Жақсылардан жаныма жылу алдым

0 262

Қуат аға туралы айтқанда осыдан алты-жеті жыл бұрын болған бір оқиға ойыма оралады. Онда ол кісі – «Теміржол су» АҚ президенті, мен «Қазақстан теміржолшысы» газетінде істеймін. Бірде аталған компанияның «Мөлдір бұлақ» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарды жазу үшін Қуат ағамен Павлодар облысына іссапарға бардым. Жолай ауызсу тартылған теміржолшы ауылдар мен Екібастұз қаласына тоқтап, кеш бата Керекуге табан тіреп, сол жерде компания басшысы «Павлодар су» мекемесінің жауапты мамандарымен кездесіп, жиын өткізді. Жиын алдында ол кісі кеңсені аралап, залда ілінген екі тақтада орысша жазылған ақпаратты көріп, жанындағы бөлімше директорына: «Мына ақпараттар ресми тілде жазылыпты ғой, екі тілде жазылуы керек, мемлекеттік тілдегі нұсқасы қайда?» деп сұрады. Ол болса күмілжіп, не айтарын білмеді. «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі, сондықтан тез арада қазақшасын дайындап, іліңдер» деді бір ауыз сөзбен. Мекеме басшысы өзге ұлт өкілі еді, ол тапсырманы орындауға жүгіріп кетті. Сол сәтте ана тілін аялай білген аяулы ағаның болмысы көз алдымда биіктеп сала берді. Шын мәнінде қайраткерлік деңгейге көтерілген Қуат аға халқымыздың тарихына, тұлғаларына қатысты қаншама өнегелі іске ұйытқы болды. Біз бүгінгі сұхбатымызда соны тарқатып айтып көрдік.

Қуат ЕСІМХАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері

Апамның  аманатынан  таймадым

– Аға, адамның адам болып қалыптасуына оның отбасында алған тәрбиесі, әке-шешесінің өнегесі әсер етеді. Сіздің өскен ортаңыз қандай болды? Әңгімені содан өрбітсек.

– Жалпы мені екі анам тәрбиелеп өсірді. Екеуі де қазақы тәрбиемен өскен, салт-дәстүрді берік ұстаған мейірімді жандар болды. Үлкен әжем – арабша жазып, құран оқып, ораза ұстап, намазын қаза қылмаған адам. Апамның іс қағазында арабша жақсы білсе де, оны «сауатсыз» деп жазыпты. Туған шешем коммунистік партияның мүшесі еді. Апам байдың қызы болғандықтан, Сталин туралы сөз болғанда осы жез мұрт «Қазақтың жақсы-жайсаңдарын құртты» деп жақтырмаса, анам «Сталин болмағанда біз құрушы едік» деп оны жақтап сөйлейді. Сталин өлгенде жылапты. Мен үйде апамды қолдасам, менен бес жас үлкен туған апайым шешемді жақтайды. Сөйтіп, біздің отбасыда антагонизм болды.
Апам маған қазақы тәрбие беріп қана қойған жоқ, азаматтық тәрбиені де бойыма сіңірді. Аузың былжырамай айтатын сөзіңді нық жеткіз дейтін. Оның айтқан аманат сөзі үнемі ойымда жүреді: «Ер азаматтың ішінде сырғауылы болады, сол сырғауылды майыстырып алсаң, қайтадан орнына келмейді. Өмірбақи бүгіліп кетесің. Соған ие бол. Сенің Құдайдан басқа ешкімге берешегің жоқ. Алла жаратты, анаң өмірге әкелді. Ешкімнің алдында күмілжіме, тура қарап, тік сөйле. Сен айтпасаң басқа айтады, сен бармасаң басқа барады. Ойыңа келген сөзіңді жұтып қойма» дейтін.

– Апаңыз айтқан ұстанымнан өміріңізде таймадыңыз ба?

– Шамам келгенше тайған жоқпын деп ойлаймын. Жұртшылық осы ұстанымды ұстады деп айтады. Өмірімде ешкімге жағынып, жалпақтаған емеспін.

– Өмірбаяныңызды қарап отырсам жолыңыз­да үнемі жақсы адамдар жолығып отырады. Солардың арасында кімді ұстаз санайсыз?

– Ол рас. Сол кезде Май ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы Уақап Сыздықов деген кісі болды. Талапшыл, зерделі адам болатын. ПМК-да екі жыл істегеннен кейін, 28 жастағы мені аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары етіп тағайындады. Бірде ауданға Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы Рысбек Мырзашев келіп, аудандық атқару комитетінің активімен кездесті. Рысбек аға – Социалистік Еңбек Ері, елге абыройлы, алғыр, ақылды, сөзге шешен, сұңғыла азамат. Осы кісінің кезінде облыс билігі атқару комитетінің қолында болды. Бұрын партия басқарушы еді ғой. Бірақ ол кісі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысымен келісімге келіп, шаруашылықты өзі жүргізді. Аудандық атқару комитетінің басшысы Владимир Павлович одан ептеп жасқанатын, төраға келеді дегеннен кейін дегбірі қашып, бізге: «Ол – қатал адам, жауабымызға мұқият болайық, дайындалыңдар» деп қайта-қайта айтады. Жиын басталды, төраға бәрімізден өз саламызға қатысты жұмыс­тарды сұрады. Мен өз салам бойынша айтып бердім. Бір орынбасар энергетика туралы қойған сұраққа жауап бере алмады, тағы бір сұрақ жауапсыз қалды, ешкім үндемегеннен осы екі сұраққа жауап бердім. Рысекең бәрімізді бақылап, қарап отыр. Кейін облыста өткен жиынға төрағаның орнына мен барып, сонда көптен бері айтылып жүрген асфальт төсеу мәселесін көтеріп еді, кейбір әріптестері қарсы шығып, олармен айтысып, көзге түстім. Ертеңіне аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы хабарласып: «неменеге шулатып келдің?» деп күліп, облыстан Рысбек Мырзашев хабарласып: «Қуат болайын деп тұрған азамат екен» деп айтыпты. Күлдім де қойдым. Бір күні Уақаң шақырып: «Жалтыр» совхозына директор болып барасың ба?» деді. Ұсыныстан бас тарттым. Ауданда әжептәуір беделді қызметім бар, шынымды айтсам, совхозға барғым келмеді. Оның үстіне облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары: «сен түбі «сельстройға барасың» деген.
Онда: «Өз обалың өзіңе, Рысбектің көзіңе түстің, ол маған сені совхозға жібер» деді Уақаң. Сосын облыстық атқару комитетіне барып, Рысбек ағаның қабылдауында болдым. Даңғарадай кабинет. Рысекең үстелге қарсы келіп отырды. Әуелі хал-жағдайымды сұрап, ептеп әңгімеге тартып, содан кейін «неге совхозға бармайсың?» деп сөзін майдалап жеткізді. «Аға, мен құрылысшымын. «Жалтыр» совхозы – отыз мың қойы, төрт жарым мың ірі қарасы, мың жарым жылқысы, бәлен гектар егіні бар шаруашылық, оны басқару оңай емес» деп себебін айтып едім, ол кісі маған ойлана қарап: «Қуатжан, менің мамандығым – энергетик. Адам өмірінде шынжыр­дан жасалған звено болады, соның біреуі әлсіз болса, сол жері олқы болып тұрады. Оның бәрі керек. Совхоздың директоры деген – кішкентай мемлекетті басқаратын тұлға, одан өтуің керек» деген ұлағатты сөз айтты. Бұдан кейін ешқандай бұлтара алмадым, директорлыққа беку үшін алдымен Ауылшаруашылық министрлігінен өтуің қажет, құрылыс маманы болғандықтан министрлік мені өткізбеді. Сосын Мырзашевтің көмекшісіне хабарласып, «мен елге қайтам, өткізбеді» деп едім, ол «тұра тұр» деп жауап қайтарды. Бір-екі күн өткен соң министрдің бірінші орынбасары Серікболсын Әбділдин шақырып: «сізге сынақ мерзімімен келісім бердік» деді.
Сөйтіп, 1983 жылы «Жалтырға» директор болып, онда үш жыл жұмыс істеп, шаруа­шылығымыз алға жүріп, рес­публика көлемінде ауыспалы Қызыл туды жеңіп алдық. Содан мені Шарбақты аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінің төрағалығына жіберді. Мұнда да жақсы жұмыс істеп жүр едім, сегіз айдан соң облыс басшылығы Ермак аудандық атқару комитетінің төрағасы етіп тағайындады. Қызмет бабы бойынша менің өмірде тәлім-тәрбиесін алып, өнегесін көрген үш ұстазым болды. Олар: біріншісі – Нәжімиден Мұқанұлы Доғалов, екіншісі – Уақап Бекұлы Сыздықов, үшіншісі – Рысбек Мырзашев. Осы ардақты ағаларымды қайда жүрсем де ұмытпай, айтып жүремін.

Кейде  көлеңкемізден  қорқамыз

Сонда ауданға Ермак деген атау ертеден қойыл­ған ба?

– Жалпы Ермак – Қазақстанның қазіргі территориясына кірмеген адам. Ол анау Омбының арғы жағындағы Тарскіде өлген. Ертеде Ақсудың жағасында Қызылшырпы және Глинка деген ауыл болып, қазақтар мен орыстар қоныс тепкен. Он сегізінші ғасырдың соңы мен он тоғызыншы ғасырдың басында ағылшындар «сольветиа­дан» тұз тартып, оны Ақсуға әкеледі де, сол жерден кемеге тиеп, Ертіспен алып кетеді. Мұны өздері «воскресенск» теміржолы деп айтқан. Бірақ тұзбен жұмыс істеуге Глинкадағы орыстардың шамасы келмеген. Қазақтар болса да жоламаған. Содан ағылшындар тұздың жағдайын білетін Ресейдегі Ермактың ауылынан алпыс үйді көшіріп әкеледі. Бұлар келген соң үй салып, орнығады. Олар өздерін «Ермаковцы» деп атаған. Кеңес өкіметі орнағанда бұл ауданға Сталиннің жанында жүрген халық комиссары Лазарь Кагановичтің есімі берілген. Сталин өлгеннен кейін комиссардың аты алынып, Ермак ауылы болады, кейін аудан орталығы осылай аталды. Алпысыншы жылдары қаланың Пуздь деген басшысы бастап, оған ескерткіш орнатады. Ескерткішті Ленин сыйлығының лауреаты, украиндық мүсінші жасайды. Ол кезде оған ешқандай қарсылық болмапты.
– Ауданға басшы болып келгенде аталған ескерткішті құлату мен аудан атын өзгертудің басы-қасында жүріпсіз, соны ашып айтасыз ба?
– Жетпісінші жылдары қалаға көрнекті ақын Олжас Сүлейменов келіп, Ермак ескерткішін көріп, қатты сөйледі дегенді естігем. Бірақ маған дейін басшылықта болған азаматтар бұл мәселені қозғамаған. Маған да қозғама дегендер болды. Алайда күнде жұмысқа келерде ескерткіш жанынан өтем, соны көрген ішімнен осыны «құрту керек» деген бір ой мазалап жүрді. Бірде қыр аралап жүріп суық тигізіп, Алматыдағы Минис­трлер кабинетінің ауруханасына түстім. Бір бөлмеде академик Манаш Қозыбаевпен бірге жатып, тарихшы ағамен жақын таныстым. Сол жолы ауруханада Сырбай Мәуленов секілді бірқатар елге белгілі ағаларымыз да ем алып жатты. Бір күні Манаш ағаның көңілін сұрап, айтулы сәулетші Шота Уәлиханов, академик Аманжол Қошанов, Жоғары партия мектебінің ректоры Оразай Батырбековтер келді. Манаш аға ол кісілерге: «Қуат деген бауырым – Павлодар облысы Ермак ауданы атқару комитетінің төрағасы» деп таныстыра отырып, «Қуатжан Ермактың ініне су құяды ғой» деді астарлап. Сырбай аға зор дауысымен «Қашан құясың енді?» деп гүж ете қалды. Енді ескерткішті құлату үшін рухани демеу болатын құжат керек болды. Манаш аға тарихи фактілерді сөйлете отырып, қарақшы туралы мақала жазып, «Социалистік Қазақстанға» жариялады. Оны орысшаға аудартып, Ақсу қалалық газетіне шығардық. Адамның өз-өзіне жауапкершілікті алу деген – қиын шаруа. Басында қалаға Ақсуды емес, Потанин есімін бергенді дұрыс көрдік. Содан Ертістің жағасынан Потаниннің кемесі тоқтады деген болжамды ойлап шығарып, бір жерді анықтадық. Оның қазақ жерінде болғаны рас. Есімі де жүрекке жылы тиеді. Шоқанды айтқанда Потанин де ауызға ілігеді. Жұртқа Ермак – қарақшы, Потанин азат етуші деп түсіндірдік. Сөйтіп жүргенде ұлттық рух ояна бастады. Жалпы сол кезде басшылықта жүрген көп өзге ұлт өкілдерінде шовинизм болған емес. Көп орысқа Ермактың керегі де болмады. Оның үстіне «Толстой айтты, басқа белгілі тарихшылар айтты» деген Ермак туралы жағымсыз пікірлер шыға бастады. Тарихи атауларды қайтару керек деген сөз шығарып, алдымен Ермак совхозын – Ақсу деп өзгертуге күш салдым. Бұрын бұл ауданның тарихында «Ақсу» болысы болған. Министрлер кабинетінің төрағасы Ұзақбай Қарамановқа барып барлық жағдайды айтып, 1990 жылы совхоздың аты үкімет қаулысымен Ақсу аталды. Енді ауданның атын ауыстыру қажет, оған халықтың пікірін тыңдау үшін жиналыс өткіздік. Ауданның отыз пайы­зы – қазақ, қалғаны – ұлт өкілдері. Осыған неше түрлі тәсілді пайдаландық.
Ақыры 1991 жылдың тамызында аудандық сессияда аудан атын ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бес-алты адам қарсы болғанмен, көпшілік қолдады. Оны Жоғарғы Кеңес бекітті. Жыл соңына таман тәуелсіздік алдық, 1992 жылы 13 наурызда Ермактың ескерткіші құлатылды, улап-шулаған түк те болған жоқ. Кейде көлеңкемізден қорқамыз.

Мені барлық емес,  нарлық апарды

– Ел ішінде есімдері елеусіз қалған таланттар мен танымал тұлғаларға ескерткіш-белгі қойып, кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде өнегелі із қалдырдыңыз. Ол қойылған ескерткіш-белгіні атын атап, түсін түстеп айтсақ әңгімеміз таңға созылады. Осы игілікті істі жасауға не түрткі болды?

– Ертеде Ермак ауданында Ермак совхозын басқарған Социалистік Еңбек Ері Мәмбет Омаров деген ағамыз ғұмыр кешті. Аудандық атқару комитетінің төрағасы болып келгеннен кейін сол совхозға барып, директоры Латиев деген ағамыздан зиратын сұрасам, бұл ауылға кейін келгендіктен, оның одан хабары жоқ екен. Содан білетін адамдарды тауып, Еңбек Ері ағамыздың басына бардым. Сол совхоздың бір бөлімшесіне жерленген екен, зиратын темірмен қоршаған, үстін қурай басып кетіпті. Ол кісінің артында ұрпағы да жоқ. «Әй, жігіттер, мыналарың не, ертең сендер өлмейсіңдер ме, осы төңіректен шыққан жалғыз Еңбек Ері. Қараусыз қалыпты ғой» деп ренішімді айтып, ауыл адамдарына арам шөбін жұлғызып, жан-жағын ретке келтіріп, зиратты қоршаған темірге тиіспей, басын кірпішпен көтеріп, оған баратын жол салып, мектеп директорына бейітті күтімге алуды тапсырдым. Мәмбет Омаров ағамыздың тәрбиелеген адамдары өте көп. Одан кейін ақын Сәбит Дөнентаевтың тоқсан жылдығын өткізіп, мектепке есімін беріп, мүсінін қойғыздым.
1988 жылы Ақсуға әйгілі әнші, жазушы Жәнібек Кәрменов келіп, бірегей өнер иесі, әнші Байғабыл Жылқыбаевтың басына алып бар деді. Сол елде Сталин заманында Баянауыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Әлібайдың Арыны деген ақсақал тұрды. Сосын Байекеңнің ауылына келіп, алдымен әншінің зиратына бардық. Жәнібек зиратты көріп, «Дарабозым-ай, Ақсұңқар-ай» деп көңілі қамықты. Ол кісінің де бейіті темірмен қоршалған. Байғабыл ақсақал маған құда болады, бала-шағасы бар адам. Бұл іске маған араласуға болмайды. Сосын ауылдық кеңес төрағасының үйінде отырып, таңға дейін әңгіме шерттік, Жәнібек ән айтады, Әлібайдың Арыны әңгіме айтады. Біразға дейін «Байекеңнің басы» осылай жатқаны ойымнан шықпады, 1992 жылы бір ыңғайы келгенде әншінің зиратын кірпішпен көтердік.

– Естай ақын жырға қосқан Қорлан апамыздың сүйегі жатқан Ресей жеріне апарып, ол кісіге белгі қойдыңыз. Жалпы тамаша туындыға кейіпкер болған апамыздың өмір жолының беймәлім тұстары көп, соны айтасыз ба?

– Апам маған алты жасымнан домбыра әперіп үйретті. Сегіз-тоғыз жасқа келгенде Естайдың «Бір мысқалын» айта бастадым. Жас күнімде Байғабыл әншіден «Ата, Қорлан шынымен сұлу болды ма?» деп сұрағаным бар, сонда ол кісі «Оны шығарып жүрген Естай ғой, менің кемпірім одан кем емес» деп күліп айтқаны есімде қалыпты. Кейде апамның «Қазақтың өсегі Қорланға обал қылды ғой» дейтін. Екеуі кездескені рас, Естай арнап ән шығарған. Болды. Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» кітабында «Естай Қорланды бай шал қалыңдыққа алды» деп айтты дегенді келтіреді. Бұл дұрыс емес. Қорланның күйеуі Нұрмұханбет Естайдан жас болған. Оқыған-тоқығаны мол, ауқатты азамат. Ноғай-Сібірмен шектесетін Құлынды даласында Бөрілі, Табынды деген аудандар бар. Бөрліде Қорланның әкесі Сұлтан, ағасы Сұңқар да болыс болып, елге билік жүргізген. Нұрмұханбет те тақыр жерден шықпаған, оның ұлы атасы Қуат деген атақты бай болған, «Куатовка» деген ауыл әлі сақталған. Қорлан Нұрмұханбеттен бес ұл табады, оның біреуі жастай өліп, қалған төртеуі ержетіп, үйлі болады. 1937 жылғы репрессия кезінде күйеуі Владивостокқа қашса, үлкен ұлы сотталып, Қиыр Шығыста түрмеде отырған. Қорлан үш ұлымен төркін жұрты – Бөріліге барып, 1937 жылы 59 жасында өмірден өтті. Естай ақын 1946 жылы қайтыс болды. Содан бері қаншама жыл өтсе де, Қорланды ешкім іздемеген.

– Іздеп баруыңызға не себеп болды?

– Бір жылы Екібастұз қаласына жақын Естайдың ауылы Қаражарға барып, ақынның туған жеріне белгі қойдық. Оған астанадан Әнес Сарай, Қойшығара Салғара, Төлен Әбдік, Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Несіпбек Айтұлы, Тұрсын Жұртбай секілді зия­лыларды ертіп бардым. Бұл іс-шараға ақынның немересі Зәкен тәтені шақырдым. Павлодарда тұратын Қорланның немерелерін де алдырттым. Жігіттерге айтып, Естайдың ұрпақтарының атынан Қорланның немересі Гүлсім қарындасымыздың саусағына алтын жүзік таққыздым. Сол ауылда бір қарияның үйінен ас беріп, құран оқыттық. Сосын Қорланның немерелері менімен бірге болып, астан ауыз тисін деп алып кетейін дегенімде, Естайдың немересі Зәкен тәте: «Қуатжан, бұл қонақтарды маған бер» деп, Қорланның немерелеріне: «Қарақтарым, қимастарымыз бір кезде сыйлас болған екен, асты біздің дастарқаннан ішіңдер» деп алып қалды. Міне, арқаны жыбырлататын қазақтың қасиетті сөзі. Қахан ақсақалдың үйінен тамақ ішіп қайтайын деп жатқанымда ағамыз: «Әй, Есімханов, Естайдың ауылын көрсеттің, Қорланның ауылын қашан табасың?» деді. Қорланның ауылы қайда екенін білмесем де «Ендігі жылы» деп сөз беріп қалдым да, төрт рет Ресейге бардым. Немерелері арқылы Қорланның келіні Асқапжамал деген кісіні тауып алып, сол үйден дәм таттым. Апамыздың қайда жерленгені де белгілі болды, бірақ қалың зираттың ішінен қай жерге қойғандығын ешкім білмейді. Ертеде Қаранай деген қазақ ауылы болған, қазір Притика деп аталады. Содан Баянауылдан төрт тоннадан асатын гранит тасқа «Дариға өлмейтұғын әнге айналған, Дүниеге қайтып келмес қайран Қорлан» деп және «Бұл қорымда қазақтың хас сұлуы Сұлтанқызы Қорлан (Айып келіні) жерленген. Қыпшақ қызы» деп жазып, апарып орнаттық. Оның ашылуына біраз мықтыларды ертіп апардым. Ресейдің жергілікті баспасөз өкілдері қатысты. Зират басында құран оқылып, айтулы опера әншісі Шахмардан Әбілов «Хұсни-Қорланының» бір шумағын орындады. Ас бердік. Ас ішіп болғаннан кейін бір кісі келіп, сізді үлкен қариялар шақырады деп алып барды. Барсам, жастары сексеннен асқан бес бәйбіше отыр. Ішінде Қорланның келіні де бар. «Қарағым, анамыздың әнін тағы айтқызшы» деп өтініш жасаған соң, Шахмардан төрдегі үлкен үстелде отырған соң, Павлодардан келген әнші жас жігітке айтқыздым. Бес кемпір пора-пора жылап, көз жасын орамалдарымен әлсін-әлсін сүртіп отырды.
«Русская звезда» деген журналға олар «Қазақтың хас сұлуы Ресейдің жерінде тыныстап жатыр» деп ақпарат беріпті. Ертең біз кетеміз, тарих бәрібір айтылады. Шын мәнінде, мен Ресейде жатқан Қорланның басына белгі қоюға мені барлық қысып апарған жоқ, нарлық қысып апарды.
Екіншіден, біз аналарымыздың қадірін төмен түсіріп алдық. Қазақтың іске татырлық қызы болса қорлауға бейім тұрамыз. Кейінгі жазушылар көркем шығармасын қызық етемін деп, көп дүниені ойдан қосады. Әйтпесе Қорлан 1937 жылы өмірден өткен. Естай 1946 жылы көрші ауылда, туысының үйінде ауырып қайтқан. Ақтоқты апамыз туралы да түрлі қауесет жазылды. Ақиқатын айтсақ, ол кісі өте ақылды адам болған екен. Ел ішінде өзі туралы өсек тарап, Жалмұқан мынау не сөз дегенде: «Жалмұқан, мен сенің ақбосағаңды оң аяқпен аттауға шешім қабылдаған адаммын. Мен сенің балаларыңа ана болуды армандаймын. Егер тұщы етімнен ащы тырнақтың ізін көрсең, есекке теріс қаратып мінгізіп жібер» деп айтыпты. Осыны қай ұлттың қызы айтады?!

Жастарға ұлттық  рух жетпейді

– Тоқсаныншы жылдары Жоғарғы Кеңестің депутаты болдыңыз. Бұл кезең тарихта алтын әріппен жазылады. Осы құрамда қазақтың дарабоз азаматтары халық қалаулысы болды. Сіз олардан қандай қасиет алдыңыз?
– Бұл Жоғарғы Кеңесте өтірік айту болған жоқ, азаматтар қателессе де, шындықтың түбіне жетемін деп ойлады. Депутаттық құрамда халқымыздың сүт бетіне қаймақтары деп айтуға болатын нағыз зиялы азаматтары жиналды. Олар: Салық Зиманов, Манаш Қозыбаев, Шахмардан Есенов, Өмірбек Жолдасбеков, Сағадат Нұрмағамбетов, Әбіш Кекілбаев, Сауық Тәкежанов, Шерхан Мұртаза секілді ағаларымыз, мен осы кісілердің қолына су құйып, дастарқандас болдым. Бір сөзбен айтқанда, жақсылардан жаныма жылу алдым.

– Мемлекеттік тіл туралы заң алғаш қабылданғаны жайында айтып қалдыңыз. Міне, содан бері отыз жыл өтті. Қазіргі қазақ тілінің жағдайы туралы қандай ойдасыз?

– Қазақтың азаматына қазақтың тілі туралы айту да ыңғайсыз. Бірақ соны айтуға мәжбүр болып отырмыз. Осыған өзіміздің кінәміз жоқтай, баяғы кеңес өкіметін жамандап, ақталамыз. Кеңес өкіметінің залалы болғаны рас. Мен өзім сол ортадан шықтым. Жоғары оқу орнын орысша оқыдым және қазағы аз, өзге ұлт өкілі көп жерде, орыс тілінде қызмет істедім. Алайда туған тілімді бәрінен жоғары қойдым. Енді қашанғы біреуді кінәлай береміз, енді істің шешімін тауып, дұрыс­тау қажет.
Қызылдардың қылышы желкесінде тұрса да, Ахаң ұлттық мүддені қорғап, қазақ тілінің барлық ережесін жасады. Сәкен Сейфуллин Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы болғанда қазақ тілін мемлекеттік тілге айналдырды. Соның бәрі мойындарына тұзақ болып ілінетінін білсе де, осы іске жігерлі барды.
Қазір азат елміз, ұлтың үшін не істеймін десең де еркіңіз, ешкім сені қорқыта алмайды. Жаңа Тіл туралы заң қабылданғанда Жоғарғы Кеңесте депутат болғанымды айттым. Сонда кейбір ағаларымыз жиында тіл туралы толғанып сөйлейді, тіпті өлуге дейін барамын дегендей сөз айтады. Мына кісілер қазақтың тілі болмағанда өліп қалатын шығар деп ойлаймын. Отыз бес жастағы жігітпін. Сосын араласа жүріп байқағаным, әлгі кісілер үйлеріне келгенде немерелерімен орысша сөйлеседі. Осыны біразға дейін ұға алмай жүріп, кейін етім үйрене бастады. Қысқасы, әрбір қазақ баласы азаматтық парызды ұмытпағаны жөн.

Біраз жыл ат үстінде жүрдіңіз. Бүгінгі билікте жүрген жастар туралы не айтасыз, оларға қандай қасиет жетпейді деп ойлайсыз?

– Бұл жайында баға беру қиын. Өйткені өзімнің балам өсіп, ел басқару ісінде жүр. Байқауымша, жастарға ұлттық рух жетпейтін секілді. Ұлттық рух деген тіл білу ғана емес. Бізде қазақша жақсы сөйлесе, «әй, мынау ағып тұр екен» деп мақтайды. Ана тілін тамылжытып сөйлегені жақсы. Біз ұлттық дегеннен кейде шошимыз, бұл жалғыз қазақты ойлайтындай көреді. Ұлттық деген – қазақты ғана тану емес, орысты да, немісті де, өзбекті де білу деген ұғым. Орыс жұрты көбірек орналасқанда ауданды орыстың тарихын білмей қалай басқарасың? Сондықтан басшы адам жан-жақты болғаны дұрыс. Елімізде басшылық орынға көбінесе маманды тағайындайды. Облыс басшысына бизнесті жетік білетін, экономикадан хабары бар адамды қояды. Ал оның халықты басқаруға қандай қабілеті бар, соны ойламаймыз. Дегенмен жастардың арасында жетелі азаматтар жетеді, мен солардың келешегінен көп үміт күтемін.
– Өмірден көрген-түйгеніңіз мол. Кітап жазу ойыңызда жоқ па?
– Қазір баласы байып ақша тапса, әкесі жайында кітап жаздыратын болды. Мен сондай кітапты көп көрдім, тіпті оқымаймын. Мен де ел басқардым, соны кітап етіп жазсам не болады? Жақындарым, достарым маған «кітап жазсайшы» деп айтады, мен «жазбаймын» дедім. Ел үшін жасаған еңбегім бар шығар, бірақ оны жазып қайтем. Кейбіреулер кейінгі ұрпаққа керек деп айтады, ал енді сол ұрпақ үшін жазып, ертең солардың миын шатастырсақ қайтеміз? Тарих үшін шала сауатты адамнан сауатсыз адам пайдалы. Өйткені сауатсыз адам ешнәрсе жазбайды. Шала сауатты адам бірнәрсе жазам деп, тарихты былғайды. Сол шығып жатқан кітаптардың мұқабасын көрсеңіз, заңғар жазушы Мұхтар ағамыздың «Абай жолы» оның қасында жіп есе алмайды. Қазір бәрі қолынан келсе шежіре жазатын болды. Онда да шындыққа бармаймыз, рулық санаға ішіміз бұрып кетеді. Біз ұлттық санада болсақ, келешекке үлгі болар өнеге берер едік. Ал «Бөлінгенді бөрі жейді» деген рас қой.
– Жүрекжарды әңгімеңізге рақмет, аға!

Сұхбаттасқан  Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 3 =