©2020 Астана Ақшамы
Жақсы қойылымдармен жастар жүрегін жаулаймыз
Ғани ҚҰЛЖАНОВ, актер, Астана қаласы Жастар театрының директоры
– Жастар театрының ашылғанына біраз жыл болды. Осы уақыт ішінде көрермендер көбейді ме? Жалпы қала мәдениеті, өнерге деген сұранысы артты ма?
Көркем, есепші
– Біз 2007 жылы «Шыңғыс хан» спектаклімен ашылдық. Ол кезде театрымызда небәрі 12 әртіс болатын. Қазір қатарымыз көбейді. Осы уақыт аралығында өз көрермендерімізді қалыптастырып үлгердік. Кезінде біздің тұрғылықты жеріміз болмағандықтан, көрермендеріміздің көбісі соңымыздан еріп жүрді. Қуанышбаев, Горький театрларының сахналарында, Конгресс-холл, Пирамидада өнер көрсеттік. Көшіп, қонып жүргенде біраз көрермендерімізді жоғалттық. Қазір, құдайға шүкір, Оқушылар сарайының сахнасында өнер көрсетеміз. 500 адамдық үлкен театр. Ең соңғы үлгімен жабдықталған. Жарығы, дыбыс беруі – бәрі керемет. Тамаша деңгейде жұмыс жасауға мүмкіндік бар. Көрермендеріміз өте көп. Жағдайымызды ескеріп, өнерімізді бағалаған Астана қаласының әкімі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовке алғысымыз шексіз.
– Репертуарды қалай таңдайсыздар?
Айым КӘРІМ
– Репертуарды ұжыммен ақылдасып, келісіп таңдаймыз. Қазіргі таңда қоржынымызда 20-ға жуық спектакль бар. Оның төртеуі –балаларға арналған қойылымдар. Осы қойылымдар арқылы біз балаларды жақсылыққа, адамгершілікке баулығымыз келеді. Жақсы қойылымдармен бала жүрегін жаулап алу арқылы олардың театрға келуін әдетке айналдырғымыз келеді. Мысалы, кинотеатрларда билеттің құны 1200 теңге. 3-ақ минуттық аттракционыңыз жоқ дегенде 500 теңге тұрады. Ал, театрдың бір сағаттық әсемдік әлеміне ақшасын қимайтын ата-аналар болады. Ата-аналарға балаларыңызды театрға жиі жіберіп тұрыңыздар дегім келеді. Баламен бірге театрға барып, оның алған алғашқы әсері мен қуанышын бөлісу ата-ана үшін зор бақыт қой.
– Өзіңіз басқа театрларға қаншалықты жиі барасыз ?
Аяулым, студент
– Мен көбінесе К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрына барып тұрамын. Ол жерде керемет биші қарындасымыз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлфайрус Құрманғожаеваның өнерін тамашалаймын. Сол кісінің табынушысымын десем де болады. Ол кісі билеген спектакльдерді жібермей қарауға тырысамын.
– Аға, сіз өз қалтаңыздан шығарып, театр әртістеріне пәтер жалдап берді дегенді естідім. Сол рас па?
Шынар ЕЛУБАЕВА
– Бұл – театр жаңадан ашылған кезде болған жағдай. Кейін пәтерақыны үкімет төлей бастады. Егер алдағы уақытта жатақханалар, пәтерлер беріліп жатса, қуанамыз. Бірақ, қалалық әкімдік қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасап отыр.
– Осы уақытқа дейін «шіркін-ай, осыны ойнасам ғой» деп армандаған рөліңіз бар ма?
Гүлім, медбике
– Армандамайтын адам болмайды. Адам ұйқыдан тұрғанда армандап тұрады. Армандайтын рөлдер көп. Бірақ, оларды айтқанмен, бола қойса, жақсы.
– Алдағы уақытта сізді қандай фильмдерден көре аламыз?
Инара, студент
– Бұйыртса, алдағы күзде көресіздер. Қандай кино екені құпия болып қалсын.
– Көптеген актерлер өздерінің режиссерлік қабілетімен көрініп жүр. Сізде ондай ой жоқ па?
Әспет, мұғалім
– Ондай ойым жоқ. Бірақ өзіміздің жастар театрының ішінде Бейбіт Құсанбаев деген актеріміз үш спектакль қойды. Жаман болған жоқ. Бұйыртса, наурыз айының алғашқы үш күндігінде театрымыздың іргетасын қаласқан актерлердің бірі Дәурен Серғазиннің «Жер мен көктің арасы» деген спектаклінің премьерасы болады. Келіңіздер, көріңіздер, жастарды қолдаңыздар дегім келеді. Егер жастарымыз осылай талпынатын болса, олардың бетін қақпаймыз, әрқашан қолдауға дайынбыз.
– «Жаным» телесериалында басты рөлдердің бірін сомдадыңыз. Осы картина көптің көңілінен шыққан жоқ. Неліктен деп ойлайсыз?
Айтолқын ӘЛІМХАНОВА, бухгалтер
– Көрерменнің барлығының көңілінен шығу мүмкін емес. Біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Бір адам айтты екен деп 15 миллион көрерменді жоққа шығаруға болмас.
– Мынаны айтыңызшы, рөл таңдағанда сізге қазақы болмыс, қазақы ұғым деген дүниелер қаншалықты маңызды?
Индира НАУРЫЗБАЕВА,
қала тұрғыны
– «Жаным» деген фильмді қазақтың менталитетіне келмейді деді. Бірақ, бұл сериал – өмірден алынған, болған оқиғаның желісімен түсірілген дүние. Егерде қазақтың менталитетіне қайшы келетін, өрескел қойылымдар болса, әрине, келіспеймін, бас тартамын. Өйткені менің сонау «Тоғысқан тағдырлардан» келе жатқан өз көрермендерім бар. Оларды ренжіткім келмейді.
– Тұлғаңызға қарағанда спортпен айналысатын сияқтысыз. Қай түріне жақынсыз?
Толғанай, магистрант
– Менің спортым – ұйқы. Көп уақытым бола бермейді. Түр-тұлғам бірінші Алла, одан кейін ата-анамнан келген сый деп білемін.
Еркежан СӘТІМБЕК