ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУДАН ЖАЛЫҚПАЙТЫН ЖАНДАР

0 193

7db3878704ebf839c10be4c28018da97

Елбасының бастамасымен биыл елімізде екінші рет өткізілген «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында «Мейірлі отбасы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған астаналық Рамазан Бүркітбайұлы мен Қамқа Мәдиқызын жергілікті жұрт жақсы біледі. Себебі, олар – бас қаланың байырғы тұрғындары.

Жасановтардың қай-қайсынан да қамқорлық пен қолдау, сыйластық пен түсіністік, өзінен гөрі өзгенің мұң-мұқтажына алаңдап, жанашырлық таныту секілді қасиеттерді аңғарасыз. Сүрінгенді қолтығынан демей білетін бұл жандар дәл осы адами асыл мінез­дерінің арқасында өмір айдынында кездескен қиындықтарға мүжілмей, оны жеңуге бірлесе ұмтылып келеді.

Қосылған қос өзен секілденіп

Рамазан мен Қамқа мектеп қабыр­ғасында оқып жүрген кездерінен таныс. Алты жасында әкесінен айырылып, аға қолында тәрбиеленген бала кішкентайынан жан мен ар тазалығын көкірегіне түйіп өседі. Сөзге шорқақ болса да, іске келгенде тындырымды, алғыр да ақкөңіл жігітті тұстастары ерекше қадір тұтады. Досқа сыйлы, алабөтен қылығы жоқ, аңқылдақ азаматты Қамқа да ұнатып қалады. Ақыры, дәм-тұздары жарасып, жеті жыл таныстықтан соң, жастар сөз байласады.

Алдымен екі қыз, содан кейін екі ұл туған ана шаңырақ шаттығына бөленіп, құдай қосқан қосағымен ба­лапан­дарының қуанышына кенеліп, жұбайлық ғұмырдың бақытты сәт­терін басынан өткеріп жатқан-ды. Өмірде қайғы-мұңның барынан мүлде хабарсыз еді. Кенет, балабақшадағы тәрбиеші апай құлағы­ның мүкісі бар Нұрланның ұзақты күнге жалғыз өзі ойнайтынын, дыбысқа елең­демей­тінін, яғни мүлде естімей қалға­нын естірткенде, Қамқа есеңгіреп қалады. Өмір осымен тоқтағандай көрі­ніп еді, байқап қараса, тағдырдың «сыйы» мұнымен шектелмепті. Кейін Жас­­ұланы стафилакок­пен ауырып, дәрі­герлер басқа дәрі болмағандықтан, кана­­мецинмен егетіндерін, бірақ мұның соңы баланың есту қабілетін төмендетуі мүмкін деген болжам айтқанда, басқа түскеннен пенденің қашып құтыла алмасын анық сезінді. Алланың салғанына көнбеске шара бар ма?! Осылайша, ойламаған жерден тағдыр отбасын сынаққа алады. Сол сәт сенім мен сезім, махаббат пен мейірім оларды бұрынғыдан бетер біріктіре түседі. Қинала жүріп, қайырымды болуды, бір-біріне жанашырлық танытуды, жанындағыларға жақсылық жасаудан жалықпауды үйренеді. Басына қандай іс түссе де жасымай, керісінше, ерік-жігерін қайрай түскен Жасановтар белді бекем буып, балаға, бауырға деген сүйіспеншілік оларды алға жетелейді.

Отбасының бүгінгі кәсібі – қайы­рымдылық. «Осы жылдар аралығында Рамазан маған қолдау көрсетпесе, балаларымның әрі отбасымның тағ­дыры не боларын кім білсін?!» дейді Қамқа Мәдиқызы.

Қиындықтан қаймықпайтын Қамқа

Ол – отбасында қыздың үлкені. Ұзақ жыл тарих пәнінен сабақ берген әкесі аса білімді, кезінде мектеп директоры қызметін атқарып, өскелең ұрпақ тәрбиесіне бір кісідей атсалысса керек. Тағдырдың ісіне не шара?! 52 жасында бір аяғынан жүре алмай, сал боп қалады да, он бір баланы шешесі жалғыз өзі жеткізеді.

Әлі есінде, он жас шамасындағы кезі. Анасы ет турап тұрып қолын оңдырмай кесіп алады да, ол кісінің күнделікті атқаратын бар жұмысы жалғыз өзіне қарап қалады: үйдегі сиырды, тіпті биені де кіп-кішкентай қыз өзі сауады. Сонда түнімен көз ілмей, ертеңіне атқаратын шаруасын ойша жоспарлап, қайтсем анама жеңіл болады деген ой жетегінде жатып, қалғып кетеді.

Бір күні түс көреді. Түсінде өзінен кейінгі барлық інілерін арқасына салып алып, ұшып барады екен. Төмендегі қасқырлар болса мұны тістеп алуға ұмтылады. Бірақ, бұл биікке қарай ұша береді, ұша береді…

Қаршадай қызының қамқор пейіліне қайран қалған анасы сонда: «Е, қарағым, мына інілеріңе қамқор болады екенсің. Бұйыртса, биікке самғайсың әлі» деп батасын береді. Сол анасы көзі жұмылғанша, ешкімге салмағын салмай, балапандарының тілеуін тілеумен биыл 84 жасында дүниеден өтті.

Қиындықты көтере алатын адамға ғана береді деуші еді бұрынғылар. Балапандарын жеткізу жолында Қамқаның көрмеген құқайы жоқ. Әсіресе, балалар мектепке баратын кезде қатты қиналды. Астананың бірде-бір білім беру мекемесі оларды қабылдамаған соң, екі баланы Атбасардағы естімейтін балаларға арналған мектепке, кейін Талдықорғандағы арнаулы мектепке береді. Сол жылы балаларымен бірге өздері де сол қалаға көшіп кетеді.

Сөйтіп, 1998 жылы ол Астанада мүгедек балалар қоғамын құрып, мүмкіндігі шектеулі балалардың мәселесімен айналысатын үкіметтік емес ұйымға жетекшілік етеді.

Тәңірден тілегені сабыр ғана

Әрбір ата-ана өз перзентінің әдепті, саналы, иманды да ибалы, Отанының сүйікті және кішіпейіл азаматы болып жетілуін қалайды. Ал, мүгедек баласы бар ана үшін баласының амандығынан басқа арман бар ма?! Еңбек жолын сауда саласында қызмет етуден бастаған Қамқаға сол кезде біреу күндердің бір күнінде осындай қоғам ашып, қайырымдылықпен айналысасың десе сенбес еді. Тағдырдың жазуын көрмейсіз бе? Ойлануға да мұрша бермей, ақыры осы бағытты таңдайды. Көксегені – балапандарының басқа балалар секілді мектепке барып, ел қатарлы білім алып, өмірден өз орындарын табуына титтей де болса септігін тигізу. Қалтасында – ақшасы, ең болмаса арқасында тіреу болар ауқатты ағасы да жоқ жанға мұндай арманға қол жеткізу оңай емес, әрине. Ол соны түсінді, түсінді де тәңірден сабыр тіледі. «Сабыр түбі – сары алтын».

Бүгінде Қамқа Жасанова – «Жан» мүгедектер құқығы жөніндегі Азия қоғамы бірлестігі Астана бөлімшесінің жетекшісі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқығын қорғау жөніндегі комиссияның мүшесі. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласа жүріп, ол отбасы-ошақ қасының тірлігін бір сәт естен шығармады.

Мүгедектер мәселесі мазалайды

Елбасының биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандарға көбірек көңіл бөлу керектігі айтылды. «Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көр­сетілуге тиіс, бұл – өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз» деді Н.Назарбаев. Мемлекет бас­шысының мүмкіндігі шектеулі жан­дарды жұмыспен қамтуға ерекше мән бергеніне, соның арқасында жер-жерде осы мәселе күрт қолға алынып, бүгінгі таңда олардың өмірін өзгертуге үлкен мүмкіндік туып тұрғанына қуанады. Бұл ретте Қамқа Мәдиқызы теледидар арқылы, газет-журналдар беттерінде жұмыс істеп жүрген, белгілі бір жетістікке жеткен, тіпті темір тұлпар тізгіндеген мүгедектерді көрсетіп насихаттаса, үйде отырған мүгедектер соларды көріп талпынар еді деген ойын жасырмайды. Әлі де болса кейбір қоғамдық мекемелерде мүгедектердің кіріп-шығуларына мүмкіндіктің жасалмауына, олардың көп жағдайда қоғамдық көліктермен жүре алмауына алаңдайды. АҚШ-қа барған сапарын жиі есіне алады. Онда кез келген шағын аудандағы немесе тұрғын үй кешендеріндегі білім беру мекемелеріне қарасты мектептерде, балабақшаларда мүгедектерге арналған сыныптар бар. Мүгедек балалар сау балалармен бір мектептің есігінен кіріп, бір асханада тамақ ішеді, бір залда шынығады. Олардың айырмашылығы бөлек сыныптарда, кабинеттерде отырып оқиды. Бізде де осылай болса ғана мүгедек балалар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінеді, қоғам өміріне белсене араласуға тырысады. Сау балалар болса оларды шеттетпейді. Керісінше, оларға көмектесуге, қол ұшын беруге дайын тұратынын әңгімелей келе, бізде мүгедек балаларды оқытатын маман­дардың жетіспейтініне қынжылады.

«Мүмкіндігі шектеулі жандардың бойларында өмірге деген құштарлық, құлшыныс ерекше болады. Оларға арнап жыл сайын республикалық фестиваль өткіземіз, халықаралық шығармашылық сайыстарға да белсене қатысады. Олардың өз-өздерін мейлінше еркін ұстауына осындай мәдени іс-шаралардың берері көп» дейді Қамқа Жасанова. Ол алдағы уақытта Астананың әр ауданында мү­гедек балаларға арналған шағын ор­талықтар ашуды армандайды.

Шаттығы шалқыған шаңырақ

«Бірлік бар жерге бақ қонады». Ал, баланың санасы таза болып, отбасында мейірімге бөленіп өссе, ол қатыгездік пен қателіктің ауылынан алыс болады. Жасановтар отбасының ұл-қызы ата-ана махаббатына қанып өсті. Қыздары осы жерде университет бітіріп, тұрмысқа шықты. Ұлдары да өздері таңдаған мамандық бойынша білім алып, отау құрып, жандарына жақын кәсіппен айналысып жүр. Бүгінде Нұрлан спорт шебері болса, Жасұлан – дизайнер. Қызылгүл «ЖасНұр» саңыраулар ассоциациясы» жастар ұйымын басқарса, Әсемі – қала­лық мүгедек балалар қоғамының қолдауымен құрылған «Балам-ай» қайырымдылық қорының жетекшісі.

Отбасы бақытының сыры ерлі-зайып­тылардың бірін-бірі бағалай білуінде, қандай мәселені де бірлесе, ақыл­даса шешуінде десек, артық-кемді тізбеле­мей, кешірімшіл болған жандар ғана шаңырағын шаттыққа толтыра алатынын Рамазан мен Қамқа жақсы түсінеді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − 1 =