©2020 Астана Ақшамы
«Жап-жаңа жыл»
«Астана» телеарнасының алқалы әлеуметке мерекелік тартуы бар. Арнаның төл туындысы – «Жап-жаңа жыл» деп аталады. «ADAM Media Group» продюсерлігімен «Астана» арнасының бірлескен мерекелік мәзірі 31 желтоқсан күні көрерменге жол тартады.
Бұл – арна тарихындағы жаңажылдық кешке арналған алғашқы төлтума өнім. Отбасылық мерекелік бағдарламаға елдің елеулі тұлғалары қатысып, оларға тапқырлықты талап ететін сұрақтар қойылады.
Барша ел бұл бағдарламада сүйікті кино, өнер және спорт саңлақтарын көріп, олардың дүйім ел білмейтін қырын тамашаламақ. Белгілі адамның беймәлім қасиетін танып, білу кімге болсын қызықты емес пе?!
Әзірге белгілісі, биылғы жылдың халық алдындағы басты кейіпкерлері – Лондон төрінде атой салған Серік Сәпиев пен Ольга Рыпакова думанды кештің қонағы болып, мерекенің ажарын аша түспек. Олар өздерінің тапқырлығын ортаға салып сыналады. Сол сияқты Лондон олимпиадасында зіл темірді еркін еңсеріп, ел абыройын еселеген Илья Ильин де бар. Спорт әлемінде аты шыққан саңлақтар қонақ кәдеге өз өнерлерін тарту етпек екен. Көрермендер әлемдегі ең жас гроссмейстер – Жансая Әбдімәлікті де көріп, оның жүрекжарды тілегін тыңдай алады.
Биыл қазақ киносының қоржыны болмысы бөлек туындымен толыққаны баршамызға белгілі. Ол – Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» фильмі. Киноның басты кейіпкерлері – Асылхан Төлепов пен Аян Өтепбергенов. Қос актер бұл күні Оскар сыйлығын «иеленеді». Сондай-ақ, қоғамда біраз көзқарас тудырған «Шал» фильмінің актері, күні кеше ғана баспаналы болған Ербол Тоғызақов студия қонағы болмақ. Оның ақжарма тілегін естігісі келгендер төрт сағаттық бағдарламаны жіберіп алмауы керек. Мерекелік бағдарлама ән мен әзілсіз өтсін бе? Әрине, жоқ. Бағдарлама барысында әуезді әнімен әзілді кештің көркін келтіретін эстрада жұлдыздары да бой көрсетеді. Олардың қатарында «Жігіттер»тобы мен Карина Абдуллина, Қарагөз Тілеубекова, Алмас Кішкенбаев, Айқын Төлепбергенов сынды танымал әртістер бар.
Айнұр САНАБЕК