«Жанұяның» тәжірибесі жан-жаққа тарайды

0 15

Облыс және қала әкімдерінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарлары Нұр-Сұлтан қаласының «Жанұя» институтын қолдау орталығының тәжірибесімен танысты.Қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен әріптестерін экскурсиялата жүріп, негізгі міндет барлық өңірлерде отбасы институтын дамытуды барынша қамтамасыз ету қажеттігін айрықша атап өтті. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сəйкес біз аймақтардағы әріптестеріміз үшін «Жанұя» институтын қолдау орталығы бо­йынша экскурсия өткіздік. Бұл экскурсия әріптестерімізді біздің орталықпен таныстыру және тәжірибе алмасу үшін өткізілді. Бүгінгі таңда барлық өңірлерде отбасы институтын дамытуды барынша қамтамасыз ету міндеті тұр және «Жанұя» тәжірибесін барлық өңірлерде тарату керек» деді Б.Мәкен. Оның айтуынша, орталыққа, негізінен, тұрғын үй, мемлекеттік бағдарламалар, АӘК мәселелері бойынша өтініш білдіретіндер көбірек келеді екен. «Әрбір мәселе бо­йынша кеңестер беріліп, тұрғындар жүгінетін мәселелерді шешу жолдары бар. Болашақта біз орталық филиалдарын қаланың әр ауданында ашуды жоспарлап отырмыз» деді қала әкімінің орынбасары.
«Жанұя» институтын қолдау орталығы – халыққа 70-ке жуық қызмет көрсететін функционалды орталық. «Мұнда өзекті мәселелер көтеріледі, тұрғындарға кеңес беріледі. Менің ойымша, мұндай орталықтарды басқа аймақтарда да құру қажет. Өйткені қазір АӘК алушылар көп, оларда көптеген сұрақтар туындайды. Мұндай орталықтардың көмегімен өтініш білдіргендердің сұрақтарына қажетті кеңестер мен нақты жауаптар бере отырып, әлеуметтік шиеленісті мәселелерді уағында шешуге мүмкіндік туады. Бізде әрбір облыстық, аудандық жұмыспен қамту орталығында кеңес береді, бірақ онда «Жанұямен» салыстырғанда қызмет аз көрсетіледі» деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.
«Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры Әйгерім Тәңірбергенованың айтуынша, үш ай ішінде орталыққа 6,3 мың адам жүгінген.
– Орталықтың басты мақсаты – отбасыларға психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік көмек көрсету. Біздің орталықта 70-ке жуық қызмет көрсетіледі, 60 қызметкер жұмыс істейді. Ашылған күннен бастап үш ай ішінде біздің орталыққа 6,3 мың адам жүгінді, 13 мың мәселе қаралды. Оның 3 мыңы шешілген. Бұл мәселелер – жұмысқа орналастыру, АӘК тағайындау, заңгерлік, психологиялық көмек көрсету. Бүгін біз аймақтардағы әріптестерімізді біздің орталықтың қызметімен таныстыр­дық, – деді ол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды