©2020 Астана Ақшамы
Жақсылықтың аз-көбі болмайды
«Сауабы тиетін іс (жақсы іс) істегенде – қуан, күнә жасағаннан кейін – ренжі. Сонда ғана сен – иісі мұсылмансың». (Хадис)
Таңертең ерте оянып, орнымнан тұрдым. Уақытында тұру – жақсы әдет. Атам қазақ «күн ұясынан шықпай адам баласы орнынан тұруға тиіс» деген. Ал «кімде-кім күн ұясынан шыққанша орнынан тұрмаса, ол күн өлі күн саналады» деуі де бекер айтылмаса керек. Себебі, күннің шығуы – үлкен құбылыс. Тәулікте осындай елу үлкен құбылыс болады екен, соның бес құбылысының уақытына сәйкес намаз уақыты белгіленген. Сондықтан, осы құбылыстарды ояу қарсы алу керек екен. Орнымнан тұрысыммен, ата-бабам ұстанған әдетпен жерді оң аяқпен бастым. Тағы да жақсылық жасадым. Бір нәрсені бергенде сол қолмен беріп, алғанда оң қолмен алу, үйге кіргенде оң аяқпен кіру, үйде ешкім болмаса шаңыраққа сәлем беріп кіру, дәретханаға сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу, ұйықтағанда оң жағыңа жантая жату, оң қолмен сәлемдесу және әр істі оңнан бас-тау – Ислам діні қалыптастырған жақсы әдеттер.
Алланың әмірімен, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үмметіне бұйырғанындай дәрет алсам – сауапты іс жасағаным. Менің дәрет алғанымды көзімен көріп, көңіліне ұялатқан балаларым, немерелерім ертеңгі әлемнің иесі емес пе? Аллаһтың барлығын, бір екенін ұрпағына түсіндіріп, әр сөзді айтқанда, әр істі істегенде есіне салып, жақсылыққа баулу – менің һәм барлық ата-ананың басты парызы. Мәселен, таңғы асқа отырғанда Аллаға мадақ айту – бет сипап, ас ішу де осы әке-шешенің мойнындағы рухани тәрбие. Сондай-ақ, асты күттірмеу үшін «ас үлкен бе, сен үлкенсің бе?» деген сұрақ қойсаңыз бала тамаққа шақырылғанын сезіп, «әрине, ас үлкен» деп жауап қайтарары сөзсіз. Асты ішіп отырғанда жайлап «ас қалай үлкен?» деген сұрақ қоясыз. Ол жауабын білмесе «ас атасы – нанның» Алланың топырағынан нәр алып жаралғандығын, ет, сүт, бәрі де бізге Жаратушымыз берген ырыздық екендігін түсіндіру, сол себепті Алла тағалаға рахмет ретінде мадақ айтылып, аят оқытылатындығын санасына сіңіру – біздің қасиетті борышымыз. Ол, әуелі, балаға жасаған жақсылығымыз деп біліңіз. Бұл – біз түйген бірінші ой.
Екінші, балаға туыстықты қадірлей білуді үйретуіміз керек. Нәби (с.ғ.с): «Туыстық – Аллаһ тағаланың рахымды сипатынан жаратылған. Туыстық қатынасты сақтағанды Аллаһ тағала Рахымына бөлейді, үзгенді Рахымынан махрұм етеді» деген. Халық даналығы да «жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейді. Осы сөздерден ғибрат ала білген ұрпақ ағайын-туысымен арасына жік салмай, тату-тәтті өмір сүреді деп сенеміз.
Ел арасында кең тарап жүрген бір әңгімені айта кеткім келіп отыр. Баяғыда бір жігіттің елін жау шауып, тоз-топанын шығарып жатса керек. Тосыннан тиген жауға төтеп бере алмаған соң әлгі жігіт екі баласын артына мінгізе салып қашыпты. Қашып келе жатқанда алдынан өзінің екі інісі көкелеп шыға келсе керек. Әлгі жігіт дереу екі баласын аттан түсіріп, екі бауырын мінгестіріп алып, оқ пен оттан сытылып шығып, егіле-егіле елден жырақтай беріпті. Кетерінде еңіреп тұрған екі ұлына: «әйелдің баласынан әкенің баласы артық» деген деседі. Бұл шешімін «әйел – жолда, бала – белде, әке-шеше табылмайды» деген ұлағатты сөз де түсіндіре түседі. Қазақтың туыс-ты қалай бағалағанын, міне, осы бір әңгімеден білуімізге болады. Бүгінде, бейбіт күнде, бізге ондай қиын таңдау жасаудың қажеті жоқ, Құдайға тәубе! Бар болғаны бауыр-қарындастарымыз бір-біріне қайырымды болса болғаны. Себебі, туыспен тату болу – бар жақсылықтың бастауы. Қазақ «ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» демей ме? Берекетті тірлік деген – осы.
«Жақсылықтың аз-көбі болмайды: су сұрап келген жанның ыдысына жылы қабақпен су толтырып беру де жақсылық саналады». Тіпті, бір-бірін көргенде жылы жүзбен сәлемдесу де – жақсы іс. Жақсылықты – материалдық көмек деп қарайтындар да көбейді. Шындығында, жақсылық пейілмен де, көңілмен де, сөзбен де жасалады. Біреуге жан жылытар жақсы сөз айтсаң, ол тіпті, садақа түріне жатады. Сөз садақасы. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демей ме.
Жан-жағындағы адамдарға жақсылық жасаудан жалықпаған адам – үнемі құлшылық үстінде жүрген адам. Кешірімділік қасиеті де жақсы мінезден. «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі». Расында, тек шын мұсылман адам ғана кек сақтамай, жамандық жасаған адамға жақсылықпен жауап бере алады. Себебі, кешіргенді Құдай да кешіреді деген хадиске амал етеді.
Мағзұм ЖАБИГЕНОВ