ЖАПОН КЕЛІН

0 391

Өзге ұлттан қыз алып, қазақты жер-жаһанмен «мың жылдық» құда етіп отырған ұлдарымыз жеткілікті. Соның бірі – есімі елге танылған әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин. Сүндеттің шаңырағының түтінін түтетіп отырған сүйікті жұбайы Серина Сунагава – жапон қызы. Ерлі-зайыпты бұл екеуі К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында жұмыс істейді. Бірі – баритон әнші, бірі – балерина. Күн шығыс елінде туып, торғайлық жігіт үйінің табалдырығын аттаған биші келінмен танысудың жақында сәті түсті.

Окинавадағы мектепті аяқтасымен Санкт-Петербугтегі Ваганова атындағы орыс балет академиясына оқуға келді. Жанында бес жасынан балетке бірге қатысып жүрген тағы бір қыз бар. Ресейдің атақты академиясының студенті атанады. Екі жыл оқудан соң, әлгі құрбысы отанына қайтады. Ал, Серина бірден еліне бармай, Қазақстанды бетке алады.
Бойжеткеннің бұл таңдауына академияның көркемдік жетекшісі, жерлесіміз, әйгілі балерина Алтынай Асылмұратова ықпал еткен екен. Оқуын тәмамдаған шәкіртіне Қазақстанға бару жөнінде кеңес берген. Бізде кенже қалып жатқан өнерді өрге сүйреуге септігі тиер деген ниет қой. Мұнысымен «Әлемдік Жизель» атанған қазақ қызы өзі елден жырақта жүрсе де, отанына бүйрегі бұрып тұратынын көрсетті. Бастапқыда Ресейде қалып, үлкен театрлардың бірінен орын тапсам деген ниет болмады емес. Бірақ, ол мүмкін емес-ті… Кейіпкеріміздің айтуынша, әдетте өзге ұлтқа жылы қабақ танытпайтын елдің өз бишілері де жеткілікті.
– Академияда оқығанда бізге аты әлемге әйгілі Алтынай Асылмұратова сабақ берді. Төрткүл дүние өнеріне тәнті болған бекзада балеринадан тәлім алу – мен үшін бақыт. Актерлік шеберлікті көрсеткенде, бәріміз соған ұқсағымыз келетін. Еліктейтінбіз. Мінезі жұмсақ болғанымен, сахнада өте талапшыл адам. Сұлулығы өз алдына бөлек әңгіме. Мен басында оның қазақ екенін білмедім. Бірде, тобымыздағы бір қыз айтқанда, таңқалдым. Кейін Қазақстанға келгенде оның таза қазақтың қызы екенін естігенде көзім жетті. Міне, тағдырдың жазуы, сол Алтынайдың ықпалымен мен Қазақстанға келдім. Әуелде біршама уақыт жұмыс істеп, еліме ораламын ғой деп ойлағам. Бірақ, бұл елге келіп, менің ойым да, көзқарасым да өзгерді. Ә дегеннен қазақтардың қонақжай, бауырмал халық екені көрініп тұр. Ең бастысы, елдің бірлікке аса мән беретіні бірден байқалады, – деп балерина сегіз жыл бұрынғы кезді есіне алды.
Бастапқыда Алматыдағы Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрына келіп, сол жерде бір жыл жұмыс істеді. Елордалық К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының бас балетмейстері Тұрсынбек Нұрғалиевтің шақыруымен Астанаға келді. Жас маманға елорданың мәдениетін дамытып, елордалықтардың мәдени деңгейі мен классикалық өнерге деген талғамын арттыру қажеттігін айтты. Міне, жапондық арудың Арқаға келгеніне жеті жыл болыпты. Ал енді қазаққа қалай келін болғанына келсек…
Сүндет ол кезде Қазақ ұлттық музыка академиясында оқиды. Екі жас өздері жұмыс істейтін театрда танысыпты. Алғаш көргенде бірі сахнада билеп тұрса, енді бірі көрермендердің арасында отырыпты. Көп ұзамай танысып, арада алғашқыда әріптестік, одан соң достық қарым-қатынас орнайды. Арты махаббатқа ұласты. Екі жылдан соң екеуі отау тігіп, шаңырақ көтермекке шешім қабылдайды.
Алайда, бұл шешімді ата-аналарына қалай жеткізерлерін білмей қиналды. Өйткені, биші қызын әке-шешесі «уақытша жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап келсін» деп жіберген. Әрі мұнда арқа сүйер ешкімі жоқ. Қазақстанға алғаш келуі. Үйдегілер не дейді деген үрей билегені сондықтан. Мұндай толғаныс Сүндетте де болған. Арқалықта тұратын ата-анасы «қазақта қыз құрып қалды ма?» десе қайтпек? Не болса да, көнеміз деп тәуекелге бел буған жастар екі жаққа шешімдерін жеткізді. Ойлағандай-ақ, Окинавадағы жұрт әуелде қызын «ойлан, балам» деп елге қайтуға үгіттеп көрді. Бірақ, қыз райынан қайтпаған соң, екі жастың сезіміне кедергі болмай келісімін берді. Бауыр еті баласын жат жұрттыққа кім қисын? Оның үстіне бір қалада немесе бір елде болса, бір сәрі. Бұрын естіп, көрмеген Қазақстан болса… Жігіттің ата-анасы да баласының махаббатының баянды болуын тілеп, батасын берді. Өзге ұлттан екен деп ұлының сүйіктісіне қабақ шытпады. «Қызым» деп бауырына басты.
Сөйтіп, Серина ислам дінін қабылдап, Сүндет екеуі шариғат жолымен неке қидырды. Араға жыл салып жастар Жапонияға барып, күн шығыс елінің салт-дәстүрі бойынша тойын өткізді. Біздің ұл да қайын жұртына барғанда, жапондықтар өгейсінбеді.
Бүгінде баритон мен балеринаның шаңырағында Сәния есімді қыз өсіп келеді. Тілі енді шыға бастаған сәби бір емес, үш бірдей тілде – анасымен жапонша, әкесімен – қазақша, екеуіне де түсінікті болуы үшін орысша сөйлейтін көрінеді. Ата-анасы «қызымыз өскенде не әнші-балерина болады немесе билейтін әнші болады» деп қалжыңдайды.
Сенесіз бе, кішкентай қызымен бірге анасы да қазақ тілін үйреніп жатыр.
Қызына есім таңдаған сәтті Серина былайша есіне алды: «Екі жыл бұрын Сүндет Италияда оқуда болды. Менің ай-күнім жетіп төркінімде жатқанмын. Екеуіміз екі елде болғандықтан, скайп арқылы сөйлесеміз. Қызымызға «Сәния» деген есімді де сол ғаламтордың көмегімен таңдағанбыз. Мен Алма, Әсел сынды оннан астам атты жазамын, ол бір-бірлеп сызып тастайды. Сөйтіп, бірнеше күнге созылған іріктеуден соң, Сәния болсын деп шештік. Ал, қызымыз Окинавада дүниеге келіп, Астанаға үш айдан соң оралдық».
Биші келін қазақтың мәдениетін, салт-дәстүрін біртіндеп үйреніп жатыр. Жапонның ұлттық тағамымен қоса, қазақтың жұқа наны дастарханнан бір үзілмейді. Басқа тағамдары да солай. Бауырсақтың қамырын илеп, еттің нанын жайып үйрену үшін біраз «терлеуге» тура келгенін де жасырмады. Мәдениетке келсек, бірінші кезекте қазақтың биін ұнатады. Бүгінде ол әлемдік және қазақтың «Қыз Жібек», «Біржан-Сара», «Абай» сынды маңдайалды операларын санасына сіңіріп жүр.
– Қазақстанға алғаш келгенде 20 жаста едім. Қазір қарап отырсам, өмірімнің ең қызықты сәттері осы елде өтіп жатыр. Уақытша келіп, мәңгілікке қалдым десем болады. Бұл елде мен өнерімді шыңдап, өмірлік серігімді кездестірдім. Ислам дінін қабылдап, мұсылман болдым, ортамды таптым. Өзімді «осы елдің өз адамы» деп есептеймін. Әрине, менің бұл бақытым – елдегі бірлік пен ынтымақтың бір жемісі ғой. Әйтпесе, өзге ұлттың адамдарын өгейсінетін елдер жеткілікті ғой. Жапониядағы өз жұртым Қазақстанды, оның ішінде Астананы жақсы көреді. Әр келген сайын сән-салтанаты асқан қаланы аралап, өзгерістеріне таң қалып қайтады,– деді биші келін әңгіме соңында.

Айнұр ШОШАЕВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × three =