Жақсылыққа жол ашқан «Жанұя»

0 89

Өмірде әркімнің басына түрлі ауыртпалық беріледі. Мұндай сынақ адамның өз басына түссе бір сәрі, ал туған нәрес­тесінің дертке шалдығуы – қиынның қиыны.

Елордалық Майра Абитаеваның тағдыры таласқа толы. Үшінші қызы жүрек ауруына шалдыққан, оның емімен талай аурухананың табалдырығын тоздырып, сары уайымға салынып жүргенде, төртінші қызы да ауыр диагнозбен туады. Шынашақтай сәбиінің бір басында екі бірдей дерт – Даун мен рак. Ауруханада айлап жатып, нәрестесінің амандығын тілеген ана сол уақытта тағы бір тағдырдың соққысына тап болады. Балаларының әкесі, өмірлік серігім деп сенген жұбайы жарты жолда жалғыз қалдырады. Төрт туғанынан ажырап, өзге жанмен көңіл қосады. Бар салмақ – бір ананың мойнында. Мүгедектігі бар қос құлынын көрген сайын көз жасына ерік береді. Күйзеліске толы күндерінде ашылып әңгімелесуден қалады. Денсаулығы нашарлап, талма ауруын да арқалайды. Ай сайынғы пәтер ақысы, құны қымбат дәрі-дәрмек, азық-түлік бар. Майра өзі туралы ойға да алмай, балалары үшін барын салып жүргенмен, салы суға кетіп бара жатқаны анық еді. Бала үшін жанын беруге даяр ананың қаншама ұйқысыз түндерін, жан қиналысын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бірақ тосыннан түскен телефон қоңырауы өміріне жарық сәуле сыйлады. Ертеңгі күнге деген үміт оты кеудесінде қайта тұтанды. «Жанұя» әлеуметтік қолдау орталығының мамандары жалғызбасты ананың жағдайын өзгеден естіп, қол үшін созбақ ниетте хабарласқан…
«Хабарласып, көмектескісі келетіндерін жеткізді. Ол кезде ойымды да дұрыс жеткізе алмай, жылап қоя бердім. Содан олар үйге келіп, мән-жаймен танысты. Ертесіне орталықтың психолог маманымен тілдестім. Ішімдегінің бәрін шығарып, жеңілдеп қалдым. Байқағаным, мен жылап, қайғырған сайын кенжемнің денсаулығы нашарлай берді. Ананың күйі балаға әсер ететінін ұқтым. Өзімді қайта қолға алып, қайғыруды тоқтаттым. Күліп жүретін болдым, балаларыммен көп әңгімелесемін. Орталықта заңгерлік тұрғыда кеңес алдым, олар менің көзімді ашты. Бірнеше рет еріктілер азық-түлік әкеліп берді. Жанұялықтар жиі хабарласып тұрады, жақында балаға кереует, төсек-орын алып берейік деді. Пәтеріміз тар, қыздарымның денсаулығы кеңістікті талап етеді, сондықтан қабыл алмадым. «Жанұя» мені аяққа тұрғызды. Оған дейін өз жайымды емін-еркін айта алмас едім. Қазір рухани мықтымын, шыңдалдым, қатайдым. Жарқын болашаққа сенемін. Орталық қызметкерлерінің мені қалай тапқанын білмеймін, бірақ бұл маған берілген белгі, мүмкіндік болғаны айқын. Қолдау орталығына айтар алғысым шексіз» деді ағынан жарылып.
Бұрынғы жұбайы 1 бөлмелі пәтерін беретінін айтқанда, алиментке өтініш беруден бас тартқан екен. Кілті қолына тиер күннің ауылы алыс екенін аңдап, бүгінде өз үйін алуды ойға алған. Ол үшін қайда барып, қандай құжат жинарын «Жанұя» орталығындағы заңгерден сұрастыратынын айтты.
Орталықта құқықтық, психологиялық кеңес алу, сонымен қатар қиын жағдайға тап болған отбасыларды әлеу­меттік сүйемелдеу ұйымдас­тырылады. Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК есептеу, кедейлік шегінен асып кету), тұрғын үй (құжаттарды жаңарту, кезекке қою, жастарға тұрғын үй, жалға алу шарты, «Бақытты отбасы», «Берекелі баспана» бағдарламалары бойынша), несиелік борышты жабу, табысты есептеу бойынша анықтама алу (құжаттар тізімі), құқықтық көмек (алимент, берешек өндіру, көші-қон, заңды бұзу, ажырасу бойынша), бизнес (бизнес ашу, көше саудасы), білім (сертификаттар, үйірмелерге жеңілдіктер).
– Орталық мамандары атау­лы әлеуметтік көмек таға­йындауға құжаттар қабылдайды, құқықтық көмек көрсетіп, азаматтарға бос жұмыс орындарын ұсынып, еңбекпен қамтиды, 70-тен аса мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. «Кәсіпкер ана» жобасы аясында әйелдер кәсіпкерлік ісін меңгеріп жатыр және оларға психологиялық көмек те көрсетіледі, – дейді «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының директоры Әсемгүл Садыр.
«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы ашылғалы бері 60 мыңнан аса сұрақпен 43 мың адам жүгінген. Өтініш білдірушілердің 60 пайызын – атаулы әлеуметтік көмек таға­йындау, 8 пайызын – тұрғын үй, 5 пайызын – кәсіпкерлік, 4 пайызын – заң көмегі, 4 па­йызын – жұмыспен қамту, 19 пайызын өзге де қызметтер құрайды.
Келесі кейіпкеріміз 5 перзенттің анасы «Кәсіпкер ана» бағдарламасы арқылы білім алған – Санам Ескендірова. Ол үйде отырып-ақ сүйікті ісін табыс көзіне айналдырған. 42 жаста SMM маманы бойынша 4 айлық курс оқып, өз интернет дүкенін ашқан. 2 айдың ішінде кәсібі өрге домалап, шаһардағы орталық базардан брендтік әшекей бұйымдар сататын бутик ашыпты.
– «Жанұя» орталығына келіп, аталмыш бағдарлама туралы білдім. Өз қалауыммен SMM-менеджер мамандығына оқуға түстім. Карантин орнаған кезде онлайн оқыдық. Жетекшім – интернет саласының білгірі Айнұр Әмірхан. Сертификатымды табыстап, оқуды бітірген соң да Айнұр ханым ақыл-кеңесін аямады. Күні бүгінге дейін бар білетінімен бөлісіп отырады. Әшекей бұйымдарын саудалауды қолға алдым. Көбіне қолмен ұстап, көзбен көрмеген затты сатып алу күмән тудыратыны анық. Сол үшін астанадағы орталық базардан орын алып, сол жерде сатылымға шығардым. Интернет арқылы тапсырыс беруге де болады. Instagram-дағы оқырмандар саны артып келеді, 400 белсенді тіркелушім бар. Табысым да жақсы, күніне 100 мың теңге түсіп отыр. 5 баланың анасы бола тұра, 42 жасымда кәсіпкер атандым. «Жанұя» маған жарқын болашақ сыйлап, жанашыр жандарды жолықтырды. Тегін білім беріп, бизнес бастауыма себепші болды. Мұқтаж жанға сая болатын орталықтың барына қуанамын. Әрбір ана бақытты болуға, іскер атануға әбден лайық! – дейді ол.
Елордадағы«Жанұя» отбасын қолдау институты орталығы дүйсенбі-жұма күндері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін қызмет көрсетеді: Сарыарқа ауданы, Бейбітшілік көшесі, 14 мекенжайында орналасқан.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 2 =