Жақан ата мен «Катюша»

0 201

Ұлы Отан соғысының қаһарлы қаруларының бірі – тарихта «Катюша» деген атпен белгілі болған БМ-13 реактивті артиллерия жүйесі. Маршал Жуковтың өзі қарудың күштілігін бағалап: «жан-жағын жалмап тастап, түскен жерін жермен-жексен етіп, жоқ қылады» деп таңғалған екен. Ал оның жеті қат жерді жарған дауысынан үріккен фашистер сартылдаған оқтың үнін «Сталиннің дауысы» деп атапты. Мына деректер рас болса, соғыс жылдары 10 мың «Катюшадан» 12 миллион реактивті снаряд жауға қарсы атылған екен. Бұл туралы неге айтып отырмын? Өйткені елордалық Жақан Сейсебаев осы «Катюшаның» наводчигі, яғни көздеушісі болған. Майдангер 1925 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Алатау өңіріндегі Алғабас ауылында жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін, 1942 жылы 17 жасында соғысқа алынады. Балаң жігітті алдымен үш ай Мәскеудің түбіндегі Молты стансасында әскерге дайындап, 1943 жылдың бірінші қаңтарында соғысқа аттанады. 5-Армияның Үшінші Беларусь майданы әскерлерінің қатарында шайқасқа түседі. Осы жылдың наурызында оң жақ бетіне снарядтың жарықшағы тиіп, госпитальға жатады. Жазылып шығып, қайтадан ротасына келеді. Соғыс жылдары оң қолынан да жараланады. Жарасы жазылған соң тағы майдан шебінен табылады. Жас солдатқа «За отвагу» медалі тапсырылады. Витебск қаласындағы 22-жеке құпия «Катюша» бригадасына наводчик болып, ұрыстың ортасында болады. Кёнигсбергті алғаны үшін тағы марапатталады. ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені де бар. Соғыс біткеннен соң 1945 жылы Жапон соғысына, 1947 жылы Владивос­токта қызмет етті. 1948 жылы сәуірде елге оралады.Майдангер Алматы қаласындағы политехникалық техникумды бітіріп, көп жылдар халық шаруашылығында еңбек етіп, 1985 жылы зейнетке шықты. 2004 жылы елордаға қоныс аударды. Бір ұл, үш қыздан өніп-өскен ұрпақтарының арқасында ел төрінде жасап, бейбіт өмірдің шуағына бөленуде. Атақты «Катюша» әнін естігенде соғысқа аттанған өрімдей жастық шағы, қанды шайқастар көз алдынан тізбектеліп өтетін-ді. Жетпіс жылдың өткені де ештеңе емес. Жүректе қалған шерлі жылдар қарттың меңдеген жүрегін шым-шымдатып ауыртатыны анық. Бірақ қарт жауынгер осы күннің өтеуі үшін соғысқанын ойлағанда жанары суланып, бір сәуле жылытқандай болады…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 2 =