құбылаға бет бұрған, ниеті пәк жан­дарға «Иман әліппесі» бұрышы ислам құн­ды­лық­тарын ұсынады.

Сондай-ақ, жаңа порталдың негізгі көте­ре­тін тақырыбының бірі – отбасы мәселесі. Отбасы – Отанның бөлшегі екенін ескерген сайт әкімшілігі отбасы инсти­ту­тын­дағы қазіргі қоғамдағы жіберіліп отырған кем-кетік тұстарды айқындап, оның педа­го­гикалық-пси­хо­ло­гиялық шешімін нақты ғылыми негізге сүйене отырып көрсетуді, жұрт­шылыққа жол сілтеуді басшылыққа алып отыр.

«Сұрақ-жауап» айдары әдеттегідей көпші­лік­тің көкейіндегі сан қилы сауалдардың жауаптарын беріп отырса, «Көкейкесті» бөлімі қазіргі қоғамдағы асыл діннің атын жамылған жат ағымдар тудырған өзекті мәселелерге ден қояды.

Ел іші және жаһан жаңалықтары күн сайын жаңарып отырады. «Ислам және ғылым» айдары дін мен ғылымның сабақтастығын дәлелді де дәйекті деректермен ұштастырса, сан алуан медиа өнімдер де портал назарынан тыс қалмайды. Атап айтатын жайт, аталмыш портал өз электронды кітапханасына жүзге жуық құнды діни кітаптарды енгізуді жоспарға алып отыр.

Сайт таныстырылымынан кейін мінберге шыққан ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов сөз сөйлеп, агенттік жанынан ашылған «Е-islam.kz» сайтымен бірге жаңа порталдың қойын-қолтық жұмыс істеуі қажеттігін баса айтып, «Islam.kz» ұжымына сәттілік тіледі.
Ал, жаңа ұжымның мәлімдеуінше, бүгінгі игі бастама жастарымыздың діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы иммунитетін орнықтырып, қоғамда дұрыс діни түсінік қалыптастыруға өз ықпалын тигізбекші.

Жайық НАҒЫМАШ

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 2 =