ЖАҚСЫ НИЕТ – ЖАРЫМ ЫРЫС

0 198

Астанадағы Назарбаев зияткерлік мек­тебінің оқушылары мектеп бітіру кешіне жинаған ақшаны қан ауруына шалдыққан сыныптастарының ем-домына аударды.

Аталған мектептің 12-сынып оқушысы Темірлан Мырзағалиев бүгінде Оңтүстік Кореяда емделіп жатыр. Ондағы дәрігерлер бозбаланы емдеу үшін 160 мың дол­лар көлемінде қаржы ке­рек­тігін айтқан. Мұны ес­тіген сыныптастары ой­ланбастан сауапты іс жа­саған. «Ақшаны мамыр айына дейін беру қажет болды. Мектеп бітіру ке­шіне жинаған қаражатты лезде Темірланның есепшотына жібердік. Досымыз сауығып келген соң, бәріміз міндетті түрде жақсы жерге барып, көңілді уақыт өткіземіз» дейді Темірланның сыныптасы Жәния Әбдімаш.
Ұстаздар ұжымы шәкірт­тің тағдырына бейжай қарамай, өз еріктерімен бір күндік жалақысын қайырымдылыққа ба­ғыт­тады. Мектеп директоры Мейрам Жәкеновтің айтуынша, бас-аяғы 100 мың доллардан аса қаржы жиналған. Осы орайда ол мұғалімдер қауымына үлкен адамгершілік істері үшін риза.
Биыл мектеп бітіретін Темірланға АҚШ-тың үш және Ұлыбрита­ния­ның екі жоғары оқу орнынан ұсы­ныс түскен. Алғыр қазақ ба­ласынан жергілікті мек­тептегі шетелдік оқы­ту­шы­лар да зор үміт күтеді.
Алдағы күндері Аста­на­дағы сауда орындарының бірінде оқушылар концерт беріп, арнайы көрме ұйымдастыруды көздеп отыр. Түскен қаржы түгел­дей Темірланның атына аударылады.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × one =