«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жаныңда жүрсе жақсы адам…

0 193

XX ғасырдың соңғы он жылдығы қарсаңы…Ұлы далада тарихи оқиға басталды. Елбасының батыл шешіміне куә болдық. Бұрынғы астана Ақмолаға бет түзеді. Қазақ көші қозғалды.

2003 жылы біз де отбасымызбен Астана қаласына қоныс аудардық. Ол кезде бұрынғы «Киров» кеңшарының орталығына Целиноград ауданы әкімшілігі орналасқан болатын. Үкімет қаулысына сәйкес осы кеңшардың бұрынғы жүгері егетін жері болған алқаптан көшіп келіп жатқандарға жер телімдері сатыла бастады. Он соттық жерге біз де ие болдық .
1998 жылы алғашқы төрт-бес үй қада қағыпты. Әркім өз хал-қадірінше құрылыстарын бастап жатыр. Сол жылдары өзінің айрықша белсенділігімен бір азамат көзге түсіп жүрді. Кейін көшелерде ілінген жарнамадан оның Астана қаласы мәслихатына депутаттыққа үміткер ретінде тіркелгенін де білдік. Бұл жігіт осы аудан әкімшілігінің «Көктал-2» кенті бойынша абаттандыру жұмысын басқаратын инспекторы Шәукен Смағұлов екен.
Кейбір жандардың қазақ айтқандай «тұзы жеңіл» адамдар үшін істеліп жатқан еңбектері еленіп, ерекшелене бермейді. Мұндай жандар, әдетте, кеуделерін соғудан аулақ.
Кейіннен «Көктал-2» кенті бойын түзеді. Тұрғындары «Біздің Көктал екінші Астана» деген сөзді шығара бастады.
Әрине, мақтаныш сезімінен шыққан. Иә, айтса айтқандай еді. Барлық көше асфальтталған. Көше шамдары жарқырап тұр. Ағаш отырғызылып жатыр. Үй-үйге ауыз су тартылған. Зәулім орта мектеп бой көтерген, қалалық телефон орнатылған. Расында да Астана қаласының шеткері аймағында «Көктал-2» кенті ерекше көзге түсетін. Астана қаласының шет аймақтарында көше жарығы жоқтың қасы, асфальт төселмеген. Көшелері батпақ. Ауыз суды тасып ішеді. Кезінде осыларды да көріп жүрдік.
Алғаш қазық қаққандардың ішінде Шәукен ініміздің отбасы бар екен. Осы азаматтың тіршілігіне көптен іштей риза болып жүретінмін. Қолға қалам алуыма бұл да себепші болды.
Шәукен Смағұлов – Қорғалжын ауданының тумасы. Орта білімді Целиноград қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 сол кездегі жалғыз қазақ орта мектебінде алған. Мектеп бітіргеннен кейін осы қаланың ауыл шаруашылық институтына түсіп, экономист мамандығы бойынша бітіріп шығады. Кеңес әскерінің қатарында борышын өтеген соң, өзінің туған жерінде, Қорғалжын ауданының «Қарашалғын» кеңшарында мамандығы бойынша қызмет атқарды. Кейін осы ауданның «Путь Ленина» кеңшарында бас есепші болды.
«Сарыарқа ауданының «Көктал – 2» кентінде инспектормын.Атқаратын шаруа шаш-етектен. Автобус қатынасы жоқ. Аты-жөні есімде қалмапты, №1 автопарк директорының кабинетінің есігін бірнеше рет қағуға тура келді. Нәтижесінде кенттің кіре берісіне №113 газель қатынайтын болды-ау деп» сол бір мазасыз кезеңді еске түсірді.
Көшелер тобықтан батпақ, не істеу керек? Аудан әкімі Николай Тихонюктің қолдауына ие болған Шәукен «Ақмола жолдары» мекемесінің басшысы Леонид Владиморовичтің мазасын алуына тура келді. «Тағы сенсің бе?» дейтін көрінеді жаңағы «дөкейің». Беттің арын шүберекке түюіне тура келген, әңгімесін естіп отырсаңыз. Көшені қыруға келген грейдердің кабинасында тракториспен бірге отырған кезі де аз болмапты.
Әрине, негізгі жұмыстарды атқаратын жаңағы аталған мекеме басшылары ғой. Өкінішке қарай, кей-кейде кешеуілдете береді. Содан кейін мазаларын алып, жүгіруім керек болады – деп ағынан жарылды азамат.
«Астана су арнасы» мекемесінің басшысы Жаңбыршы Нұркенов нағыз жан­ашырлық үлгісін көрсете білген. Ың-шыңсыз «Көктал-2» кентіне су құбырларын тартып береді.
Сол кездегі Астана қаласының мәслихаты депутаты Бауыржан Смайловтың «Көктал-2» кентінің көркейе түсуіне атқарған еңбегін атай кеткен жөн. Ол көшелерге асфальт төсеу ісіне қол ұшын берді.
Біз көшіп келген 2003 жылдары жел солтүстік батыстан соқса, кент үстінде бір жағымсыз иіс пайда болатын. Сөйтсе, бұл иіс іргеде бір кездері қоныстанған ет комбинатының қалдықтары көмілген қазаншұңқырдан шығатын көрінеді.Саны төрт-бесеу.Қала бойынша бұл үлкен шуға айналыпты. Қала әкімшілігіне арыз-хаттар жаңбырша жауған.«Сан­эпидемстанция, экологтар тыным таппай жұмыс істеді. Өзімізде де дамыл жоқ. Ақыры бір шешімін тапты-ау! 15 вагон әк толтырылды жаңағы қазаншұңқырларға. Үсті топырақпен жабылды» деп әңгімеледі қазіргі «Көктал -2» кентінің ардагерлер кеңесі бастаушы ұйымы төрағасы Смағұлов Шәукен Хамитұлы.
1999 жылы қалалық архитектура мекемесі жасаған «Көктал-2» кентінің сыз­ба-жобасының көшірмесін көріп отырмыз. Көше атауларын да орнықтыру керек. Шәкеңнің қолындағы сызба- жобадан өз тұрағымыздың орнын іздеп біз әлек. Кент тұрғындарының да пікірлері есепке алынды. Оған өзіміз де куәгерміз.
Осылайша Астана қаласы әкімінің қаулысы және қалалық мәслихаттың шешіміне сәйкес «Көктал-2» кентінің көше атаулары бекітілген болатын.
Мәселен, Сарыарқа ауданы әкімінің тұрғындарымен кездесуі қалыптасқан дәстүр бойынша жыл сайын «Көктал-1» кентіндегі Мәденеиет сарайында өтетін. Биыл бұл дәстүр бұзылды. Шәукен Хамитұлы мұрындық болып, аудан әкімі Арман Тұрлыбеков «Көктал-2» кенті тұрғындарымен жеке кездесу керектігіне көзін жеткізді. Сөйтіп тұңғыш рет №68 мектептің кең де сәулетті мәжіліс залында әкіммен кездесу өтті.
Материалдық тұрмысы тапшы жандарға аудан әкімшілігі тарапынан көрсетілген бір реттік көмекке қолдарын жеткізуге жәрдемші де бола білді. Тіпті, аты-жөнін айту ыңғайсыз болар, қолында кішкене немересінен басқа ешкімі жоқ, панасыз қалған кейуанаға өз қаражатымен де көмектескен екен.
Астана қаласы мәслихатының депутаты Тимур Оразақовпен қызмет барысында тығыз қарым-қатынаста болды. «Қарттар күні», «Айт мерекесі», «Ауыз­ашар» сияқты ізгілікті шараларды ерінбей-жалықпай ұйымдастырып жүрді.
Сөз реті келген соң айта кету жөн болар, қазіргі қалалық мәслихаты депутаты Зулфухар Гаиповпен де «Көктал-2» кенті тұрғындарының қарым-қатынасы жақсы. Бұл істе де ардагерлер кеңесінің төрағасы Ш. Смағұлов еңбегі көзге түседі.
Ерінбей,жалықпай деуімнің өзіндік сыры бар. Ардагерлер кеңесінің есеп беру, сайлау жиналыстарына қатынасып жүрдік. Он жылдан артық осы бастауыш ұйымын басқарып келе жатқан Шәукен мырза соңғы кезде өзінің шаршап жүргенін айтып, кеңеске басқа басшы тағайындауды өтінгеніне де куә болғанбыз. Кеңес мүшелері бір ауыздан Смағұлов­тың кандидатурасын ұсынып келеді. Бұл-қоғамдық жұмыс.Жалақы төленбейді…
Зейнеткер, бұрынғы мектеп директоры Серік Өтепов «Шәукен ақжарқын, адал азамат. Өз басым іскерлік қасиетін бағалаймын» дейді.
Сарыарқа аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Г.Ахметов «Ұйымдас­тыру қабілеті өте жоғары. Зейнеткерлерді тұрақты түрде есепке алып отырады. Қарттардың демалысын ұйымдастыра біледі. «Ардагер» төсбелгісімен марапатталды» деп атап өтті.
«Алда да үлкен жұмыстар күтіп тұр» деді әңгіме арасында Шәукен Хамитұлы. Шағын амбулатория ашу қажеттілігі де туып отыр. №5 емхананың бас дәрігері Табулдина Алтыншаш ханымға жолығыпты. «Қазпочтаның» филиалын ашу да қажет. Себебі, зейнеткерлердің басым бөлігі зейнетақыларын пошта арқылы алатын көрінеді. Кентте жекеменшік балабақшалар баршылық.Бірақ, бірде-бір мемлекеттік балабақша жоқ. Тұрғындарының саны он мыңнан асып жығылатын «Көктал-2» кентіне полицияның тірек бекеті ауадай қажет.
«Тәуелсіз елдің елордасы еңселі болу үшін, Сіз өрелі де игілікті істерді тындырып, өлшеусіз үлес қостыңыз. Қажырлы еңбегіңізбен бүкіл халықтың құрметіне бөленіп, кейінгі ұрпаққа үлгі болдыңыз» депті өзінің Ш.Хамитұлына жолдаған Алғыс хатында Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі Арман Алашұлы.
Көне Грек жерінде Диоген есімді ақылман өмір сүрген. Ол бірде, күндіз жарқыраған шам жағып алып, әлдебірдеңені іздегендей шаршы топтың ортасында жүріпті. Оның бұл қылығын оғаш көргендер әйгілі Диогеннен «Сізді де данышпан дейді-ау? Дені дұрыс адам, күн болса жарқырап тұр, одан бетер самала орнатамын деп тал түсте шам жағып жүрер ме ?» дейді.
Сонда Диоген:
– Жоқ іздеген кісі не істемейді? Адам…Адам іздеп жүрмін! десе керек.
Бәріміз де адам іздейміз. Адам болғанда, әрине, жақсы адамды. Шәукен мырза дәл сондай жан.

Тілеубек ЫСҚАҚОВ,
зейнеткер ұстаз,
ҚР халыққа білім беру
ісінің озық қызметкері

Астана, Көктал-2

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды