©2020 Астана Ақшамы
ЖАҚСЫДА ЖАТТЫҚ ЖОҚ
Елімізде жүзден аса ұлт пен ұлыс бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бәрі де Қазақстанды Отаны санайды. Сан түрлі себептермен дәм-тұзы қазақ жерінен бұйырған өзге ұлт өкілдері қалаған кәсіптерін меңгеріп, еліміздің өсіп-өркендеуіне шама-шарқы келгенше еңбегін сіңіріп жатыр. Солардың бірі – Астана тұрғыны Ройшан Гасанов.
Әзірбайжан ұлтының өкілі жиырма жеті жылдан бері елордада тұрады. Жасаған игі ісінің бәрін Астананың гүлденуіне қосқан үлесім деп санайтынын айтады. Осыдан 5 жыл бұрын елорданың 10 жылдық мерейтойына орай көптен бері көкейінде жүрген мақсатын жүзеге асырды. Ол қала күні қарсаңында өзі тұратын «Егемен Қазақстан» газеті көшесінен шағын дүкен ашып, «Астана-10» деген атау береді. Бас қаланың тұрғыны болғанын мақтан тұтатын бұл азаматтың дүкені Астананың он жылдық тойы алдында жұмысын бастап жібереді. Содан бері бес жылға жуық уақыт өтті. «Астана-10» дүкенінің қызмет көрсету сапасы бүгінде сол маңайдағы халықтың көңілінен шығып келеді.
Жасы елуден асса да баладай елгезек Ройшан аға Армения жерінде туыпты. Ес біліп, ер жеткенде Тәңір оған Қазақстандай кең-байтақ жерде ғұмыр кешуді жазыпты. Әр күн сайын өміріне тәубе айтудан жалықпайтын ол бұл күніне дән риза.
– Мен Қазақстанды шексіз сүйемін десем, әсте артық айтқандық бола қоймас. Ат жалын тартып мінер жігіт шағымнан бастап, міне, ел ағасы атанар жасқа дейінгі ғұмырым қазақ елінде өтіп келе жатыр. Сол елдің елордасында тұру бақыты екінің біріне бұйыра бермейді. Сол үшін де мен өзімді бақыттымын деп есептеймін. Осы елдің нанын жеп, суын ішкендіктен, мен Қазақстанды атамекенім деп санаймын. Осында ұл-қыздарымның кіндік қаны тамды, ер жетті. Сондықтан Астананы, барлық ұлттың балаларын бауырына басқан қазақ халқын біз қашанда құрметтейміз» дейді ол.
«Астана күннен-күнге сұлуланып келеді. Ресми мәртебе алғаннан бері он бес жылдай уақыт өтті. Бар жаңалық көз алдымызда жүзеге асып жатыр. Бұл сонау Ақмола аталған кезде қоныс тепкен біздерді шексіз қуанышқа бөлейді. Әрине, мұның бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегі деп білеміз. Сондықтан да біз қашанда Елбасымызбен біргеміз» дейді шын көңілмен.
«Астана-10» дүкенінде Гасановтар отбасымен жұмыла қызмет етеді. Тұтынушының талабын орындауды өздеріне міндет санайтын отбасы мүшелері келген жандарды қашанда жылы қабақпен қарсы алады. Мұны есіктен кірген кісінің аңғармай қалуы мүмкін емес. Ройшан Валиұлының жары Любовь, қыздары Гунай мен Лейла да құрақ ұшып тұрады. Елордадағы барлық дүкен қызметшілері осындай болса ғой деп таңдай қағасың!
«Жарым Любаның ұлты – орыс. Келіндерім – қазақ. Біз ынтымағы жарасқан көпұлтты отбасымыз» дейді Ройшан аға. Оның ынтымағы жарасқан ырысты елдің тілеуін тілейтін ниеті сүйсінтті бізді.
Бетті дайындаған: Қызғалдақ ҚЫДЫРБЕК,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың студенті