©2020 Астана Ақшамы
ЖАППАЙ АВТОМОБИЛЬДЕНУДІ ТЕЖЕУГЕ БОЛА МА?
Болады, әрине. Ол үшін алдымен отбасы болған соң міндетті түрде ерінің де, әйелінің де тақымында темір тұлпар болуы керек деген көзқарасты өзгертуіміз керек. Сондай-ақ, «Бәленнің көлігінің маркасы менікінен неге жоғары?» деген секілді автомобильді әл-ауқаттың көрсеткіші деп есептейтін қазақи-мещандық бақталастықтан арылуымыз қажет. Елбасы айтқандай, жанармайды көп жейтін алып көлік мінуді доғаруға тиіспіз.
Жаппай шайтан арбамен қозғалуға көшу керек деген пікірдің қылаң бергені бар еді. Сөйтсек, Астанада веложолдар қарастырылмаған екен. Қарастырылған күннің өзінде елорда тұрғындарының аяқ астынан велосипедке қона кетуі де екіталай. Яғни, әзірше көліктің бұл түріне салғырт қараудамыз. Төрт дөңгелекті ғана мүлік деп таныған санамыз екі дөңгелекті менсініп, санатқа қосар емес. Ал, егер велосипедке қатынас құралы ретінде ден қойсақ, біраз нәрсе оң шешімін табайын деп тұр. Жоқ дегенде, қаланың ауасы тазарып, көлік кептелісі азаяр еді, шет елден ағылып жатқан талай көлік таңсық болудан қалар ма еді? Жасына жетпей жүрек қан тамырлары кеселіне шалдыққандар мен аз қимыл-қозғалыстан дендеген семіздік азаяр мүмкін.
Шара БАТТАЛҒАЗИЕВА