ЖАНЫҢДА ЖҮР ЖАҚСЫ АДАМ

0 4  362

sdsdfsdfs

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жібектей сусыған өмірде кейде жаныңда жүрген жайдары жандардың игі істерін де елемей жататынымыз рас. Отбасың – Отаның болса, қызмет орнымыз да біз үшін үлкен отбасы секілді. Сол отбасына тірек болып, сүттей ұйытып басқарып отырған директорымыз біз үшін екінші анамыз іспеттес. Қай әріптесін кездестірсе де, тоқтап тұрып амандығын сұрайтын колледжіміздің директоры Алма Әшірбекова – мақтауға тұратындай жандардың бірі. Отыз тоғыз жыл еңбек өтілінде елі үшін аянбай еңбек еткен ол шаңырақта асыл жар, аяулы ана, ардақты әже атанса, колледжде ұлағатты ұстаздардың бірі.

Талай шәкіртіне білім дарытқан ұлағатты ұстаз өзінің өнегелі ғұмырында мол асуларды алды. ҚазКСР оқу-ағарту озаты, «Білім берудегі құрметті оқытушы», Қазақстан Республикасы Білім академиясы ғалымдары мен педагогтарының қоғамдық бірлестігі шешімімен  «Жаңашыл педагог» атағының иегері атанып, Павлодар қаласының 110 жылдығына арналған «Сәтбаев оқуларынан», Қазақстан КВН одағынан және Білім басқармасынан Алғыс хаттар алған.

Алма Дайырқызы қарамағындағыларды жан-жақты білімдерін жетілдірсін деп, көптеген курстар мен тренингтерге жіберіп тұрады. Бұл – қазіргі заман талабы. Соған байланысты өзі де Плоцск-Ярославль қалаларында болып, «Заманауи білімді басқару тенденциясы» тақырыбы Халықаралық институтта «Мәдениаралық байланыстар» тақырыбы бойынша білімін кеңейтсе, «Келешек» психологиялық орталығында «Жасөспірімдерді суицидтен сақтандыру» мәселесін талқылап, «Worlddidac Astana-2013» халықаралық форумына қатысқан.

Айта берсек, жеткен жетістіктері мен сіңірген еңбегі қаншалықты көп болса да асқақтамай, «Биік таулар, биікпін деп шіренбе!» деген өлең жолындағыдай, үнемі қарапайым қалпын сақтаған, қашан көрсең жарқын жүзімен күлімдеп қарайтын, тек өз балаларының ғана емес, барша колледж ұстаздары мен студенттерінің екінші анасындай боп кеткен Алма Дайырқызы – осындай жан.

 Әсел ДАЛАБАЙҚЫЗЫ,

Еуразия гуманитарлық институты колледжінің оқытушысы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 − 1 =