ЖАҚСЫ ҚАРЫМ – ҚАТЫНАС ЖАЛҒАСТЫҒЫ

0 125

Кеше Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Будапешт мэрі Иштван Тарлош бастаған венгриялық делегацияны қабылдады.

Қазақты ежелден туыс деп та­нып, жақын тартып жүретін вен­грлер осы жолы да достық қарым-қатынасын нығайта түсу ниетімен Астанаға ат басын бұрыпты. Буда­пешт мэрі Иштван Тарлош бастаған делегацияны қабылдаған елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов Қазақ елі мен Венгрия арасында барлық сала бойынша байланыстар түзілгенін, ынтымақтастық көкжиегі кеңес заманында-ақ орныққанын әңгімесіне арқау етті.

– Сол кездің өзінде мұнай-газ саласы бойынша өзара келісімдер құжатына қол қойылып, біраз жұмыстар игерілгені есімізде. Тек Атырау өңіріне 10 мыңға жуық қандастарыңыз келіп жұмыс істеді. Олардың арасында қазақ қыздарына үйленгендері де баршылық. Осының өзі-ақ қазақ-венгрдің арасында әріптестік қана емес, тамыры тереңге жайылған адами, тарихи байланыстар жатқанын аңғаруға болады, – деді Иманғали Нұрғалиұлы.

Сондай-ақ, Астана әкімі жақында қалалық Ономастика комиссиясы мен мәслихаттың шешімімен Астана көшелерінің біріне Будапешт атауы берілгенін жеткізді.

Бұдан кейін ол мәртебелі меймандарға Астана туралы әңгімелеп, жас шаһардың өсу-өркендеу та­рихына аз-кем тоқталды. Елорда тұрғындарының саны бүгінде 800 мыңға жуықтағанын, соңғы бес-алты жылда тұрғын – үй құрылысы 1,5 миллион шаршы метрге жеткенін, бұл көрсеткіштің өзі жас қаланың қарқынды дамып келе жатқанын айғақтайды, – деді әкім. Будапешт сынды әлемдегі әдемі шаһармен қойын-қолтық араласып, тәжірибе ал­масу – Астана үшін маңызды екендігін айтқан Иманғали Нұрғалиұлы:

– Біздің ел мен Венгрия арасындағы сауда айналымы ауыз толтырарлықтай емес. Бұл мәселеде бастапқы кезеңде тұрмыз деуге бо­лады. Қазақстанда бірде-бір венгр мекемесі тіркелмеген екен. Кезінде Венгрияның өндірісі сапалылығымен ерекшеленгенін білеміз. Бізге қажеттісі де осы инновациялық тех­нология. Сондықтан Будапештің биз­нес өкілдерімен Астанада кездесіп, бірлескен кәсіпорындар құруды ойластырсақ, – деген пікірін білдірді.

Бұл ұсынысты құп көрген Бу­дапешт мэрі өздерін мадиярлар санайтын венгрлер қазақтарды қашан да жақын тартатынын, та­рих көшіндегі өзара келісім мен достық үрдісі бүгінгі күні де керегесін кеңге жайғанын қалайтындарын жеткізді. Екі бірдей қаржылық дағдарысты бастан өткерген венгр жұртшылығының қазіргі ахуалына тоқталған Иштван Тарлош мырза Будапешттің даму тарихына да шолу жасады. Енді осы бір әсем шаһардың бір көшесі немесе алаңы Астана деп аталатынын да құлаққағыс етті.

Астана әкіміне қос астана арасындағы әріптестік туралы келісімнің жобасын ұсынған ол:

– Өз басым мәдениет және спорт саласындағы байланысымыз ерекше екпін алса деймін. Біздің музыка әлеміне, ансамбльдер мен ұжымдар арасындағы тәжірибе алмасуға алаңымыз ашық. Ендігі кезекте оқу орындарының өзара әріптестігі де арта түскені дұрыс. Будапешт – жоғары білім ордалардың қаласы. Жақында ғана Ғылым академия­мыз беделді университеттермен серіктестік туралы келісімін аяқтады. Сіздермен де осы салада бірлесе жұмыс істесек деген ойымыз бар, – деді.

Мәдени-гуманитарлық, көлік, коммуникация, құрылыс сынды сан салалар бойынша тығыз байланыс жасау төңірегінде байлам жасасқан қос шаһар басшысы бұл жүздесу достық қарым-қатынасқа жаңа серпін беретініне сенім білдіріп тарқасты.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + three =